• 22 октября, 2024 7:25 пп

Интернет алаяқтық – қаржыңды құртып, санаңды улайды!

Автор:admin

Окт 19, 2024

Алаяқтықтың екінші кең тараған түрі ол интернеттік инвестициялық салымдар. Яғни интернет желісінде газ, мұнай, басқа да пайдалы қазбалардан мол дивиденттер алуға болатыны жөнінде танымал тұлғалардың аузымен сөйлеткен бейнероликтер өріп жүр. Шымкент қаласында осы мақсатта алаяқтықтың алдын алу бойынша кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Оған себеп Шымкент қаласының әкімдігімен ұйымдастырылып жатқан түрлі акциялар мен әлеуметтік маңызы бар жобалар. Енді осы алаяқтыңтың алдын алу бойынша толығырақ мәлімет беруді жөн санап отырмыз. Осы бағытта шаһарымыздың оқушылар, студенттері мен қарттары арасында түсіндірме жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Бұл алаяқтықтың ең бірінші қадамы интернет желісін пайдаланушы сілтеме арқылы сайтқа кіреді. Сол кезде оған алаяқтар байланысқа шығып әбден миын улайды. Бастапқы кезде сендіру үшін 20 мың теңге құйдырады. Арнайы инфографика арқылы ақшасының қалай еселеніп жатқанын бақылатады. Әбден сеніміне кіріп болғанша осылайша бір-екі ай алдаусыратып жүреді. Кейін үлкен ақшаға қалай алданып қалғанын азаматтың өзі де түсінбей қалады. Тіпті басындағы жалғыз баспанасын сатып инвестицияға құйып жіберген кісілер де болды. Бұл жерде айтқымыз келгені, ешқандай батпан құйрыққа алданып қалуға болмайды. 50-100 пайыз үстемеақы берем деу – барып тұрған өтірік. Тіпті екінші деңгейлі банктердің өзі депозитке жылдық 15 пайыз үстемеақы қояды. Сондықтан адам дүниеқоңыздыққа салынып кетпей, әрдайым шындыққа тура қарап жүруі керек», деді полиция департаментінің өкілі. Бұл ретте маман интернет алаяқтардың қылмыстық ісін тергеп-тексерудің өзіндік қиындықтары барын жасырмады. Мәселен, қылмыскерлер онлайн арқылы санаулы минуттар ішінде ақшаны бірнеше шотқа аударып үлгереді. Ал оны ертең полиция тексерген кезде әрбір аударылған шотқа банктен арнайы санкция алады. Мәселен, Халық Банкінен Каспиге аударылса екі банктің де санкциясы керек болады. Ал бұл дегеніміз қаншама уақытты талап етеді. Сондықтан маман азаматтардың өз-өздеріне ықтиятты болып, бөтен кісіге телефон арқылы ешқандай құпия деректерді айтпауға, қаржылық бірде-бір іс-шараларды атқаруға жол бермеуге шақырды. Өз кезегінде блогер, ұзақ жыл қаржы саласында еңбек еткен азамат Бақытжан Көпбаев интернет алаяқтық бойынша жауапкершілікті бірінші кезекте банктердің өзінен бастау керек деген ұсыныс тастады. Оның айтуынша, егер алаяқтық бойынша шығындарды сақтандыру жүйесі арқылы өтеуді банктің мойнына жүктесе, онда қаржы институттары азаматтардың қылмыскерлерге алданып қалмауына бірінші кезекте өздері мүдделі болар еді. Ал қазіргі таңда алданатын да, бар зауалды көтеретін де байғұс халық пен өте қиын істі тергеп шаршайтын полицейлер болып тұр.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin