• 23 ноября, 2024 1:19 пп

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ: қоғамдағы өзгерістер дәстүрлі құндылық!

Автор:admin

Июл 10, 2023

Күлшат Мәуленова, Түркістан облысы, Сарыағаш аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы «Әжелер алқасының» төрайымы: «Әжелер бүгінде тек отбасының емес, әулеттің, ауылдың ақылшысы болып жүр»

Қазақы отбасының құндылығы- ұрпақтар байланысын реттеп, сабақтастығының үзілмеуіне қызмет ететіндігінде. Ата-әже, әке-шеше, аға- іні отбасының қайсыбір мүшесі болмасын бәрінің өз орны, міндеті бар. Бәрі қадірлі, құрметті. Егер осы міндеттер өзгереді екен, отбасында түсінбеушіліктер орын алады, сыйластықтың іргесі сөгіледі. Қазақ халқы сонау есте жоқ ескі заманнан өзінің қадір-қасиеттерін қызғыштай қорғап, көздің қарашығындай сақтап, бұған шаң жуытпай, өз ұрпағын ауыздандырып келген ел. Дана халқымыз тіпті осы отбасы мүшелерінің дастархан басындағы орнына, сөйлейтін сөзіне дейін тәртіпке келтіріп қойған. Бұл дастархан басындағы мәдениетті көрсетеді. Отбасында осының бәрін бағып, тәртіпке сызат түсіп толқып бара жатса, басып ретке келтіріп отыратын бір тұлға бар. Ол-Әже. Оның міндеті көп. Ұрпағының тәрбиесі, отбасының берекесі, үлкен әулеттің сыйластығы…Егер санамалай берсек саусағымыз жетпейді. Осының бәрін ол үндемей, сабырмен, отбасы мүшелеріне деген үлкен сүйіспеншілікпен атқарады. Сондықтан да қадірлі.  Ата-әженің бауырында өскен баланың болмысы бөлектеу болады. Ол жанашыр, естияр. Қазіргі  жастарымыздың мен ата-әжемнің бауырында өскенмін деп мақтанышпен айтатыны ұрпақтар арасындағы осы сабақтастықтың үзілмей келе жатқандығының дәлелі болса керек.

Қоғамдағы өзгерістер дәстүрлі отбасы құндылықтарына да әсер етті. Атаның аталмай, әженің елеусіз қалған кездері де болды. Осы тұста оңтүстікте жаңа бір бастама көтерілді. Өңірдегі Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловтың қолдауы, белгілі журналист Үрзада Айтөрееваның бастамасымен осыдан 10 жыл бұрын аудан, ауыл-ауылдарда ӘЖЕЛЕР АЛҚАСЫ құрылды. Үйде отырып қалған, өмірлік тәжірибесі көп әжелер елдің алдына шығып, қоғамның тәрбиесіне алаңдап, белсенді жұмыс істей бастады. Әр әженің өнегелі ісі өзгеге үлгі болып ӘЖЕ төрге шықты, тұлғаланып қоғамда орнын айқындады. Қыз-келіншек пен аналардың, әйелдерден Әжелердің жөні бөлек екенін көрсетті.  Сондай байсалды, байыпты, биязы әжелердің бірі  Күлшат Жұманқызы Мәуленова. Сарыағаш ауданы Ардагерлер кеңесі жанындағы Әжелер Алқасының төрайымы.

 

-Күлшат апай, қазақтың әжесінің үлгі көрсетуден басқа міндеті жоқ сияқты. Ренжіп қалатын жас емес, еркелей салатын қыз емес, әйелдігін істеді ғой деп кешіре салатын өмірлік тәжірибесі толыса қоймаған ана емес. Әже болу, бір ауданның әжесі болу өміріңізге қандай өзгерістер әкелді?

 

-Ауданның Әжелер алқасына келгелі бері жаулығымды басымнан тастаған емеспін. Бұрындары тойға барғанда жалаңбас, шашты түзетіп баратын әдетіміз болатын. Соны тыйдым. Отағасы да, үйдегі ұл қызым да «Сіз енді әже болдыңыз, басқа жұрт Сізге қарайды, әженің жаулықсыз жүргені жараспайды, деді.

Саналы ғұмырыңызды бала тәрбиесіне арнадыңыз, енді әжелермен жұмыс істеп жүрсіз. Қайсысы қиын немесе оңай?

— Ұрпақ тәрбиесімен айналысатын мұғалімді қоғам тәрбиешісі десек артық айтпайтын шығармыз. Әжелер алқасында да осы — тәрбие жұмысы. Мектепте балалармен болса, мұнда әжелермен тәрбие жұмысын өткіземіз. Солармен бірге мектепке, колледждерге барамыз, білгенімізді айтамыз. Бұрын мектепте жұмыс істеген кезімізде кірсек те, шықсақ та баланы айтатынбыз. Сөйтіп жүріп Сарыағаш қаласынан өзге жақты дұрыс білмеген де екенмін. Қазір ауданға қарасты ауыл округтерін, елді мекендерді түгел аралап, көпшілікпен тіл табысып, қоян-қолтық араласып жүрмін.

Ал, жұмыстың қиындығы, оңайлығына келсек, егер жақсы көріп, ынта-шынтыңмен атқаратын болсаң, барлық жұмыс жақсы сезім сыйлайды. Екеуі де жақсы. Балалар әр үйдің еркесі болса, әжелелер дегеніміз бір-бір үйдің биі. Әжелердің ыңғайына көбірек қарайсың, үйренерің де көп. Қазір ауданның әжелері ғана емес, бүкіл Түркістан облысының әжелері бір-бірімізге тілеулес, қамқор болып жүріп жатырмыз. Семинарлар өткіземіз, тәжірибе алмасамыз.

— Әжелер алқасы төрайымы- қоғамдық жұмыс. Оған қалай келіп жүрсіз?

-2011 жылы мектептен зейнеткерлікке шықтым. Одан кейін тағы екі жыл жұмыс істедім. Мектепте жүріп Әжелер алқасының жұмысына араласа бастадым. Түрлі кездесулерге қатыстық. Сол арқылы алқаның жұмыс бағытын, әжелердің тұлғасын тани бастадым. Осы аудандық Әжелер алқасына басшы болсаңыз дегн ұсыныс түсіп, жолдасыммен ақылдастым. Қоғамдық жұмыс болғандықтан жалақы төленбейді. Атқаратын жұмысы көп, ертең үйде отырмай кеттің деп ренжісең бармай-ақ қояйын дедім. Отағасы көп ойланбай келісімін берді. Үйде отырып қаласың ғой, одан да көппен бірге жүргенің жақсы деді. Сол бойы әжелелер алқасының жұмысына кірісіп кеттім ғой.

— Жалпы әжелер алқасы керек құрылым ба?

— Әрине, керек. Өйткені әже отбасының жылуын сақтаушы ғой. Немересін еркелете отырып, жақсылыққа жетуіне жағдай жасайды. Тілеулестігін білдіреді. Әжелер бүгінде тек отбасының емес, әулеттің, ауылдың ақылшысы болып жүр. Бұл әжелер отбасы ғана емес, қоғам тәрбиесіне, ұлт тәрбиесіне араласып жатыр деген сөз. Әже — отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын- абысындардың бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі.

— Қызды қырық үйден тыю қазір қажетпе, өзекті ме?

— Өзекті. Заман да өзгерді, киім де өзгерді, құндылықтар да өзгерді қазір. Сондықтан да қырық үйден тиым жасау бұрынғысынан да өзекті бола түсті деп ойлаймын. Қатты, қатқыл айтуға болмайды әрине. Қыздардың өзін тыңдай отырып, ырым-тыйым туралы айту керек. Қазір қыздарымыз ақылды, білімді. Тілін тапсаң, тәрбиеге көнеді.

— Ұстаз ретінде, әже ретінде сізді не толғандырады?

— Білім мәселесі ойландырады. Ұрпаққа білім беруде жауапкершілік қажет. Ол ұстазға да, ата-анаға да байланысты. Жасыратыны жоқ, бүгінде ата-аналар мектепке, мұғалімге байланысты жиі шағым айтып жатады. Бұрындары ондай емес-ті. Менім ойымша сол ата-аналардың өзіне тәрбие керек сияқты. Бүгінде күйбең тірлікпен балаларына уақыт таппайтын  аналардың да барын естіп, біліп жүрміз. Өз анасы уақыт таппаған соң балалар  жылулықты басқа жақтан іздейді.  Осы туралы тереңірек ойлану керек. Әжелер алқасының мүшелері мектепке кездесуге барғанда қыздармен ашық сөйлесіп, не айтқылары келеді, асықпай тыңдаймыз.

Сонан соң кішілердің ізетінің азаюы, қоршаған ортаның тазалығына деген жанашырлықтың  аздығына алаңдаймын. Жас келіншектер бейәдеп сөзді көп айтатын болып барады, әсіресе базарда көп естимін. Келіндер ер азаматтың алдын кесе көлденең кесіп өте беретін болды. Бұрын бірінші еркекке жол беретін, екінші жүкті әйелге жол беретін. Ондағысы аяғы ауыр әйелдің ішінде алтын асықты ұл жатуы да мүмкін деген түсінік болған. Бүгінде айтушы көп, тыңдаушы аз. Бұл жақсы емес.

 

“Қарызсыз қоғам” құрамыз

Бүгінгі таңда  қаржылық сауаттылықты қалыптастыру өте өзекті мәселелердің бірі. Банктен алған несиелерге өмір сүру дағдыға айналып барады. Несие алу бір бөлек әңгіме болса, сол несиеден құтылу қордаланғанпроблемаға айналды. Мемлекет жеке тұлғалардың банкроттығын жариялай бастады. Азаматтардың қарыздың ұйығына батуының бір себебі қаржы сауаттылығының қалыптаспауынан болып отыр. Осыны ескерген «Аманат» партиясы жер-жерде қаржылық сауаттандыру семинарларын өткізуді бастады.

Осындай оқуды Түркістан облысы Сауран ауданында «AMANAT» партиясы, Halyk bank-пен  бірге бастады.

Пилоттық жоба аясындағы оқыту семинары Сауран ауданы Оранғай ауылдық округінде өтті. Жобаға 100-ге жуық ауыл тұрғыны қатысты.

Мақсаты анық жоба қаржылық сауаттылықты арттырып, азаматтарға өз қаражатын тиімді басқаруды үйретпекші. Сондай-ақ, қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын және алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау қажет екендігінен де хабардар етеді.

Оқу семинарына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалима Жантөреқызы, жоба сарапшысы Жандос Әзімбай, аудандық партия филиалының төрағасы Сағынбек Жақсыбекұлы және бірқатар БАҚ өкілдері қатысты.

Қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру бойынша тегін курсты жоба сарапшысы Жандос Әзімбай жүргізді.

—   Бүгінде 6,3 миллионға жуық қазақстандықтың банктік несиелері өтелмеген. Сонымен қатар 1,2 миллион қазақстандық микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Бұл азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына әсер етеді. Қолжетімді несиелер, қаржы ұйымдарының жоғары пайыздық мөлшерлемелері, ең бастысы, қаржылық сауаттылықтың төмендігі – жыл сайын халықтың қарызының өсуін арттырады.

Халықтың қарыз ауыртпалық мәселесі жүйелі шешімді қажет етеді. Қазіргі уақытта 1 миллионнан астам адам кем дегенде бір несиесін кешіктіріп отыр.

Оқыту курсының негізгі мақсаты – елімізде болашақта ел экономикасын қалыптастыратын халықтың, жас ұрпақтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған қаржылық білім беру жүйесін құру, — деді Жандос Әзімбай.

Курсқа қатысуға ниет білдіріп келген ауыл тұрғындары айтылған мәселелермен толық танысып, қаражатты қалай жұмсау туралы ақпарат алды.

Мамырда басталған бұл сауаттандыру семинарлары жыл соңына дейін жалғасын табатын болады. Бүгінде еліміздің 8 өңірінде тегін курс оқулары ұйымдастырылып отыр. Ал, Сауран ауданындағы тұрғындарды оқыту 3 топқа бөлу арқылы, 5 күн бойында жалғасады.

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin