• 24 ноября, 2024 5:38 пп

Жастарға қаржылық сауаттылық керек

Автор:admin

Апр 18, 2024

Үнемі қоғам талқысына түсіп жүрген, ел болашағы жастар үшін маңызды мәселенің бірі – қаржылық және құқықтық сауаттылық. Соңғы жылдары қаржы пирамидаларына алданып жүргендердің де, алаяқтық арқылы ақша жасайтындардың да қатары артуда. Осы орайда жауаптылар мен мемлекет алдында қарапайым халық пен жас буынның қаржылық сауаттылығын арттыру міндеті тұр. Нарықтық экономикаға бағытталған мемлекет ретінде қаржылық білімді меңгеру қажеттілік десек те болады. Сонымен қаржылық сауаттылықты қалай арттырамыз? Пирамидаларға алданбау үшін оны қалай анықтаймыз? Осы сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбітеміз. Қаржылық сауаттылық – ақшаны басқару туралы білім. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ақшасы көп адам емес, оны дұрыс басқара білетіндер ғана жетістікке жетеді. Ақшаны басқаруда оны үнемдеу, есебін жүргізіп отыру, білімге, тұлғалық дамуға инвестиция құюмен қатар қазақстандық ретінде өз құқығымызды білу мен есепшоттардағы, дисконттық карталардағы жеке ақпараттарды құпия сақтаудың маңызы зор. Дәулет Төлеутайұлы – ақшаны басқару білімі туралы жеке кітап шығарып, осы бағытта кәсіби білімімен қазақша контент ұсынып жүрген экономистің бірі. – Қаржылық сауаттылық дегеніміз – қарапайым тілмен айтқанда қаржылық тәртіп, яғни өз бюджетіңді басқара білу. Ол адамның өз-өзіне есеп беруінен басталады. Кез келген адам қарызға батпас үшін барынша үнемдеп, қаржылық сауаттылығын арттыру керек. Бұл екеуі де заман талабы. Ал біз көп жағдайда керісінше басқа адамның ақшасын санап кетеміз. Қаржылық сауаттылықты арттыру стратегияларына келетін болсақ, Абай атамыз: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмағанда айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деген екен он бесінші қара сөзінде. Яғни, адам кірісі мен шығысын санап, өзіне есеп беруі керек. Екінші стратегия бойынша бір дүкендегі бағаны басқа дүкенмен салыстырып қарау қажет. Қай жерде арзан, қай жерде қымбат екеніне мән беру заңдылық. Адам қанша жерден бай болса да, бағаны бағамдағаны дұрыс. Қажетті дүниені ойланбай, бірден бір жерден ала салмаған жөн. Үшінші кезекте қаржылық қор тұр. Яғни адам тапқан табысының жоқ дегенде 10 процентін жинап отыруы керек. Жиі еститінім, қазақстандықтар ақшаның қайда кетіп қалғанын білмеймін деп жатады. Оның барлығы осы қаржылық сауатсыздықтан туындайды. Тағы бір айта кетерлік жайт, адам жиі садақа беретін болса, тапқан табысы берекелі болады. Адам өзінің тапқан ақшасының несібесін көреді. Себебі кей азаматтар 1 миллион немесе 500 мың табыс тауып отырса да, ұқсата алмайды. Керісінше 100 мың тапса да берекетін көріп, отбасын асырап, тіпті, үй сатып алып жатқан азаматтарды кездестіргенмін, – дейді ол.

 

Jsk ақпараттық орталығы

Автор: admin