• 29 ноября, 2024 10:42 дп

Бюджет саясатының дамыту шаралары

Автор:admin

Авг 10, 2024

Бюджет саясаты — заң шығарушы (өкілдікті) және атқарушы органдар бюджеттік қатынастарды дамыту бағыттарын айқындаумен және оларды азаматтың, қоғамның және мемлекеттің мүдделері үшін пайдаланудың нақты жолдарын әзірлеумен байланысты жүзеге асырылатын шаралар мен қабылданатын шешімдердің жиынтығы. Бюджет саясатының мазмұны алуан қырлы және оны әзірлеу кезеңдерінің тізбектілігін ғана емес, сонымен бірге оның атқарымдық және уақыттық жақтарын да қамтиды. Мемлекеттің қаржы саясатының бір бөлігі ретінде Бюджет саясаты экономикалық саясаттың түп қазығы, ұйытқысы және мемлекеттің экономикалық-әлеуметтік саясатын жүзеге асыру құралы болып табылады. Нарық жағдайында бюджет саясаты — мемлекеттің қоғамдық өндіріске экономикалық ықпал етуінің негізгі бағыттарын айқындаудың басты тұтқасы. Бюджет саясатын әзірлеуге заң шығарушы (өкілдікті) және атқарушы органдар қатысады. Қазіргі Қазақстанның конституциялық құрылымы бойынша бюджет саясатын әзірлеуде Қазақстан Республикасының Президентіне басымдық беріледі, ол өзінің жыл сайынғы жолдауында бюджет саясатының ағымдағы жылға арналған және келешектегі негізгі бағыттарын, мақсаттары мен міндеттерін айқындап береді.     Салық саясаты — мемлекеттің экономикалық саясатының бір бөлігі. Салық негізін, мөлшерлемесін, жеңілдіктерін және шегерімдерін өзгерту жолымен іске асырылады. Салық саясаты экономикаға мемлекеттің араласуы нәтижесінде мемлекеттік бюджетті қалыптастырады және жалпыұлттық өнімнің (ЖҰӨ) ауқымымен, экономиканың жеке секторларына салық шараларын қолдану дәрежесімен айқындалады. Мәселен, жеңілдіктер мен шегерімдердің болмашы көлемімен ұштастырылатын кең ауқымды салық негізі салық салудың біркелкі мөлшерде болуын қамтамасыз етіп, экономиканың жекеше секторына ресурстарды орналастыру үдерісіне мемлекеттің араласуы ауқымын төмендетеді. Салық саясаты дискрециялық (лауазымды адамның қайсыбір мәселені өз қалауынша шешуі) және бейдискрециялық негіздерге сүйенуі мүмкін.Дискрециялық негіз өзгеріп отыратын экономикалық жағдайға сәйкес салық заңнамасына түзетулер енгізуді: салық мөлшерлемесін өзгертуді, салық жеңілдіктерін енгізуді немесе алып тастауды, т.б. шараларды көздейді. Ол мемлекетке реттеу құралдарын кең көлемде таңдау мүмкіндігін береді. Алайда бұл мемлекеттің экономикалық үдерісті немесе жағдаятты танып-білуіне, шешім қабылдауына және ықпал етуіне теріс әсерін тигізеді.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin