• 23 ноября, 2024 9:40 дп

Бастауыш сынып оқушыларына жаңа технологияларды қолдану

Автор:admin

Янв 31, 2023

Қазақстандық білім берудің өзіндік ұлттық үлгісі мен жаңа мазмұндағы жүйесінің басты міндеті – қазіргі заманғы ғылым мен тәжірибенің жетістіктері негізінде алынған білімді қажет жағдайда пайдалану икемділігін меңгерген, өз бетінше дұрыс, тиімді шешімдер қабылдайтын, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Сондықтан да,білім саласындағы міндеттерді жүзеге асыру үшін, мектеп ұжымында әр мұғалім күнделікті ізденіс арқылы барлық жаңалықтар мен өзгерістерді сабақтарында енгізіп отырады. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше жан-жақты сауатты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік және көптеген адами қабілеттің қалыптасуына игі әсерін тигізеді. Өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. Оқыту мен тәрбиелеуге тың әдіс-тәсілдер енгізілді. Нәтижесінде тұтас педагогикалық үрдістер өзгертіліп, білім берудің тиімді деп танылған жаңа технологиялары дүниеге келеді. Кез-келген оқыту технологиясы мұғалімнен терең теориялық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік білімді, үлкен педагогикалық шеберлікті, шәкірттердің жан дүниесіне терең үңіліп, оны ұғына білуді талап етеді. Сондықтан оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, жаңалықтарды қабылдауға даяр, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын педагогтар ғана бүгінгі қоғамның мүддесі мен әр баланың үрдісінен шыға алады. Ойы жүйрік, ақылы жетік, бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейім, жеке тұлғаны тек қана педагог қалыптастыра алады. Бастауыш сынып мұғалімі үшін оқушы жазылмаған тақта секілді таза, пәк. Бастауыш сыныпта оқытудың негізгі міндеті-баланың жеке басының жан-жақты қалыптасуын қамтамасыз ету, оның қабілеттерін анықтау мен дамыту, білімдерін ашу, дұрыс түсінік қалыптастыру. Бұл міндетті жүзеге асыру оқушыны іс әрекетті атқарушы объектіден нәтижесінде жеке тұлғаның өз ісін өзі басқаруға, орындауға қабілетті субьектіге көшіру арқылы мүмкін болады.
Білім беру жүйесіне жаңа инновациялық технологияларды енгізу арқылы оқыту үрдісін жетілдіру, оқушының танымдық қабілетін дамыту саналы деңгейге көтеру – бүгінгі күнгі күрделі мәселе. Білімді жеке тұлғаға бағыттау, оқушының өзін-өзі тануы, өзін-өзі тәрбиелеуі, ақыл-ойын дамытуы, яғни, жан-жақты дамыған жеке тұлға тәрбиелеу мұғалімдер алдына тың міндеттерді жүктеп, жаңашыл іс-әрекетке жетелейді.
Инновациялық тұрғыдан білім беру жүйесі ақпараттандырумен тығыз байланысты. Білім беруді ақпараттандыру дамуының жаңа кезеңінің ерекшелігі – бұл проблеманың инструментальдық емес, мазмұндық аспектілерінің басымдылығында және олардың шешілуінен білім сапалығы, оның әлеуметтік мәнділігінің орны анықталады. Психологтардың зерттеулеріне сүйенсек, ойлау стилі бастауыш сыныптан-ақ оқушыларда жете қалыптаса бастайды. Оқушылардың бастауыш мектепте қазіргі ақпараттық технологияларды адамзат іс-әрекетінің түрлі салаларында қолдана білудің қажетті дағдыларын игеріп үлгеруіне мүмкіндік туады.
Бастауыш білім – үздіксіз білім берудің баспалдағы. Мұғалімнің негізгі ұстанған мақсаты — білімнің жаңа үлгісін жасап, белгілі бір көлемдегі білім мен білік дағдыларын меңгерту, оқу мен тәрбие үрдісін ұйымдастырудың сан түрлі жаңа әдіс — тәсілдерін іздестіру, жаңа технологияларды сабаққа тиімді пайдалана білуі, бір сөзбен айтқанда — оқу үрдісін дамыту.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ «№94 ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕБІ» КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІНІҢ Бастауыш сынып мұғалімі Ахимбекова Асел Талгатовна

 

Автор: admin