Интернет алаяқтыққа қарсы полиция мамандары жаңа бағдарламаны ойлап шығарды. Кеңінен тоқталсақ ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Сұлтан Ізбасаровтың айтуынша, бағдарлама ұйымдастырушылық-практикалық және профилактикалық сипаттағы іс-шараларды, оның ішінде мемлекеттік органдармен, банк мекемелерімен, байланыс операторларымен, сауда интернет-алаңдарымен және т.б. өзара іс-қимылды қамтиды. Яғни, бұл бағдарламаның мақсаты – ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын қылмыстарды ескерту, жолын кесу, анықтау және тергеу бойынша қабылданатын шаралардың нәтижелілігін арттыру, ақпараттық технологияларды пайдаланумен байланысты қылмыстылық деңгейін төмендету. Нәтижесі қандай? Тоқсан сайын республика аумағында жедел-профилактикалықіс-шаралар, оның ішінде киберқылмыстардың алдын алуға және оларды ашуға бағытталған Anti-fraud, Hi-tech жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Соңғы 25-27 сәуірде өткізілген Anti-fraud ЖПІШ барысында полиция қызметкерлері 93 интернет-алаяқтықты ізін суытпай ашты, сондай-ақ осыіс-шара барысында пайдаланушыларға қатысты бұрын жасалған алаяқтықтың 243 фактісі ашылды. Қазіргі уақытта Қазақстан жедел ақпаратпен өзара алмасуды, бірыңғай деректер базасын қалыптастыруды, іс-шаралар өткізу туралы сұрау салуларды, қылмыстық істер бойынша бірлескен жедел іс-шаралар өткізуді орындауды, сондай-ақ тәжірибе және нормативтік база алмасуды регламенттейтін қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша бірқатар халықаралық шарттар мен келісімдердің қатысушысы болып табылады. Сақтық шаралары мен дербес деректерді сақтау, сондай-ақ қылмыстың жаңа түрлері (онлайн-қызметтер, сату, инвестициялық жобаларға қатысу және т.б.) мәселелері бойынша ведомстволық интернет-ресурстарда және БАҚ-та белсенді профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Пандемия кезінде алаяқтық саны күрт өсті. Қазіргі жағдай қандай? Иа, елімізде орын алған төтенше жағдай тәртібі және аймақтарда карантиннің енгізілуіне байланысты кәсіпорындар мен әртүрлі сауда нысандарының жұмысы шектелді. Халықтың басым бөлігі өзін-өзі оқшаулау тәртібіне көшуі, алаяқтардың өз әрекеттерін жандандыруға әсер етті. Ақпараттық технологиялар мен цифрлық сервистің дамуы жағдайында, әсіресе пандемия кезеңінде, барлық жергілікті жерлерде киберқылмыстардың, оның ішінде интернет-алаяқтықтың өршуі байқалды. Егер 2017 жылы 2 мың интернет-алаяқтық тіркелген болса, өткен жылдың қорытындысы бойынша 21 мыңнан астам алаяқтық тіркелген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ағымдағы жылғы 5 айда қорытындысы бойынша интернет-алаяқтықты тіркеу 20%-ға, 10 мыңнан 8 мыңға дейін төмендеді.
Jsk ақпарат орталығы