• 27 ноября, 2024 2:32 пп

АҒАРТУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТ – САНАЛЫ, САЛАУАТТЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ҰЛАҒАТТЫ ЖОЛЫ

Автор:admin

Мар 29, 2024

 

Кез келген халықтың ұлттық коды – оның тілі мен салт дәстүрі. Сондықтан да тіліміздің қолдану аясын кеңейтіп, оның тазалығы мен мәдениетін сақтай білу мемлекеттік саясаттың басты бағытының бірі болып қала береді.

Жайық жағасында өткен үшінші құрылтай отырысында кеңінен қозғалған мәселенің бірі осы болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тілге қатысты бұл үрдісті одан әрі дамытудың тиімді және төте жолы ағартушылық деп санайтынын мәлімдеді. Кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі артып келе жатқанын және баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударуға көшкенін де тілге тиек етті. Мұнымен қатар, кітапхана ісін өркендетуге бейжай қарауға болмайтынын атап өтіп, көп ұзамай Астана мен Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар бой көтеретінін жеткізді. Демек, рухани орталық саналатын кітапхана қызметінің жандана түсуі жастардың білімге, жаңалыққа, әдебиет пен тарихты білеуге деген ынтасы мен ықыласын арттыра түсері хақ. Ағартушылық қызмет – саналы, салауатты ұрпақ тәрбиелеудің ұлағатты жолы.

Халқымыздың мәдени мұраларын танып, зерделеуге тамыр тартатын төл тарихымыз екені белгілі. Сондықтан оны дәріптеуіміз керек. Президенттің құрылтайда айтқан пікіріне сүйенсек, Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Азияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған. Алты ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал еткен Жошы әулеті ұлан асыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылғаны тарихтан мәлім. Ол мемлекет басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Бұл тұрғыда оны Рим империясымен қатарластыра қоюға да болатынын атап айтты Президент.

«Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толып отыр, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші құрылтайдың осы мерейлі тарихпен тұстас келгенін жеткізіп. — Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек.

Президент осы орайда Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүйелі жүріп жатқанын айтты. Бұл іске ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман атсалысып жатыр екен. Аталған еңбектің бір томы Жошы ұлысына арналатыны да айтылды.

Ұлан ғайыр жерімізді алғыр ақыл, терең парасатпен, білікті басшылықпен қорғап, жеріміздің тұтастығы мен еліміздің бүтіндігі жолында жасампаз жолдан өткен ата-баба тарихын келешек ұрпаққа жеткізу бүгіннің басты парызы болуы керек. Құрылтайдағы құнды әңгіменің бірі осы болды.

Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері

Автор: admin