• 23 декабря, 2024 6:05 пп

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан азаматтық қоғам құрудың барлық алғышартын қалыптастырды. Мемлекетіміз азаматтық қоғам құрудың өзектілігін ұдайы назарда ұстап келді. Сөйтіп, Қазақстан тәуелсіздік алғанда нәбәрі 100-дей ғана үкіметтік емес ұйым тіркелген болса, қазір олардың саны 22 мыңға жетті. Негізі, кез келген қоғам үшін «үшінші сектор» аталатын үкіметтік емес ұйымдардың қызметі маңызды саналады. Өйткені үкіметтік емес ұйымдар азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі әрі мемлекет пен халықтың арасын байланыстырушы тетік саналады. Мемлекет бірқатар мәселені осы ұйымдардың көмегімен шешеді. Содан да болар, азаматтық қоғамды дамытуға айрықша назар аударды. Тіпті, Тәуелсіздік алған жылдардан бері «үшінші сектор» сенімді серігі болды деуге де негіз бар. Үкіметтік емес ұйымдарға сенім артып, олардың дамуына қолдау білдірді. Соның нәтижесінде Тұңғыш Президентіміздің көптеген бастамасы «үшінші сектордың» қызметінің арқасында толық жүзеге асты. Мемлекет те әлеуметтік тапсырыстар көлемін арттырды. Тек 15 жылдың ішінде, атап айтқанда 2003-2018 жылдар аралығында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру 65 есе өсіп, 20 млрд теңгеге жеткен. Мұны «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Серіктестік. Сенім» тақырыбында өткен VIII азаматтық форумның жалпы отырысында айтылған болатын. Тіпті, елімізде азаматтық форумдар ұйымдастыру бастамасы да көтеріліп, мұндай жиын алғаш рет 2003 жылы өткен-ді. Демек, Қазақстанды дамытуға ықпал ететін барлық тетікті қарастырып, азаматтық бастамалардың қоғамда лайықты орнын табуына ықпал етті. «Қазірде Қазақстан, басқа елдермен салыстырғанда, бір мезгілде демократияның, азаматтық қоғамның және мемлекеттің негізін қалап жатыр. Ал өзге елдерде демократия дамыған азаматтық қоғамның негізінде қалыптасқан болатын. Бұл жолда үкіметтік емес ұйымдардың атқарып жатқан еңбегі ерекше, олар елдің саяси мәдениетін көтеруге, либерал құндылықтар мен демократияны дамытуға көп еңбек сіңіріп жүр» деп атап өткен еді алғашқы форумда. Ал азаматтық қоғам өкілдері бастамаларын ұдайы қолдап келеді. «Азаматтық форумдар өзінің жеке еңбегімен, ел дамуының маңызды міндеттерін шешетін бастамаларымен қазақстандықтардың жалпыұлттық қозғалысын қалыптастырды. Азаматтық қоғамның рөлін арттыру – 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» ұлт жоспарының маңызды мақсаттарының бірі» деген «үшінші сектордың» рөліне баға берген болатын. Уақыт сынында шыңдалған институт Жалпы, Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуын бірнеше кезеңге бөліп қарастырған дұрыс. Алғашқы кезең 1995 жылға дейінгі уақыт. Ол кезде елімізде мемлекеттік емес сектор қалыптасудың бастапқы кезеңін өткізді. Одан соң 2003 жыға қарай үкіметтік емес ұйымдар қалыптасып, белсенділік таныта бастады. Сол жылдары шетелдік гранттар арқылы дамуды көздеген ұйымдардың қарасы мол еді. Кейін, дәлірек айтқанда 2003 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықта қоғамдық ұйымдар толық қалыптасу деңгейіне жетті. Осы жылдарда мемлекеттік «үшінші секторды» қолдауы да еселеп артты. Үкіметтік емес ұйымдардың қызмет бағыты да кеңейді. Мемлекет пен қоғамдық ұйымдардың арасындағы байланыстар жүйеленіп, өз жемісін берді. Арнайы бағдарламалар қабылданды. Мәселен, Қазақстан Президентінің 2006 жылғы 25 шілдедегі №154 Жарлығымен «Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданған еді. Дегенмен Қазақстанда азаматтық секторды қалыптастыруда әлеуметтік бағыттағы ұйымдар белсенді әрекет етті. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау, әйелдер мен бала құқын қорғау, құқықтық немесе ақпараттық сауатты арттыру, шетелден келген қандастарды бейімду сынды сан түрлі бағытта жұмыс жүргізілді. Мұны үшінші сектор өкілдері де қолдап отыр. «Үміт» қоғамдық қорының директоры Аманбике Ерғалиеваның сөзіне қарағанда, осы жылдар ішінде «үшінші сектор» табысты жұмыс істеп келеді. Мемлекеттің қолдауы да молая түсуде. «Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдардағы үкіметтік емес ұйымдардың дамуы сөз жоқ, көңілімізден шығады. Құдайға шүкір, біз «үшінші секторда» табысты жұмыс істеп жатырмыз. Тікелей бас-көз болуының арқасында мемлекет те ұдайы көмектесіп келді. Қазір де бұл қолдау жалғасып жатыр. Әрбір үкіметтік емес ұйымның өзіндік бағыт-бағдары бар. Біздің қор да қатардан қалған жоқ. Біз қандай мәселе көтерсек те, атап айтқанда мүгедектердің құқы, оларды қолдау сияқты дүниелерді алға тартсақ, Үкімет оларды әрқашан шешіп келеді. Сонымен бірге мұндай ұйымдар алғаш құрылған кездермен салыстырғанда қазір көп өзгеріс бар. Технология жетістіктерін де пайдаланып келеміз. Мәселен, біз қордың мекенжайын ауыстырар кезде өтінішті кеңсемізден шықпай-ақ электронды түрде бердік. Ол қабылданды. Бір сөзбен айтқанда, осы жылдар ішінде «үшінші сектор» қарыштап дамыды. Ал қоғамның мұндай ұйымдар қызметіне көзқарасы жайлы сөз етер болсақ, өзімізге қатыстысын ғана айтайық, біздің ұйымның бағыты саналатын құлағы естімейтін азаматтармен жұмысқа олардың туыстары дән риза. Олар бізден қажет кезінде көмек алып, ұдайы байланыс орнатып жатады. Ал демеушілерге келетін болсақ, ол жағынан әлі де азды-көпті олқылықтар кездеседі. Сонымен бірге жұмыс берушілердің ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жұмысқа қабылдауы мәселесінде кенжелеп қалған тұстар бар. Бірақ уақыт өте келе бәрі реттелер деген пікірдемін», – дейді Аманбике Ерғалиева. Ал «Ұлт тағдыры» қоғамдық қорының төрағасы Дос Көшім болса азаматтық қоғам тек үкіметтік емес ұйымдардан құралмайтынын, бірақ қоғамдық ұйымдар мұндай қоғамды қалыптастыруда шешуші рөл атқаратынын айтады. Әрі Тәуелсіздік жылдарына азаматтық қоғамды қалыптастыруда айтарлықтай жетістіктер болғанын атап өтті. «Азаматтық қоғам Қазақстанда баяу дамып келеді. Бірақ азаматтардың белгілі бір мақсат-мүдде жолында топтасуы жақсы деңгейде. Тіпті, қаталеспесем, 1991 жылы «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заң қабылданды. Бұл заң сол кездерде қабылданған сапалы құықтық құжаттардың бірі еді. Жалпы, Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдар қызметіне назар аударсаңыз, Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда, әсіресе әлеуметтік бағыттағы ұйымдар өте жақсы дамыды. Бүгінде түрлі әлеуметтік топтың мүддесі қорғайтын үкіметтік емес ұйымдар табысты жұмыс істеп келеді. Ал демократиялық процестерді жетілдіруге бағытталған ұйымдардың жұмысына қатысты олай айта алмас едім. Сонымен бірге қазақтілді үкіметтік емес ұйымдардың білігі мен дамуы әлі де көңіл көншітпейді», – дейді Дос Көшім. Әрине, дамыған елдер жүздеген жылда әрең қол жеткізген жетістіктер Қазақстанда отыз жыл ішінде мінсіз деңгейде орныға қалмағаны анық. Себебі азаматтық қоғам дегеннің өзі ұдайы жетіліп отыруды қажет етеді. Сондықтан заман талабы мен түрлі сын-қатер көбейген сайын «үшінші сектордың» фунциясы да құбыла бермек. Оған соңғы жылдардағы оқиғалар нақты дәлел. Айталық, былтыр коронавирус пандемиясы басталған кезде еріктілердің еңбегі ерен болды. Қазақстанда жастар және волонтерлер жылы белгіленіп, жастардың қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуына ықпал ететін іс-шаралар ұйымдастырылды. Сөйтіп, қоғамда қайырымдылық жасау тренді қалыптасып келеді. Волонтерлер ұйымдары кей жағдайда тұтас құрылымдар орындай алмайтын міндеттерді сәтті атқарды. Ал 2019 жылдан бастап қоғамды демократияландыру үрдісі жүріп жатыр. Бұл сарапшы Дос Көшім айтқан олқылықтардың орнын толтырары сөзсіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да азаматтық қоғамның жетіле түсуіне, бұқараның қоғамдық-саяси белсенділігінің артуына ықпал етеді. Өйткені бұл тетіктер мемлекет пен халықтың арасындағы диалогті нығайтып келеді. Одан бөлек, «Қазақстан Республикасында 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамытудың тұжырымдамасы» дайындалып жатыр. Қысқасы, Қазақстан азаттық алғаннан бергі жылдар ішінде азаматтық қоғам институттары қызметін дамытудың заңнамалық базасы да әзірленіп, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына түрлі мүмкіндік жасалды. Кәсіподақтар, қоғамдық кеңестер, қорлар мен бірлестіктер, мемлекеттік әлеуеттік тапсырыстар мен гранттар бөлу, бейбіт шерулер өткізу және басқа да мәселелерге қатысты заңнаманың жетілдірілуі сөзімізге айқын дәлел. Демек салмақты саясат Қазақстанда өзіндік сипаты бар азаматтық қоғам қалыптастыруға бастап келе жатыр.

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin