Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, парасаттылық құндылықтарын дәріптеу мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» МККЕ АҚ Шымкент қаласы бойынша филалы әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша Әл-Фараби және Еңбекші аудандық бөлімдерінің қызметкерлеріне семинар ұйымдастырылды.
Шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Ж.Әлжанова, қалалық ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі, саяси қуғын-сүргін мешітінің найб имамы И.Гультураев және бөлім қызметкерлері қатысты.
Жиында заңнамаға енгізілген бірқатар өзгерістер мен жаңашылдықтар баяндалып, Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының негізгі бағыттары таныстырылды.
Сондай-ақ, қатысушылардың назарына сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Агенттікпен қолға алынған жобалар хабарланып, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, парасаттылық пен ашықтық қағидаттарын енгізуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және жоюға байланысты кешенді алдын алу жұмысына баса назар аударылғандығы жеткізілді.
Іс-шарада сыбайлас жемқорлық туралы ақпараттарды хабарлаған азаматтарды көтермелеу институты жайында ақпарат берілді. Яғни, сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адам соттың айыптау үкімінен кейін пара немесе залал сомасының 10 пайызын ала алады, бірақ бұл көрсеткіш төрт мың айлық есеп көрсеткішінен аспайды.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы тікелей Департаментке немесе Call-орталықтың 1424 нөміріне хабарласу қажеттілігі айтылды.
Шара соңында жиынға қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, сұрақтарына нақты жауаптар берілді.