• 21 ноября, 2024 8:52 пп

Латын қарпі – қазақ тілінің негізі болмақ!

Автор:admin

Сен 13, 2022

Қазақ тілі — мемлекеттік тіліміз болып табылады. Осы тұрғыда қарағанда, жазуымызды латын әріптеріне көшірудің мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданыс аясын кеңейтуге де қосар үлесі зор деп білеміз. Қазіргі таңда мемлекеттік тіліміз керегесін кеңге жайып, егеменді елімізбен қатар дамып, мемлекеттік тілге деген сұраныс та артып келеді. Сондықтан Қазақстан сияқты бүкіл әлемге танылған елдің мемлекеттік тілінің жазуы да заман талабына сай келуін күнделікті өмірдің өзі талап етіп отыр. Қазір шетелдермен әр түрлі саладағы байланыстардың күшеюіне байланысты осы шараларды рәсімдеу құжаттарын жазуда латын әріптерінің қажеттілігі анық байқалады. Сондай-ақ Елбасының мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы сарабдал саясаты, оның шетелге барған сапарында БҰҰ мәжілісінде қазақ тілінде сөйлеуі қазір мемлекеттік қызметтегі адамдарға ерекше ықпал етті деп айта аламыз. Қазір шетелден келушілер саны көбейіп, Қазақстанға әлемнің назары ауып отырған тұста еліміздегі өзге ұлттармен қатар, шетел азаматтарының да мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасы артып отыр. Мысалы, кешегі Қытай жерінде өткен ән додасында жерлесіміз Димаш Құдайбергеновтың қазақ тілінде ән айтып, елді аузына қаратуы, әншінің шетедік жанкүйерлерінің қазақша ән айтуға, қазақ тілін үйренуге деген ықыласын оятқаны баршаға аян. Қазіргі Қазақстанның дамып, әлем көз тіккен талай маңызды шаралардың ұйтқысы болуы, оның мемлекеттік тілі мен жазуының да осы биіктен көрінуіне түрткі болып отыр. Осындай көптеген жағдайлар, күнделікті өмірдің өзі, жаңа технологиялар заманы қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің қажеттілігін алға тартты.

Сонымен бірге қазақ жазуының латын әріптеріне көшірілуі ел болашағы — жас ұрпақтың оқу-білім және ғылым жолындағы ізденістеріне де жол ашады. Қазіргі заман — жазу заманы, ғылым мен техника, оқу-білім, ақпарат, жаңа технологиялар заманы. Адам жазу арқылы білім алады, жазу арқылы бір-бірімен байланыс жасап, жүрген-тұрғанын, жасаған жұмыстарын да жазып отырады, яғни хаттама, түрлі қатынас іс қағаздары, компьютер, интернет, агент т.б. арқылы хабарласулар — бәрі де жазу арқылы жүзеге асады. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатаны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер т.б. латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Осы жаңа заманда өмір сүріп, білім алу, еңбек ету, белгілі бір мамандықты игеру, т.б. адамның белсенді іс-әрекеттері мемлекеттік тіл мен ағылшын тілінен, оның жазуынан айналып өте алмайды. Сондықтан латын әріптері өркениеттің жазуы ретінде өмірдің өзі талап етіп отырған басты қажеттіліктердің бірі деп білеміз. Латын әріптерімен жазу арқылы басқа тілді де меңгеру, оны жазу да бір-біріне жақындап, бір әріптен екінші әріпке ауысып отыру қиындығын жеңілдетіп, тілдің қолданысына да оң әсер етеді. Осындай жағдайда білім алып, мамандығын шыңдап жатқан жастарға әлемнің қай жерінде жүрсе де кедергі келтірмей, жұмысын жеңілдете түсуге ықпал етеді. Ендеше латын әліпбиінің болашағы да зор.

Jsk ақпарат

Автор: admin