• 21 ноября, 2024 7:56 пп

ГАЗДАН УЛАНУДЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Автор:admin

Июл 1, 2022

Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының  ұйымдастыруымен Абай ауданы әкімдігі, Абай ауданы төтенше жағдайлар басқармасы және Жастар ресурстық орталығының еріктілерімен бірлесіп, «Самал» сауда орталығында сатушылар мен келушілер арасында газдан уланудың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізілді. Улы газдардың бірнеше түрі бар. Күкіртті сутек газы — басқа газдарға қарағанда біршама жағымсыз иісі бар, өндіріс орындарында (шахтада, қызылша — қант зауытында, жасанды жібек өндіру фабрикасында, балшықпен емдеу орындарында, мұнай өңдеу орындарында, мұнай өңдеу зауыттарында, т.б) болады. Ал адамдармен » етене араласып», залалын жиі тигізетін тұрмыстық газ бен тұншықтырғыш газдар.

Техникалық ақау, салғырттық, өртке қарсы шаралардың қолданылмауы салдарынан тұрмыстық газ бен тұншықтырғыш газдан улану жағдайы көбірек тіркеледі. Өрттің салдарынан түзілетіндіктен, бұл газбен улану жабық ғимараттың өртенуі кезінде болады. Ең көп тараған кездері — газ және май пештері, ағаш пеші, газ құралдары, бассейндердегі жылыту құралдары және қозғалтқыштар, жанып біткен газ шығарушы құбырлар. Пештегі жарықтар, мұржалардың толып қалуы, бітеліп қалған құбырлар — бұлар улы газдың тұрғын үйлерге, бөлмелерге таралуына әкеліп соғады. Үйдегі бөлмелердің тар болуынан ауа алмасуы нашар болады да, улану қауіпі күшейе түседі.

Көмекті неден бастаймыз?

Газдан қатты уланғанда зардап шегушіні жылдам аурханаға жеткізіп, медициналық ем жасалуы міндетті. Ауруханада тұншықтырғыш газға қарсы әрекет ететін ангидот — ацизол тағайындалады. Ал ауруханаға жеткенге дейін алғашқы көмек көрсетілуі тиіс. Себебі, улы газ дем арқылы ағзаға түсе сала гемоглобинге араласады да, карбоксигемоглобин түзеді, тіңдерге оттегінің жеткізілуіне кедергі жасайды, миға орны толмас зақым келтіруі, жүрек — ауруы бар адамдардың кеуде тұсы ауыруы немесе жүрегі қысылуы мүмкін. Сала мамандары қала тұрғындарының денсаулығының қауіпсіздігі және газды пайдалану кезіндегі ережелерді сақтау бойынша үнпарақтар таратты.

–Қалада жылыту маусымы кезінде газдан улану жағдайлары көптеп тіркелген. Жылыту маусымы тоқтағанымен газдан уланған адамдар азаймай тұр. Газға байланысты қауіпсіздік талаптарын сақтамай, немқұрайлы қарау өлімге алып келеді. Шымкент қаласында 13 тұтынушы мекеме бар. Олар үй ішіндегі техникалық қауіпсіздіктерді сақтауын қамтамасыз етеді.  ҚР газ және газбен жабдықтау жүйесі 19 бабының 1тармағына сәйкес, газ тұтыну жүйелерінің және газ жабдығының иелері, олардың тиісті техникалық жан-күйін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті,- деді  Шымкент қаласының қалалық  орта сапасы және бақылау басқармасының газ техникалық инспекция бөлімінің бас маманы-мемлекеттік инспекторы Данияр Аширалиев.

Айта кетейік,  жылыту маусымы кезінде 600-ден астам газдан улану жағдайы тіркелген.  Осыған байланысты «I-Shymkent» бағдарламасы іске қосылған болатын. Онда 13 мекеменің тізімі енгізілген. Сонымен қатар тұрғындар үйде отырып-ақ аталған мекемелермен келісім шартқа отыра алады.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin