• 21 ноября, 2024 5:11 пп

Латын графикасына көшу – өркениеттік мәселе

Автор:admin

Июн 12, 2022

Жаратылысынан жаны таза, намысқой, сөзге шебер, бір ауыз сөздің қадіріне жете білген ата-бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы қандай болуы керек?! Өз елінің баға жетпес мұрасы, төлқұжаты, ұлттық мәдениетінің коды – ана тілін, яғни қазақ тілін жетік білетін, оның сан түрлі қыры мен сырына бойлай алатын тілдің жанашыры, жазу-сызуға сауатты, жетік тұлғасы атануы – үлкен борыш. Сөйлеу мен жазуды айқындап, ойды кемеліне келтіріп, ортақ жетістікке айналуының негізгі көрсеткіші – жазу. Мәдениет те, әдебиет те – жазу арқылы дамитын ғылымның басты тетігі. Әліпби ауыстыру – ана тілімізді басқа тілге (латын тіліне) алмастыру емес, тілімізді түлетіп, қоғам сұранысына сай ету, қолданыс аясын арттырып, осы заманғы ғылыми-техникалық тұрғыдан дамуға икемді тіл ету, тіліміз халықаралық сипат алады. Туыстас түркі тілдерімен қарым-қатынасты нығайту, заманауи техника тілін меңгеру үшін латын әліпбиін таңдауымыздың түпкілікті себебі – осы. Тіл табиғатын сақтап, даму заңдылығын бірізді етіп, тілдің табиғи заңдылығына негіздеп, фонетикалық жүйесін реттеп, орфография қалыпқа келтіріледі. Мектеп қабырғасындағы кейбір теориялық ережелерді заңдастыру, қалыптастыру қажеті артады. Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру кезінде ең алдымен, ұлттық тілдің табиғатын, тазалығын сақтау, қазақтың дыбыстық жүйесін сол қалпында таңбалап бере алатын графиканы енгізу, ұлттық жазу мен тілдік қорды сақтап қалу. Жаңа әліпби бүгінде саны екі жүз миллионнан асатын түркі тектестердің басын қосатын фактор. Қазақ тілінің халықаралық деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді, әлемдік ақпарат кеңістігіне кіруге тиімді болады. Осының барлығы, елдігіміздің тұғырлы болуы мен ұлттық құндылықтарын сақтауға, рухани болмысының жандануы мен жаңғыруына тамаша жағдай туғызады.

2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындау жоспарланды. Осыған орай, бүгінгі таңда латын әліпбиіне көшудің қызу қарқынды жұмысы басталып та кетті. Республикалық, облыстық, қалалық, тіпті шағын аудандарда ұйымдастырушылық, ғылыми және өзге де түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Республика көлемінде өтіп жатқан конференциялар мен дөңгелек үстелдерде филолог ғалымдардың қатысуымен латын әліпбиіне көшудің тарихи, әлеуметтік, тілтанымдық негіздері жан-жақты талқылануда. Халықтың пікірін білу мақсатында түрлі зерттеулер жасалды. Латын графикасына оқытушылар мен оқулықтарды әзірлеу, оқу орындарында оқыту, сауаттылық деңгейін көтеру, қазақстандық білім беру саласы әлемдік білім беру мен заманауи кеңістіктегі артықшылықтарға жетіп, даму жылдамдығына ие болды. Латын графикасына көшу – өркениеттік мәселе. Қазақ тілі жаңа дамуға мүмкіндік, бағыт алып отыр. Осы орайда Қазақстанның латынға көшуі – білім саласындағы орта білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы реформамен тығыз байланысты. Демек, бұл жаһандану кезеңінде ұлттың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға бағытталған ұлттық білім жобасы деген ой тұжырымдалады.

Jsk ақпарат

Автор: admin