• 26 ноября, 2024 3:22 пп

А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

Автор:admin

Сен 2, 2022

Ахмет Байтұрсынұлы –қазақ әліпбиінің алғашқы авторы. Ол «Тіл – құрал», «Оқу құралы», «Тіл жұмсар», «Баяншы» іспетті еңбектер мен түрлі хрестоматияларды жазған. Әдістемелік бұл құралдар әлі күнге дейін қазақ тілі білімі мен тіл оқыту әдістемесі саласындағы ғалымдардың қолданысына ие.

Шығармашылық жолын Ахмет Байтұрсынұлы мысал жазудан бастады. Оның өлеңдері қазақ халқының мүддесі мен үмітінен сыр шертіп, білім мен мәдениетті насихаттады. «Қырық мысал» (1909), «Маса» (1911) шығармаларында қараңғылық, енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерден арылуға шақырды.

Қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері – Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйектe қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы,ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі. Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектердің бірі. Мақалада ұлы ақын Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысы, өлеңдерінің ұлттық сөз өнеріндегі маңызы, көркемдік-эстетик. сипаты баяндалды. Ол Абай өлеңдерінің даралығын, «сөзі аз, мағынасы көп, тереңдігін», сыншылдығын ұғындырды. Байтұрсыновтың Абайдың ақындық шеберлігі, поэзияға деген көзқарасы туралы ғылыми тұжырымдары қазақ әдебиеттану ғылымында жалғасын тапты. Шымкентте қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен Алаштың арда ұлы – А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында «Салт-дәстүрдің саңылағы һәм ұлт ұстазы» атты жас ақындар айтысы өтті.

Жыр додасына Шымкент қаласы мен Түркістан облысы және Нұр-Сұлтан қаласынан келген 10 айтыскер ақын қатысты.

Ақындардың өнеріне ҚР Мәдениет қайраткері Бекарыс Шойбеков, ақын, «Парасат» орденінің иегері Ханбибі Есенқарақызы және филология ғылымдарының кандидаты Мамыт Амангелді Алтыбайұлы қазылық етті.

Айтыста сахнаға көтерілген 5 жұп  ұлы ұстаздың ұлт руханиятындағы орнын жырларына  арқау етіп, шешен тілдің шеберлігін көрсетті.

Нәтижесінде І орынды шымкенттік бала ақын Аллажар Сапархан қанжығасына байласа, ІІ орынды Сарыағаш ауданынан келген Елсияр Құлахмет еншіледі. Жүлделі ІІІ орынды Отырар ауданының ақыны Баянбай Ахметрасул иеленді. А.Байтұрсынов атындағы арнайы жүлде Нұр-Сұлтаннан келген Аян Ниязбектің қанжығасына байланды. Айтысқа қатысқан барлық жас ақынға арнайы сыйлықтар мен алғыс хат табысталды.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin