Тараз қаласында емдеу мекемесіне жұмысқа тұрғысы келетін орта буын медицина қызметкерлері жетерлік. Кейбірінің жұмыс іздегеніне 3-4 жыл болған. Жұмысқа тұра алмай жүргендердің дені фельдшер немесе медбике. Екі-үшеуімен тілдескенімізде «қазір пара бермей жұмысқа тұру мүмкін емес деген» пікір естідік. Мәселен, аты-жөнін атаудан үзілді-кесілді бас тартқан тараздық бір тұрғын 2001 жылы қолына диплом алғаннан кейін 15 жыл еңбек еткенін, қалған уақытта тұрақты жұмыс іздеп бірнеше мекемені жағалағанын, арасында пара беріп те жұмысқа орналасқанын, басшылық тарап түртпектей берген соң жұмыстан қайта шығып кеткенін сөз етті.

– Аты-жөнімді атамауды өтінемін. Себебі мен Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрмын. Ертеңгі күні кесірі тиіп, жұмыс тауып бермей қоюы мүмкін. Осы мекемеге 4-5 жыл бұрын жұмыс іздеп барғанымда қалалық №1 ауруханада, одан кейін облыстық туберкулезге қарсы диспансерде бос орын бар екенін білдім. Аталған емдеу мекемелеріне қайырылғанымда ондағылар маман алып қойғанын айтып, шығарып салды. Бір жолы таныс арқылы жұмыс таптым. Мені таңғалдырғаны, сыйлық беріп жұмысқа тұрған мекеме мені халықты жұмыспен қамту орталығынан жолдама алып келуге жұмсады. Сөйтсем ондағы мамандар «пәлен мекемеде түген деген жұмыс бар» деп мекенжайды, байланыс нөмірін ауызша берумен ғана шектеліп жүр екен. Одан бөлек менің ондаған жыл еңбек өтілім бола тұра, оқуды кеше ғана бітірген, игерген мамандығы менікімен сәйкес келетін жас мамандардың бүгін халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, ертесіне жұмысқа тұрып кететіні ойландырады. Ал біз кейінге ысырылып қалудамыз. Демек қоғамда пара немесе таныстық рөл ойнайды деген күдігім бар, – деді ол.

Осы ретте біз «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық офисінің жеткешісі Назима Жұбандықоваға хабарласып, халықты жұмыспен қамтудың заңдылығы қандай екенін сұрадық.

 Кез келген азамат өзі патриот болуы керек. Білікті-білімді мамандар қай уақытта да жұмыссыз қалмайды. Негізінде тұрғындардың көбісі ойға алған ісін, мәселені лезде тындыру үшін пара беруге даяр тұрады. Әліптің артын бағу, күтуге шыдамағандар осылай істейді. Екіншіден кейбір жұмыс берушілер адамды ары-бері сандалтып, тұрғынды пара беруге итермелейтін жайттар да кездеседі.

Ал халықты жұмыспен қамтудың заңдылығына келетін болсақ, жергілікті жердегі халықты жұмыспен қамту орталығы алдымен қайырылған адамды жұмыссыз ретінде тіркеп, одан кейін оның мамандығы бойынша бос вакансия болса, қолына жолдама беруі керек. Бос вакансия болмаса өзінің мамандығына сай келетін бір мекемеге жұмыс сұраушыны ең болмаса тазалықшы немесе басқа да жұмыстар бойынша жолдауы қажет. Ол сол мекемеге жұмысқа тұрғаннан кейін уақыты келгенде бос орын табылса, бірінші кезекте өз мамандығы бойынша жұмыс істеу құқығына ие болады. Егер жұмыс іздеушіге халықты жұмыспен қамту орталығы әу баста белгілі бір мекеменің мекенжайы, байланыс нөмірі жазылған жай ғана қағаз берсе, онда бұл заңсыздық. Сол үшін әрбір жұмыс іздеуші халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы өз мамандығына сай бос вакансия бар екеніне көз жеткізгеннен кейін, жолдама талап етуі қажет. Өйткені жұмыс беруші жолдамамен келген жұмыс іздеушіні орналастыруға міндетті. Егер жұмыс беруші тарап жолдама бойынша ол маманды жұмысқа алудан бас тартса, себебі жазылуы тиіс. Мұндай жағдайда жұмыс беруші еңбек инспекциясы, прокуратура секілді тиісті мекемелерге өзін негізсіз жұмысқа алмай қойғаны жөнінде шағымданса оның заңдылығы, заңсыздығы тексеріледі. Жұрттың жолдамаға қол жеткізе алмауының астарында олардың заңды білмеуі жатыр.

Жалпы Қазақстанда статистикаға сүйенсек, параны ер адамнан гөрі әйелдер жағы көп алады және олардың «ставкасы» жоғары екен. Бұдан қай салада әйелдер басым, сол салада «бармақ басты, көз қысты» әрекет көп деп топшылауға болады. Мәселен, біздің өңірдің денсаулық сақтау, білім беру салаласындағы мектеп, балабақшаларда еңбек ететіндердің дені әйелдер. Сондықтан елдің денсаулық сақтау саласындағы орта буын қызметкерлерінің парамен жұмысқа тұратыны жөніндегі күдігі орынсыз емес.

Бір мысал айтар болсам, республика бойынша пара алудан біздің облыс былтыр алдыңғы орынға шықты. Алынған пара көлемі – 60 миллион теңге. Сонымен қатар біреудің пара сұрағаны жөнінде немесе пара алайын деп жатқан тараптың әрекеті кезінде тиісті орынға хабарлау жөнінен де әулиеаталықтар көш бастап тұр. Ол үшін жағдайды дер кезінде құлақтандырған адамдарға берілген сыйақы көлемі 11 миллион теңгені құрады. Мұндай жағдайда берілетін сыйақы көлемі негізінен берілген параның 10 пайызымен өлшенеді. Сондықтан жұмыс іздеушілер жұмыс беруші пара сұраса 1424 нөміріне қоңырау шалып, заңсыздықты әшкерелеуге атсалысуы керек. Сонда ғана ел іші бұл заңсыздықтан біртіндеп болса да арылады, – деді Назима Дәрменқызы.

Мысалды алыстан іздемей-ақ, өз басымыздан өткен жайтты алға тартар болсам, менің де келіншегімнің мамандығы – фельдшер. Тараздағы Жамбыл медициналық жоғары колледжін 2010 жылы тәмамдаған Гүлнұр Нұралықызы кейінірек 6 айлық «Жастар тәжірибесімен» еңбек ете жүріп, тұрмысқа шыққан еді. Содан бері қазір бала тәрбиесімен үйде отыр. «Жұмысқа тұрсам керек болады» деп былтыр және одан бірнеше жыл бұрын, яғни екі мәрте өз саласы бойынша оқыту курсынан өтіп, қолына сертификат та алған. Өткен жылдан бастап жұмыс іздей бастады. Желтоқсан айында Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелді. Оған да бұл мекеме жолдама берген жоқ. Тек ауызша бір-екі жекеменшік емханада бос орын бар екені айтылып, ол жөнінде тиісті емдеу мекемесінің мекенжайы мен байланыс нөмірі берілді. Оларға хабарласқанында түйіндеме сұратып, іс сонымен біткен. Қазір келіншегім «халықты жұмыспен қамту орталығы маған жұмыс тауып береді» деген үмітпен үйде отыр.

Осы ретте Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Батырхан Тоқтағұлға жолықтық. Б.Тоқтағұл жұмыссыз ретінде тараздық азаматтар мекемеге тіркелетін болса, олар үш күнен кейін жұмыссыз деген статусқа ие болатынын айтады. Сондай-ақ ол жұмыссыз деп танылғандарға мамандығына сай бос вакансия болса, оларға міндетті түрде жолдама берілетініне сендірді.

– Азаматтар халықты жұмыспен қамту орталығына келіп немесе үйде отырып электронды еңбек биржасынан өзінің мамандығына сай келетін бос жұмыс орнын таңдап, бізге жүгінсе олардың қолына жолдама беріледі. Бізге келген әрбір азаматқа бос жұмыс орындары жарияланған база туралы және біздің мекемеге келмей-ақ қай жерде қандай жұмыс бар екенін үйде отырып-ақ біліп отыруға болатыны жайлы ақпарат беріледі. Барлығы түсіндіріледі. Жұмыс іздеуші жұмыссыз деген статус алмай тұрып, оларға жолдама берілмейді. Тек олардың өздері жұмыссыз ретінде тіркеле сала біздің мамандарымыз бойынша қай жерде жұмыс бар деп сұрап алуы мүмкін. Сіз айтып отырған мәселе осыған қатысты болса керек, – деді Батырхан Тоқтағұлұлы.

Біз тілдескен адамдарға жұмысқа тұрудың жолы тиісті мекеме мамандары тарапынан өздері айтқандай егжей-тегжейлі түсіндірілмеген. Әйтпесе неге жұмыс таппай жүргендердің қолына әлі күнге дейін бір де бір мәрте жолдама берілмеген? Демек жоғарыдағы кейіпкеріміз баяндағандай кім жұмыс тауып келеді, жолдама соған беріледі.

Биыл жыл басынан бері Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп 784 адам қайырылыпты. Оның ішінде 39-ы медицина маманы. Осы 39 медицина маманының 25-і лезде жұмысқа тұрып кеткен (бар-жоғы бір айдан астам уақыт ішінде). Қалайша? Жұмыссыз ретінде былтыр, бұрнағы жылы тіркелгендер әлі сенделіп жүр. Тура сол мамандық бойынша биыл жұмыс іздеп келгендердің бірден жұмысқа тұрып кетуі ойымызды сан-саққа бөлді. Мақұл-ақ, халықты жұмыспен қамту орталығы өз қызметін мінсіз атқарып, келгендердің барлығын бірдей көріп, оларға қай жерде жұмыс бар, сол бойынша ауызша ақпарат статус алған соң жолдама берді делік. Сонда жұмыс беруші тарап бұдан бұрын жұмыс сұрап барғандарға өзіміз хабарласамыз деп түйіндемесін алып қалып, кейінгі келгендердің арасынан өз адамын күткен болып отыр ғой. Сондықтан жұмыссыз ретінде кім бірінші тіркелді, жолдаманы алдымен соған беру қажеттігі жөнінде заңды шешім шығарылуы керек. Жолдама бойынша жұмысқа тұрғандар өз міндетін атқара алмаса, кезек кейінгіге берілуі қажет. Сонда ғана әділдік орнайтын секілді. Әйтпесе дәл осы жүйеде сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол берілетін секілді.

Жалпы облыста барлығы 15 472 медицина қызметкері болса, оның ішінде 3 377-сі дәрігер, 12 мың 95-і орта буын. Мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істеп жүрген 12 486 ақ халаттының ішінде 2 545-і дәрігер, 10 241-і орта медицина қызметкері. Ал жекеменшік ұйымдардағы 2 686 медицина қызметкерлерінің 832-сі дәрігер, 1 854-і орта буын медицина қызметкері екен. Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, дәл осы салада орта буын медицина қызметкерлеріне тапшылық жоқ. Есесіне өңірде дәрігерлер жетіспейді. Мәселен, тапшы дәрігерлердің басым бөлігі жалпы практикалық дәрігер, яғни 23 маман. Терапевт 9, оның үшеуі қалалық, алтауы ауылдық жерге қажет. Анестезиолог-реанимотологтің 8-і қалаға, қалғаны ауылдық жерге керек. Сол секілді қаласы бар, даласы бар 10 акушер-гинеколог, 6 неонатолог, 10 невропатолог, 12 психиатр және осының барлығын қосқанда облыста 169 терең білімді мамандар жетіспейді. Әсет Әскерұлы өңірлерде денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстарын дамыту және медицина кадрларының тапшылығын төмендету мақсатында облыстың денсаулық сақтау саласындағы кадр саясаты бекітіліп, жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатқанын сөз етті. Кадрлардың тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жергілікті бюджеттен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін гранттар бөлінеді екен.

– Жергілікті атқарушы органның грантымен С.Д.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина универитетінде жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін жалпы медицина мамандығы бойынша 32 білімгер оқиды. Осы университетте жергілікті бюджет есебінен, оқу бітіргеннен кейін облыстың мемлекеттік медициналық ұйымдарында 5 жыл жұмыс істеу міндеттемесімен жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін 50 дәрігер резидентурада оқиды. Оның ішінде 2019 жылы оқуға түскен 12 дәрігер, бұрнағы жылдан бастап оқып жатқан, былтыр оқуға түскен 28 дәрігер акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, неонатолог, невропатолог, неонатология, гематология, психиатрия, гастроэнтерология секілді өзге де мамандықтар бойынша білім алып жатыр, – деді Ә.Қалиев.

Өзіміз дәрігер таппай жатқанда олардан пара сұрай алмайтыны анық. Ал осы салада орта буын қызметкерлер көп болғандықтан, елдің парамен жұмысқа тұруға ұмтылуы мүмкін. Мәселен, Тараз қаласында орта буын медицина қызметкерлерін дайындайтын екі оқу орны бар десек, оның ішінде бір ғана Жамбыл медициналық жоғары колледжінің өзі жылына 400-500 студентті тәрбиелеп шығарады екен. Аталған оқу орнының директоры Жәмила Сарыбекованың сөзіне сүйенсек, бұл оқу орны фельдшер, акушер, мейірбике, массажист, лаборант, фармацев секілді 5 мамандық, 7 біліктілік бойынша маман даярлайды екен. Білім алып жатқан 2 мың 500 студенттің 589-ы биыл оқу бітіреді.

– Жылда түлектердің 80-85 пайызы жұмысқа орналасады. Өткен жылдың қыркүйек айында оқу бітіргендердің жұмысқа орналасу көрсеткіші әскерге кеткен, тағы да баса жағдайларды қосқанда 60 пайызды құрады. Түлектерді жұмысқа орналастыру үшін емдеу мекемелерімен тығыз байланыс орнатқанбыз. Одан бөлек жылда еңбек жәрмеңкесін ұйымдастырамыз, – деді Жәмила Нұрғалиқызы.

Негізінде оқу орны түлектерінің жұмыспен қамтылды дегендерінің барлығы бірдей өз саласы бойынша жұмыс істеп жүрмегені баршаға мәлім. Аспаз не сатушы секілді кез келген жұмысты істеп жүрсе болды, көрсеткіш үшін жұмыспен қамтылғандар есебіне кіреді. Ал олардың дені сол жұмысты амал жоқ атқарып, өз мамандығы бойынша еңбек етуді арманына айналдырғаны бүгінгі қоғамның шынайы көрінісі. Мысалға осы оқу орнын бітіруші түлектердің 100-і бағытын мүлде басқа жаққа бұрды, 200-і жұмысқа тұрды дегеннің өзінде қалған санның орта буын медициналық білімі бар адамдардың жұмыс іздеп сабылатынындай бар екенін айғақтайды. Олардың үстіне артынша оқу бітірген осындай топ үстемелену арқылы жұмыс таппай жүрген орта буын медицина қызметкерлерінің саны жыл сайын еселенуде. Барлығын бірдей өңірдегі медициналық мекемелер жұмыспен қамти алмайтыны шындық. Анығын айтқанда, дәл орта буын медицина қызметкерлерін жұмысқа аларда тиісті мекеме шекеден шертіп жүріп, ішіндегі өз ісінің нағыз маманы, білімі жетіктерін таңдауға мүмкіндік көп. Сонымен қоса кадр көп болғандықтан, жұмыс берушілердің жұмыс іздеушілер алдында «қайсысыңды жұмысқа алсам екен» деп алақан ысқылайтынындай-ақ бар. Мұндай жерде жұмыс іздеушілердің еті тірілері түйіндемесін тастап бас қатырғанша, таныс тауып, мәселені парамен шешуге тырысатыны айтпаса да түсінікті.

Ендеше өңірдегі орта буын медицина қазметкерлерін дайындайтын оқу орындары облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасымен келісе отырып, нақты қандай маман, қаншауы қажет екені жөнінде әр жылға арналған жоспар жасап, маманды соған сай дайындауы қажет секілді. Өйткені осыдан 3-4 жыл бұрын дәл біз сөз етіп отырған Тараз қалалық халыққа қызмет көрсету орталығы медициналық білімі жоқ 40 адамды массажист мамандығы бойынша қысқа мерзімді оқыту курсына жолдап, олардың дені өз кезегінде моншада арқа езіп, аяқ-қол уқалағаннан әрі аса алмай қалған. Сол кезде жұмыс таппай жүрген медициналық білімі барларды массажист ретінде оқытқанда олардың бірқатарының емдеу мекемелерінде жұмыс істеуіне мүмкіндік туар еді. Бұл туралы мәселені газетіміз уақытында көтерген. Бастысы маман сұранысқа сай дайындалса, қоғамда жұмыс іздеп, сеңдей соғылатындар азаяды. Есесіне жұмыс іздеу, бір орынға кандидат көбейіп, пара ұсыну секілді жат қылықтардан қоғам арылады. Қысқасы мүлде жаңа Қазақстан құруымыз үшін бұрынғы таптаурын жүйеден арылып, бәріне басқаша көзқараспен қарайтын уақыт жетті.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ