• 21 ноября, 2024 3:53 пп

Латын әліпбиіне көшу-емле ережелері!

Автор:admin

Июн 14, 2022

Бұл шолудан «латын әліпбиіне көшу – тіліміздің емле ережелеріндегі кейбір қиындықтардан құтылудың негізгі жолы»,– екенін байқаймыз. Мәселен, жоғарыда көрсетілген мақала авторлары (Ө.Айтпайұлы, Е.Қажыбек, Ә.Жүнісбек): «Елуінші жылдардың ортасында қазақтың ы, і, ұ, ү тәрізді төл дыбыстарын ысырып тастап, орыс тілінің и, у, я, ю әріптерін төл сөздеріміздің жазылымына енгізгеніміз бар. Оның «жемісін» күні бүгінге дейін теріп жеп отырмыз: орыс-тақы орфографиямен өскен ұрпаққа төл дыбыстың айтылымы бейтаныс көрінетін болды»,– деп ашына жазды. Бүгінгі жас ұрпақтың ң дыбысын мүлдем айта алмайтыны соңғы жылдары баспасөз беттері мен әлеуметтік желілерде жиі жазылып та, айтылып та жүр. Сауаттылық – баспасөз тілі мәдениетінің негізгі талаптарының бірі. Ал жазудағы сауаттылық әдетте емле, тыныс белгілері ережелерін білумен тығыз байланысты. Дұрыс жазу талабы – орфографиялық ережелерді жетік меңгеруді талап етеді. Ал орфографиялық ережелердің жетіктігі алфавиттің тілдің фонетикалық жүйесімен толық сәйкес келуімен байланысты. Осы орайда, қазақ тілінің орфографиялық ережелері соңғы жылдары жиі сынға алынып, оның негізгі кемшіліктері осы алфавитке келіп тірелетіні анық. Қазақ тілінің орфографиялық сөздіктерінің алғашқы басылымынан бастап «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінде» 18 параграфпен беріліп жүрген «Орыс тілінен енген атау сөздердің тұлғасы сақталып, орыс орфографиясы бойынша өзгертілмей жазылады» деген ереже, тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, әлі күнге дейін бұлжымай тұр. Соның дәлелі ретінде осы сөздіктің 2013 жылы шыққан 6 басылымында осы 18 параграф «Орыс тілінен енген атау сөздердің тұлғасы, негізінен, орыс орфографиясы бойынша өзгертілмей жазылады»,– деген нұсқасын көрсетуге болады. Жазу қазақ тілінікі, ереже де қазақ тілінікі, олай болса, неге ол сөздер орыс тіліндегі тұлғасында жазылуы тиіс деген заңды сұрақ туындайды. Бұл ереже тілімізде ғасырлар бойы үндестік заңына сәйкес дамудың эволюциялық жолымен қалыптасқан «қазақ тілінінің төл сөздері не бірыңғай жуан не бірыңғай жіңішке болып келеді» деген қағиданың тас-талқанын шығарып, тілімізді теріс кетірген төңкеріс жасады. Түбір сөздердің осылай орыс тіліндегі тұлғасын сақтап жазылуы оған жалғанатын түрлі қосымшаларды жалғау барысында қиындықтар туғызып жүр. Жалпы емле ережелерін жасауда өте мұқият болу керек. Әрбір бапты талдап, талқылап, апробациядан өткізіп барып қабылдаған дұрыс. Мысалы, 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданғанымен, емле ережесі тек 1957 жылы ғана бекітілді және оған 1983 жылы өзгертулер мен түзетулер енгізілді. Соған қарамастан, ол ереженің жоғарыда көрсетілгендей кейбір кемшін тұстарының бар екені әлі де айтылып жүр.

Jsk ақпарат

Автор: admin