• 20 сентября, 2024 1:37 пп

Жалпы, банк пайызының деңгейі неге байланысты белгіленуі тиіс? 

Автор:admin

Авг 14, 2024

Банк пайызының деңгейін белгілейтін факторлар өте көп. Мысалы, оның қатарына мыналар жатады: • қарызға беретін қаражаттың сұранысы мен ұсынысының ара қатынасы. Кез келген рыноктағы секілді, сұраныс ұсыныстан артып кететін болса, пайыздық ставка көтеріледі, ал төмен болса, азаяды; • банк секторындағы бәсеке; • Ұлттық банктің реттеу бағыты; • берілетін несиенің мерзімі мен көлемі; • ссудалық капиталдың өзіндік құны; • қарыз алушының несиені төлеу қабілеті. Банк ең төменгі пайыздық ставканы сенімді, қаржылық жағынан аяғынан нық тұрған қарыз алушыға береді және керісінше; • кепілдікке қойылған мүліктің өтімділік сипаты. Менің ойымша, банк несиесінің пайыздық ставкасына тікелей ықпал ететін тағы бір ең маңызды фактор бар. Ол банктің өзінің қаржылық жағдайы болуы керек. Өз+індік капиталы жеткілікті көлемде қалыптаспаған және несиелік портфелінің нашарлауы нәтижесінде табыс деңгейі төмен банктер агрессивті пайыздық саясатты ұстанады. Банк пайызының деңгейіне, сонымен бірге инфляция да әсер етеді, яғни инфляция өсіп отырса, соған сәйкес пайыздық ставка да өсіп отырады. Бұдан шығатын қорытынды – банк несиесі үшін пайыздың жоғарығы шегі рыноктық талаптарға қарай айқындалатын болса, төменгі шек банктің қызмет көрсету ахуалына қарай болады. Қазақстанда ақша массасының көптігіне қарамастан, несие үшін берілетін пайыздық ставка өзге елдермен салыстырғанда неге соншама жоғары деген сауалға жауап беру үшін жоғарыда айтылған екі бағытты терең зерттеген жөн. Әсіресе, төменгі шекке, яғни банк қызметінің өзіндік құнына ерекше назар аударылуы тиіс дер едім. Бұл, әсіресе, Қазақстанның алдағы уақытта ДСҰ-ға мүше болып кіруі мен шетелдік банктермен филиалдар ашуға рұқсат алу мүмкіндігіне байланысты өте маңызды мәселе болып табылады. Банк қызметінің бүгінгі бағасына қарап, болашақта қазақстандық банктерден клиенттердің жаппай кетуі әбден мүмкін. Банк жүйесінің бәсекеге қабілетті болуы дегенде, алдымен оның нарықтық экономикасы дамыған елдердің банк жүйесімен бәсекеге түсе алатын қабілетін айту керек. Сонымен бірге ел ішінде де олар бір-бірімен бәсекелес болғаны дұрыс. Ойдан ой туады дейді, еліміздегі банктер арасында бәсеке бар ма? Біздің түсінуімізше бәсеке 2 кезеңде бар. Бірінші кезеңде «жүйені жасаушы» банктер арасындағы бәсеке, ал екінші кезеңде басқа банктер арасындағы белгілі бір бәсекені айтуға болады. Тұтастай алғанда, республикамызда реформа басталғалы бері тұрақты олигопольдық депозиттер және несиелер рыногы қалыптасып келеді. Кеңестік Қазақстан кезінде де банк рыногында мемлекеттік меншіктегі бес мамандандырылған банкке ғана басымдылық берілетін. Банкаралық бәсекенің алдағы уақытта қалай дамуы көп жағдайда банк жүйесін реттеу және оны дамыту жолдарын жасау мен жүзеге асыру жөніндегі өкілетті органдардың практикалық қызметіне тікелей байланысты болмақ.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin