Қаржылық пирамидалардан сақ болыңыз! Соңғы уақытта елімізде қаржылық пирамида белгілері бар алаяқ ұйымдар көбейіп келеді. Олар азаматтарға «жоғары табыс», «жылдам пайда», «достарыңды тартсаң, ақша аласың» деген уәделермен сенімге кіріп, нәтижесінде көптеген адамдардың ақшасынан айырылып, зардап шегуіне себеп болуда. Қаржылық пирамида – бұл нақты өнім не қызмет көрсетпейтін, тек жаңа қатысушылардың ақшасы арқылы бұрын қосылғандарға төлем жүргізетін заңсыз жүйе. Мұндай ұйымдарда бастапқыда ақша айналымы белсенді болғанымен, жүйеге кеш қосылған адамдар көбіне ақшасын қайтара алмай, алданғанын кеш түсінеді. Алаяқ компанияларды тану үшін бірнеше белгілерге назар аудару қажет: олар қысқа мерзімде жоғары табыс уәде етеді, жаңа қатысушыларды тартсаң сыйақы береді, ресми лицензиясы болмайды немесе тіркеуі күмән тудырады, сондай-ақ нақты қызмет көрсетпей, қаржы қозғалысын құпия ұстайды. Осындай белгілер байқалған жағдайда, қаржыңызды салмас бұрын мұқият тексеріп, лицензиясын қарап, сенімді дереккөздерге жүгініп, қаржылық кеңес алу ұсынылады. Тым тез пайда әкелетін жобаларға сену қауіпті, себебі мұндай схемалардың арты жиі алаяқтықпен аяқталады. Егер сіз немесе таныстарыңыз осындай жағдайға тап болса, тез арада құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Nazira Gold» атауымен әрекет еткен күмәнді ұйымға қатысты Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Бұл жағдай азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырудың, әрі осындай алаяқ ұйымдардың әрекетіне қарсы дер кезінде әрекет етудің маңыздылығын көрсетеді. Сондықтан әр азамат өз қаражатына жауапкершілікпен қарап, заңсыз ұйымдардың арбауына түспеуге тиіс. Уәде етілген табысқа емес, нақты дәлел мен сенімді ақпаратқа сүйену – қаржылық қауіпсіздіктің басты кепілі.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/tfc0sSnPwzI?si=vv98dcj9ltA53M8i
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ