• 22 ноября, 2024 1:38 пп

Елімізде 4 мыңнан астам жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар арнайы орталықтарда тәрбиеленіп жатыр. Елімізде жетім балалар үйі деген ұғым жоқ

«Birgemiz: sabaqtastyq» жобасын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының көмегімен «QOLDAU» білім беру ұйымдарының қамқоршылық кеңесі» қоғамдық бірлестігі жүзеге асырып жатыр. Аталған қоғамдық бірлестік төрайымы Фарида Сағындық балалар үйіне қатысты мемлекет саясаты өзгергенін айтты.

Мен бұл орталықтың қамқоршылық кеңесінің төрайымы болып тағайындалған кезде бұл жер орталық деп аталмайтын, балалар үйі болатын. Мұнда ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар тұрақты негізде өмір сүретін. Кейіннен мемлекет саясаты өзгерді. Қазақстанда жетім балалар үйі деген ұғым жойылып, осы жүйе толықтай трансформацияланып жатыр. Қазір олар ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға білім беру орталықтары деп аталады, — деді ол.

Қоғамдық бірлестік төрайымының айтуынша, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға білім беру орталықтарының бүгінде бес типі бар және республика бойынша 80 сондай орталық жұмыс істейді. Заңнама бойынша онда 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді.

Мемлекет саясаты балаларды отбасы формасындағы нысандарға беруді көздейді. Орталықтардың ішінде отбасылық типтегі балалар ауылдары бар. Онда аналар бар, кей жерде әкелер де бар. Балалар отбасы формасындағы ортада өмір сүреді. Сондай-ақ осы сияқты өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларды қолдау орталықтары бар. Бұл жерде балалардың кейбірі тұрақты түрде, кейбірі уақытша өмір сүреді, — деді Фарида Сағындық.

Ата-анасы баланы ұрған уақытта, нашақорлыққа немесе ішкілікке салынған жағдайда, материалдық тұрғыдан немесе денсаулығы жағынан қиындыққа тап болғанда балалар осындай орталыққа уақытша түседі.

Тәлімгер балаға уақытын бөліп-ақ көмектеседі

Фарида Сағындық бастаған қамқоршылық кеңес ата-ана қамқорлығынсыз қалған, өмірдің қиын жағдайына тап болған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша қоғамдық бақылау жүргізеді, балалардың дамуы мен әлеуметтенуіне ықпал етеді. Сондай-ақ «Birgemiz: sabaqtastyq» жобасы аясында тәлімгерлік институт енгізіп жатыр.

Тәлімгерліктің ең басты мақсаты балаға қымбат сыйлықтар әперу, ақша беру емес, эмоционалдық буфер жасау. Яғни бала сізге сенім арта алуы керек, бұл жалғанда жалғыз емес екенін сезінуі маңызды. Бала қиын өмір жағдайына тап болса, оның қасында ересек адам барын, кез келген уақытта оған жүгіне алатынын, белгілі бір сұрақтарын қойып, кеңес сұрай алатынын білуі тиіс. Тәлімгер бұл жерде меценат, спонсор емес. Ол уақытын бөліп-ақ балаға көмектесе алатынын түсінеді, — деді Фарида Сағындық.

 

Оның айтуынша, кез келген ересек немесе студент тәлімгерлерді дайындайтын арнайы оқытудан өтіп, сертификат алып, құжат тапсырған соң жобаға тәлімгер ретінде қатыса алады.

«Мен тәлімгер боламын» деген ішкі ниеті болып, өз уақытын бөлуі керек. Ол баланы әлеуметтендіруге 1-2 ай көлемінде емес, ұзақ мерзімге, тұрақты негізде үлес қосамын деген ойда болуы қажет. Өйткені бала сенім артып, байланыста болса, ал ересек адам кетіп қалса, ол балаға үлкен травма болады. Сондықтан тәлімгерлікке саналы түрде, шын ниетпен келу керек, — дейді қамқоршылық кеңес төрайымы.

Тәлімгерліктің екі түрі бар: жеке және корпоративті тәлімгер. Жеке тәлімгер тек бір баламен жұмыс істесе, корпоративті тәлімгер олардың тобымен жұмыс істейді. Мысалы, корпоративті тәлімгер жақсы тігінші болса, бір топ қызды жинап, оларға тігінді үйрете алады.

Мысалы, Фарида Сағындық – ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға білім беру орталықтарының қамқоршылық кеңесінің төрайымы ғана емес, корпоративті тәлімгері. Ол балалар колледжге кетсе де байланыста болатынын айтты.

Қарапайым мысал, біздің жоба аясында Анна деген қыз колледжге түскен болатын. Мен оның тәлімгерімін. Ол бір күні «Неліктен маған тамақ үшін 17 мың теңге, ал қасымдағы қызға 43 мың теңге түседі?» деп сұрап жазды. Мен «неге екенін анықтайын» дедім. Хабарластым, білдім. Нәтижесінде, оны директор шақырып, «Сізге 43 мың теңге төленуі керек. Біз сізге екі айда алмаған ақшаңызды қайтарамыз» деген, қайтарды да. Бұл жағдайда балада тәлімгер болмаса, кімге жүгінетін еді? Біз оларға әпке-ағалары сияқты көмектесеміз, – деді ол.

Айта кетейік, тәлімгер немесе волонтер болуға ниетті жандар осы парақша арқылысұрақ қойып, өтініш білдіріп, өзін қызықтырған ақпаратты біле алады.

 

«Олар көңіл бөлуге ерекше мұқтаж»

«QOLDAU» білім беру ұйымдарының қамқоршылық кеңесі біртіндеп тәлімгерлер мен волонтерлардың базасы құрылып жатқанын айтады. Волонтерлардың ішінде Астана халықаралық университетіндегі «Үміт шырағы» қайырымдылық клубының мүшелері де бар. Яғни болашақ педагогтар балаларға үй жұмысын орындауға көмектесіп, білімімен бөлісіп жүр.

Біздің университеттегі кейбір студенттер осы жаққа келіп, өзінің мамандығы бойынша сабақ беріп өзін шыңдайды, балаға да көмектеседі. Біз балаға сабақты оған қызық болатындай түсіндіре аламыз және олармен кез келген тақырыпта сөйлесіп, кеңес береміз, — дейді 3-курс студенті Арайлым Қалдарбек.

Ал «Qoldau» қоғамдық бірлестігінің өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларға тәлімгерлерді тартуға бағытталған шағын грантының жеңімпазы Эльмира Байқұлова – Kazakh speaking club жобасының авторы. Ол қамқоршылық кеңестің әлеуметтік серіктесі атанып, балаларға қазақ тілін үйретіп жүр.

Өзімнің төрт балам бар. Бірақ балалар үйіндегі балалардың басқа екеніне көзім жетті. Олар көңіл бөлуге ерекше мұқтаж. Сондықтан аналық мейірімімді де беруге асығамын. Мен балаларға қазақ тілін үйрете отырып, кейбір сөздердің ағылшынша аудармасын айтамын. Қазір балаларға мектеп бағдарламасындағы қазақ тілі кітаптары қызық емес. Мен тілді мектептің әдістемесімен емес, сөйлесу арқылы, күнделікті қолданыстағы сөздермен еркін түрде үйретемін, — дейді ол.

Бизнес тренер, коуч, Астана қаласындағы өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларды қолдау орталығының қамқоршылық кеңесінің мүшесі Медер Аматов та шағын грант иесі, тәлімгер. Медер Аматовтың балаларды балық аулауға апарғаны олардың есінде ерекше қалған.

Мен қайда барсам да, балықшыларды тауып аламын. Қазақстан бойынша барлық балықшылар клубы мен балалар үйлерін білемін. Менен балықшылар «Балалар үйіндегі балаларды қалай балық аулауға апардың?» деп сұрайды. Мен оларға «тәлімгер болдым» деп жауап беремін. Кейіннен олар қалай тәлімгер болуға болатынына қызығушылық танытады. Сондықтан институционалды деңгейде осындай адамдардың басын біріктіру керек. Біз қазір тәлімгерлік институт жасап жатырмыз, — деді қамқоршылық кеңес мүшесі.

«Осы жерге келгелі күндерім күшті өтіп жатыр»

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ұйымдастырған пресс-тур аясында ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға білім беру орталығында өмір сүріп жатқан жеткіншектермен таныстық. Қамқоршылық кеңес мүшелерінің сұрауымен олардың суреттерін сайт бетіне жарияламай, тек пікірін ұсынуды жөн көрдік.

Менің атым Александр. 11 жастамын. 5-сыныпта оқимын. Осы жерде болғанда маған балық аулауға барғанымыз қатты ұнады. Бұл жерде қолөнер, тігін сияқты көп үйірмелер бар. Сурет салып үйрендік. Сондай-ақ полиграфия және арнайы құрылғылар көмегімен шоппер сөмкелер мен кружкалар жасадық.

Менің атым Никита. Мен 12-демін. 5-сыныпқа барып жүрмін. Осы жерде тұрып жатқан уақытта көптеген іс-шаралар өтті, ағаш ұстасы, қолөнер сияқты әртүрлі үйірмелер болды. Кинотеатрға бардық, балық аулауға барғанымыз маған қатты ұнады.

Менің атым Айдай. Мен 11 жастамын. Осы жерге келгелі күндерім күшті өтіп жатыр. Біз Медер ағаймен бірге балық аулауға бардық. Сосын фотостудияға бардық. Мен суретке түсіруді үйрендім. Ахат ағаймен бірге компьютер дизайны болды. Онда біз бірінші компьютерге сурет салып, сол суретті кружканың сыртына шығардық. Мен шопперге де матаға арналған бояумен сурет салдым. Сосын біз тігінге де барамыз. Онда өзімізге шопперлер, қуыршақтар тігіп аламыз.

Қамқоршылық кеңес мүшесі Айдай Фотосурет шебері жобасына қатысқанда оған сабақ берген шебер оның жұмыстарын кәсіби деп бағалауға болатынын айтқанын жеткізді. Сондай-ақ Айдайдың фокусы жақсы дамығанын және шебердің айтуынша оның жұмыстарын сатылымға қазір де шығара беруге болатынын айтты.

Жансая ҚАМБАР 

Фото: автордан

Автор: admin