Бүгінде Қайнарбұлақ тұрғын алабы маңында «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағын құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгін қала әкімі М.Әйтенов 132,9 гектарды алып жатқан индустриялық аймақта атқарылып жатқан жұмыс барысын қадағалады. Мұнда бүгінде 13,5 шақырымдық ауыз су жүйелерінің құрылысы 85%, электр және табиғи газ желісімен қамту жұмыстарының көлемі 88% орындалған. Ал жобада қаралған 2 шақырым жолдың қазіргі таңда 1 шақырымы салынып, 7,9 шақырымдық ішкі орам жолдардың жартысына жуығының құрылысы аяқталған. Сондай-ақ кірме, қоршау, әкімшілік ғимараты бойынша жоба әзірленуде. Аталған индустриялық аймақты жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда. Индустриялық аймақта алдағы уақытта тамақ өнеркәсібімен айналысатын жалпы құны 73,9 млрд теңгені құрайтын, 1000-нан астам жұмыс орнын қамтитын 30 жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде жалпы құны 25,7 млрд теңгені құрайтын, 560 жаңа жұмыс орнын қамтитын инвестициялық жобалар қолға алынады. М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға ең алдымен сапаны бақылап, кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. ҚР Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров Үкімет отырысында Шымкентке инвестиция тартудың маңызды тұстарын атап айтқан болатын. Министр инвестиция тарту бойынша Шымкент қаласы, Ақмола, облысы мен Алматы қаласында жоғары өсім байқалып отырғандығын тілге тиек етіп, Шымкент қаласында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда инвестиция тарту көлемі 73,2 пайызға артқанын басты назарға алған болатын. 2022 жылдың төрт айында қала экономикасына 108,6 млрд. теңге инвестиция тартылды, осы көрсеткіш бойынша Шымкент елімізде бірінші орынға ие болды. Ал, 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша қала экономикасына 260,7 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 38,8 %-ға артқан. 2021 жылы жалпы құны 152,6 млрд теңге, 2,5 мың жаңа жұмыс орнымен 63 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланған. Бүгінде 63 млрд теңгеге 33 жоба жүзеге асырылды. Жалпы қалада 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,7 трлн. теңгеге 296 инвестициялық жобалардың базасы жасақталды. Жаңа 20 мыңнан аса жұмыс орындары ашылатын болады. Оның ішінде, 2022 жылы құны 241 млрд. теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орындары ашылуы жоспарлануда. Бұл жобаларға тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізіліп, проблемалық мәселелерін шешу бойынша мемлекеттік қолдаулар көрсетілуде. Бүгінгі таңда қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру және инвестициялар тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Айта кетейік, Шымкент қаласында қолайлы инвестициялық орта қалыптастыру бағытында 2021 жылдың қорытындысымен инвестициялық штабтың 16 отырысы өткізіліп, 157 инвестициялық жобаға қолдау көрсетілген.
Jsk ақпарат