• 21 ноября, 2024 1:01 пп

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ САЙРАМ АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН ҰСЫНЫСТАРЫН ТЫҢДАДЫ

Автор:admin

Ноя 23, 2023

Түркістан облысының әрбір аудан, қаласын әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыту бағытында бірқатар жобалар қолға алынып, облыс әкімімен арнайы жоспарлар бекітілген. Бұл ретте облыс тұрғындарының ұсыныстары өте маңызды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының кезекті бірыңғай қабылдауы Сайрам ауданында өтті. Манкент ауылында орналасқан «Өзге» спорт кешенінде аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Еркін форматта өткен қабылдауға келгендердің дені инфрақұрылым мен әлеуметтік салаға қатысты сұрақ қойды. Қазіргі таңда облыстың бірнеше ауданында газдандыру жұмысы қарқынды жүруде. Қабылдауға жазылған азаматтар Қасымбек Датқа ауылы, Жаңақұрылыс аумағына шамамен 1500 үйге табиғи газ тарту, Көлкент ауылына газ кіргізу мәселесін көтерсе, енді бірі «Қарамұрт-Газ» ЖШС-нің жайын айтты. Сондай-ақ ауыл тұрғыны «Құрлық ауылына мәдениет және спорт нысаны салынса» дейді. Өңірде ауыз су мәселесін реттеу қолға алынғаны белгілі. Аудан тұрғыны осы бойынша өтінішін жеткізді. Ал келесі азамат Қарабұлақ ауылындағы ауыз су мәселесінің шешілуіне байланысты алғысын білдірді.

Қарасу ауылы мен Шымкент қаласының шекарасындағы темір жол көпірін кеңейту, сонымен қатар субсидия жайы, аудан көлеміндегі көпқабатты тұрғын үйлер салу туралы да айтылды. Бидай жинайтын қойма салуға құзырлы органдардың кедергі келтіруі сөз болды. Ауыл тұрғыны Қарабұлақ ауылындағы «Қазпошта» және аурухана мәселесіне қатысты сұрақ қойды.

Жалпы қабылдауға құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен өкілдері қатысып, өтініштердің оңтайлы шешілуіне атсалысты. Қордаланған мәселелерді мұқият тыңдаған өңір басшысы тиісті сала мамандарына заң аясында шешуді тапсырды. Дәл осындай форматтағы жеке қабылдау барлық аудан, қалада жалғасады.

Автор: admin