Шымкент қаласында діни экстремиз мен терроризмнің алдын-алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Дін істері басқармасының ұйытқы болуымен шаһарда жастар мен қала тұрғындары арасында діни экстремиз мен терроризмнің жолын жабу мақсатында түрлі жиындар, іс-шаралар, акциялар тқрақты түрде өтіп келеді. Дін ұғымы әрбір адам баласының өмірінде ерекше орын алатын құбылыс. Кез келген мәдениет пен өркениеттің негізінде дін жатыр. Сол секілді қазақы таным мен мәдениетіміздің өзегінде ислам діні жатқандығы ақиқат. Өкінішке орай, осы көзқарасымызбен келіспейтіндердің де жоқ емес. Соңғы жылдары дәстүрлі қазақ мәдениетін терістеп, оны дінсіздік деп танитын топ жастар арасынан да көрініс таба бастады. Бұл айтылып жүрген пікірлердің ұшқары екенін және діни сауатсыздықтан пайда болғанын көзі ашық азаматтар бірден байқайды. Біздің ата-бабалармыздың ешқандай да діни фанатизмге жол бермегені және исламның ақ жолын ұстанғаны белгілі. Себебі, қазақ халқының ауыз әдебиетінде сал-серілердің өлең, жыр-дастандары, ортағасырлық ғұламалардың еңбектері осының айғағы. Әрбір өзінің болашағын келешек ұрпақпен өлшейтіндігі ақиқат. Біз бақытын баладан күтетін халықпыз. Себебі, жастар – біздің жарқын болашағымыз. Оларға жіті көңіл бөлу, ұлттық-рухани құндылықтармен тәрбиелеу – бүгінгі аға буын алдындағы мызғымас міндеттердің бірі болып отыр. Өйткені, кез-келген ұлттың болашағы өз халқын сүйген, оның ата дәстүрін қадірлеген, өткен тарихын мақтан ете отырып одан тәлім ала білген текті ұрпақтың қолында. Қандай да бір сала туралы сөз қозғағанда бұл бағытта жастардың алар орнын айтпай кету мүмкін емес. Сол секілді дін саласында мәселе көтергенде де жастар тақырыбына қол ұрмау мүмкін емес. Себебі жастарымыздың дінге деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Қандай діннің ғибадат үйіне бас сұқпаңыз ол жерден жастарды кездестіруіңіз ақиқат. Тіпті діни тақырыптардағы түрлі әлеуметтік желі парақшаларын үзбей бақылап, ондағы жылт еткен жаңалықты қалт жібермей қадағалап отырған да осы – жастар. Өкінішке орай осы бір әлеуметтік желілердегі жалған діни ақпараттардан опық жеп жатқанымыз да баршылық. Дін жастарды несімен қызықтырады? Жастардың пікірі бойынша, дін — адамдарды сабырлыққа және адамдарға деген сүйіспеншілікке тәрбиелей отырып, олардың бойында болашаққа деген сенімділікті қалыптастырады. Көптеген жастар үшін Жаратушыға деген сенім өмірдегі мәнді құндылық ретінде жақсылыққа деген үміт болып табылады. Демек, дін – адамның рухани қалыптасуы мен дамуында шешуші ықпал ететін факторлардың қатарынан орын алады.
Jsk ақпараттық агенттігі