• 25 ноября, 2024 3:17 пп

 

Әлемде ғылым мен технология дамыған сайын, кітапқұмарлар саны азайып келеді. Бүгінгі жас жас буын кітапты гаджеттер мен соңғы үлгідегі түрлі техникаларға алмастырғандай. Содан болса керек, аға буын «бүгіннің жастары руханияттан алыстап» барады дегенді жиі айтады.

Жуырда құрбым екеуміз саябақта серуендеп жүріп, керемет көріністің куәсі болдық. Мұндай көрініске көз тоймай, тіпті сол орыннан алыстағымыз келмеді. Бір топ жас кітап оқып, ондағы түйген мазмұнын бір-бірімен бөлісіп, бір-бірімен талқылап жатыр екен. Дәл осы көрініс қоғамдағы «жастар кітап оқымайды» деген стериотипті жоққа шығарып тұрғандай.

Аға буынның жастардан күтетіні көп. Әрбір ата-ана өсіріп отырған ұл-қызына ең жақсыны тілейді, тұлға етіп өсіру жолында еш аянбақ емес. Десе де, барын беру тек материалдық құндылықтармен өлшенбейді, яғни баланың тәрбиесі мен оның рухани дүниесі болашағы үшін аса маңызды. Ал, рухани дүниені «инемен құдық қазғандай» ізденіп, оқып, көріп қана байыта алатынымыз анық.

Жастарға тәрбие беру барысындағы басты бағыт – кітап оқуға көбірек баулу және кітапты сүюге көмектесу керек. Жастайынан қаладағы кітапханаларға апарып, бос уақытын құнды дүниелермен байыту да пайдалы дүние. Осы арқылы өскелең ұрпақтың Отанын сүюі, ғылымда жаңалық ашуға қызығушылығы оянады. Саябақта куә болған жағдайдан кейін қаладағы кітапханаларды аралап, бүгінгі жастардың кітапқа деген көзқарасын білуге бел будым. Жастайымнан кітапқұмар болып өскендіктен мұндай жастарды көрсем, дос тапқандай қуанамын. Осы тұста Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты Абай атындағы орталық кітапханасында болып, тарихы және жұмыс барысымен таныстым. Кітапхананың іргесі 1954 жылы қаланған екен.

–Кітапхана жыл сайын 26 мыңнан аса оқырманға қызмет көрсетіп, 400 мыңға жуық әдебиет оқырманға ұсынылады. Абай кітапханасы 23 кітапхана бөлімшелерімен бірлесе, жылына 101 790 астам оқырманға қызмет көрсеткен. Өткен жылы келушілер саны 560 мыңнан асып, 1,5 млн-ға жуық кітап оқырманға ұсынылды, – деді кітапхананың әдістемелік бөлім меңгерушісі Раушан Тастанқызы.
Былтырғы жылы Абай атындағы орталық кітапхананың 6 бөлімшесі модернизациядан өткеннен кейін кітапхана оқырмандары көбейген. Жаңғыртудың басты міндеті – қызметтердің сапалы жаңа жүйесін құру, кітапханаларда білім алу, коммуникация және бос уақытты өткізу үшін көп функционалды орталықтарға айналдыру. Бүгінде кітапханалар озық үлгідегі әдеби шығармалармен толығып, қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп отыр.

Шымкенттің руханият шырақшысы аталып кеткен Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы бар. Мұнда 419 676 дана кітап қоры бар екен. Соның 150 мыңға жуығы қазақ тіліндегі кітаптар. Еңселі кітапхана мәдени, рухани іс-шаралардың да бастамашысы деп айтуға болады. Мұнда оқырмандар тек әдебиет әлеміне шомып қана қоймай, қаламыздағы ақын- жазушылар, тарихшылар мен түрлі мәдениет майталмандарының әдеби-шығармашылық кешін тамашалауға келеді. Конференция залында өтіп жатқан жиындар нағыз шығармашылықтың нәрі десек артық айтпағанымыз. Аталған кітапхананың биыл пайдалануға берілгеніне 10 жыл толады. Алғашында «Отырар ғылыми-әмбебап кітапханасы» болып ашылған мәдени нысан Шымкент мегаполис мәртебесін алған соң қайта жаңғыртылып, әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидің есімі берілді.

– Қазіргі таңда жастардың кітапқа деген қызығушылығы таңқалдырады. Жас буынның кітап оқуға құлшынысын арттыратын – оның ортасы. Бос уақытын әдебиет әлемімен байланыстырғысы келген жан ең алдымен кітапқұмар адаммен дос болуы керек. Біздің кітапханада білім мен руханиятқа, әдебиетке бет бұрғысы келген жастың жанына керектің барлығы бар. Коворкинг орталық, оқу залдары және шағын кофехана жас буын үшін жасақталған. Өткен жылы кітапханаға 300 мыңға жуық адам келіп, 1 081 847 кітапты қолданған,-деді кітапхана директоры Анар Жаппарқұлова.

Кітап – адамның ой-санасымен қатар, денсаулығына да пайдасы мол. Ғалымдар кітап оқу адамның жасын ұзартатынын, депрессияға шалдығуды төмендететінін дәлелдеген. Жастар білім алып, білімге негізделген әлемнің бір бөлігі болуға тиіспіз. Сондықтан барынша жағдай жасалынған заманда, кітап оқудан ешқашанда жалықпау қажет. Қазақстанды кітап оқитын елдер қатарына қосылып, әр жас буын осы парызды өтейтін болса, ғылым мен технология, цифрландыру жүйесінде біз алмайтын қамал жоқ.

Ғазиза ЖҰМАН,
М.Әуезов атындағы ОҚУ 2-курс студенті

Автор: admin