• 27 ноября, 2024 6:29 пп

Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады

Автор:admin

Мар 28, 2024

15 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен және Ораза айымен орайлас келген құрылтай Мемлекет басшысының пікірінше, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады:– Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз, тіпті, Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни, сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы, бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз, – деді Қ. Тоқаев.
Президент тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін де мәлімдеді. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы ағартушылық деп санайды. Бұған қоса, кітапхана ісін өркендетуге бей-жай қарауға болмайтынын атап өтіп, көп ұзамай Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар бой көтеретінін жеткізді. Бұл да бір қуантарлық жағдай.
Мемлекет басшысы болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет деп санайды. Оның пікірінше, Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүйелі жүріп жатқанын хабарлады. Бұл іске 250 ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман атсалысып жатыр. Аталған еңбектің дербес бір томы Жошы хан ұлысына арналмақ.
Осы тәріздес бұдан өзге де бірнеше мақсат-міндеттерді қолға алу тапсырылды. Бұл іс-қимылдарды еңсеру баршамызға қатысты.
Біздің етене жақын жұмыс істейтін институтымыз Ассамблеяға да қатысты —этностармен жалпыұлттық бірегейлікті, этносаралық қатынасты сақтау, нығайту деген міндеттер бар. Бұл жөнінде де Мемлекет басшысы мұнайлы өлкеде өткен кешегі Құрылтайда айрықша атап өтті. Мәселен, еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсу үшін,
дәстүрлі дініміз – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет деді. Бұл орайда Президентіміз Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Яссауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге айрықша назар аударуды нақтылап алға қойды.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде қоғамды жайлаған бес кеселмен, атап айтқанда: есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессиямен, вандализммен, ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюды сөз етті.
Орынды айтылған әрбір ұсыным, тиянақты берілген әрбір тапсырма, алға қойылған әрбір жаңа міндет — бізді Наурыз-Жаңа жылымызбен тұстас жаңаруға, тазаруға, серпілуге шақырып тұр. Ендеше біріге — іске сәт!

 

Сулейманов Исмат Камалович «Барбанг» күрділерінің қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрағасы

Автор: admin