• 24 ноября, 2024 12:14 дп

ДЕПУТАТТАРҒА ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЛЕДІ

Автор:admin

Мар 16, 2022

Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдауды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығындағы жетістіктер ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың есімімен байланысты деп бастаған ел Президенті жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен атқарылатын іс-шаралар туралы нақтылап айтты. Мемлекет басшысы елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажет екендігін атап көрсетті. Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыру жолдарын ұсынды.
Сонымен бірге тұрғындардың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктелетінін ескертті. Яғни, халық қалаулылары Тәуелсіз елімізді өркендету жұмысына белсене атсалысуы керек деген пікірге тоқталуға болады.
Жолдаудағы маңызды жаңалықтардың бірі ретінде, партияларды тіркеу үдерісі айтарлықтай жеңілдейтін болды. Бұл ретте партиялар үшін қарастырылған тіркеу шегін төрт есе – 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендетіп, өңірлердегі өкілдердің саны– 600-ден 200 адамға дейін азайтылатынын жеткізді. Партияны құру үшін бастамашыл азаматтар тобының ең аз саны 1000 адамнан 700-ге дейін азайтылады. Бұл өз кезегінде елімізде көппартиялық жүйенің қалыптасып, саяси ұйымдар арасында бәсекелестіктің пайда болуына мүмкіндік береді.
Тағы бір қоса кететін мәселе, технологиялық қоғамда өмір сүріп жатқандықтан цифрлық дәуірде электронды сайлау технологияларын енгізу, сайлау үдерісін жаңғырту дұрыс бағыт деп санаймын. Сонда қоғамдық қатынастарда сайлау процесі кезінде ашықтық пен жариялылыққа жол беріледі. Бұл демократиялық қоғамның негізгі қағидаларының бірі екенін айта кеткен жөн. Осы жолда барша фракция мүшелері бірлесе отырып, Мемлекет басшысының Жолдаудағы жүктелген тапсырмаларын орындауға өз үлесімізді қосамыз! Жолдауға – қолдау білдіреміз!

ТАҢАТАРОВА ЖАДЫРА НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ

Мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі

Автор: admin