• 24 ноября, 2024 3:35 пп

Латын әліпбиіне көшу халық ұшін маңызды шешім!

Автор:admin

Июл 14, 2022

Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Сондықтан жазу, алфавит адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз. Латын жазуы уақыттың сан ғасырлық сынынан өтіп болды. Қазір әлемдегі халықтың 80 пайызы латын графикасын игеріп, пайдаланып отыр, әлемдегі ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таратылады. Латын әліпбиіне көшу бастамасы Қазақстанның рухани болмысы мен қоғамдық ой-сананы өзгертіп, оны жаңғыртуға зор үлес қосады. Қазақ халқы өз басынан үш алфавит жүйесін өткергенін білеміз. Атап айтқанда, араб әліпбиі (1929 ж. дейін), латын әліпбиі (1929-1940 жж.) және кириллицаға негізделген қазақ әліпбиі (1940 жылдардан бүгінге дейінгі қазіргі әліпбиіміз). Бүгінгі таңда ол уақыт талабына айналуына байланысты латын әліпбиіне көшу ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Тіл саласының білікті мамандары латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жобаларын жасауда қызу талқылауда.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалада латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы жөнінде: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», – деген болатын.

Латын әліпбиіне көшу әлемдік өркениет жетістіктеріне бағытталған стратегиялық маңызы зор үрдіс екендігін жақсы түсінеміз. Қазақ әліпбиін 2025 жылға қарай латын қарпіне көшіру міндетін қойған болатынбыз. Жаңа әліпбидің бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Себебі латын қарпі – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі. Латын әліпбиі рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Өз ерекшеліктерімізді сақтай отырып әліпбиді өзгерту тіліміздің халықаралық аренаға шығуына және ғылыми-техникалық прогрестің заманауи жетістіктеріне жол ашады, әлемдік мәдени тұтастықты нығайтып, коммуникациялық үдерістерге одан әрі интеграциялануға мүмкіндік туғызады.

Барлық озық технологияның тіліне айналған латын әліпбиіне көшу — еліміз үшін, өнеріміз бен мәдениетіміз үшін үлкен рухани құбылыс. Әлемдік өркениет көшінен қалмай, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге көтерілуін қаласақ, латын қарпін қолданысқа енгізудің мәні орасан.

Jsk ақпарат

Автор: admin