• 24 ноября, 2024 7:25 дп

БИЗНЕС ПЕН ҮКІМЕТ АРАСЫНДАҒЫ ДӘНЕКЕР

Автор:admin

Окт 10, 2022

 

Әділетті Қазақстанда әр азаматтың өтініш-тілегі тыңдалады. Оның ішінде кәсіпкерлер мен қаржы ұйымдары арасындағы байланысқа баса назар аударылады. Бұл туралы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Шымкент қалалық филиалында өткен дөңгелек үстел жиынында айтылды.

Басқосуға Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшелері Мырзахмет Сынабаев, Рүстем Әшетаев, Азат Әміртай және жергілікті кәсіпкерлер келді. Кездесуде ҚР Президентінің Жолдауы аясындағы кәсіпкерлікке қолдау және дамыту тетіктері сөз болды.

– Қалалық қоғамдық кеңес үкімет пен халықтың арасындағы «алтын көпір» рөлін атқарып жатыр деуге болады. Мысалы, бір жағынан, азаматтардың өтініштерін билік өкілдеріне жеткізу болса, екінші жағынан, құқықтық-нормативтік актілерді, жаңашылдықтарды халық арасында түсіндіру де бар. Мемлекет басшысы Жолдауында экономика, оның ішінде кәсіпкерлікке баса назар аударды. Оның ішінде қоғамдық кеңестің отырыстарында құрылыс, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, қалалық сәулет, жер қатынастары, тұрғын үй, коммуналды шаруашылық тақырыптары жиі көтеріледі. Осы салаларға қатысты ой-пікірлеріңіз, талап-шағымдарыңыз болса, бірге талқылайық. Біз жауапты мамандарға жеткізуге тырысамыз, – деді Мырзахмет Сынабаев.

Жиынға қатысушы кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді көтерді. Іскер азаматтарды, оның ішінде, әсіресе, жеңілдетілген несие алу мен басқа да қаржылық қолдау мәселелері мазалайды. Кейбір кәсіпкерлер жұмыс істеп тұрған өндірісі бола тұра екінші деңгейлі банктен несие алуда кедергіге тап болатындарын жеткізді.

Қоғамдық кеңес мүшелері көтерілген мәселелер мен сұрақтарды жазып алып, тиісті органдарға жеткізуге уәде берді.

«Шымкент келбеті»
Фото – Серік Қосаев

Автор: admin