• 18 декабря, 2024 1:41 дп

Оңтүстіктен – Солтүстікке көшу мемлекеттік бағдарламасы Түркістан облысында қалай жүзеге асырылуда?

Автор:admin

Дек 15, 2022

Жұмыссыздық, баспананыңжоқтығы қазақ үшін үлкен мәселелердің бірі. Екі қолға бір күрек таппай, отбасынқалай асыраймын деп жүрген азаматтар үшін мемлекет жақсы мүмкіндіктер беріп отыр. Нақты айтсақ, Солтүстікке қоныс аудару арқылы өзіңізге жұмыс та табасыз,баспаналы боласыз, әрі құлазып, бос жатқан Солтүстік өңірдің еңбек нарығына оң үлесіңізді қоса аласыз. Қазақтың әрбір мекені өз жеріміз. Бұл орайда, қоныс аударушының әрбірінде патриоттық сезім болса, барған өлкесін түлетіп, сол мекенге тастай батып, судай сіңеді. Бұл жолы мақаламызғаосындай өз мекенім деп барып, сол өңірге қоныстанып, шәкіртке білім-тәрбие беруде озық үлгі көрсетіп жүрген азаматтарды арқау етпекпіз. Сарыағаш ауданы, Қапланбек ауылында тұрған Аяулым Серікбаева отағасыменөзара ақылдасып, Солтүстікке қоныс аударды. Ол Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев атындағы ауданның Булаево ауылына көшіп барды. Көпбалалы, жас отбасына осы мекеннен баспана берілді. Солтүстік өңірде, әсіресе, мұғалімдер тапшы. Оңтүстіктен көшіп барған отбасылар балаларын қазақ мектебіне бергісі келеді. Ал бұл нәрсе Солтүстіктегі өзекті мәселелердің бірі – өңірде бала саны жетпеуі себепті қазақ мектептері жабылу алдында тұрғанын сондағы жерлестердің желідегі жазбаларынан оқып-біліп отырмыз. Бала саны жеткілікті болса, қазақ мектебі ашылады. Сондықтан Солтүстікке қоныс аударған жерлестер қазақ мектебінің есігіне құлып салынбауы үшін де үлкен көмек екені түсінікті. Олай болмаса, яғни бала саны жетпесе қаракөздеріміз амалдың жоқтығынан орыс мектебінде оқуға мәжбүр. Міне, қазағы да, қоныстанған халқы да тығыз Оңтүстік өңірінен еліміздің Солтүстігіне бет түзеген көш иелерінің мойнында қазақы ғұрыпты қалыптастыру, қазақ тілді мектепті сақтап қалу, өңірдің топырағы құнарлы жерін егін шаруашылығына айналдыру, жер емген жанның қазаны бос, қамбасы тақыр болмайтынын іс жүзінде көрсету сынды күнделікті күйбең тірліктің әрекетімен астасқан аса жауапты жүк тұр. Қазақ мектебін ашып, тіліміздің өрісінің кеңеюіне, сол өңірдің қазақылануына үлес қосып жүрген ұлтжанды азамат, азаматшаларымызды мақтан тұтамыз. Солардың бірі де бірегейі бүгінгі кейіпкеріміз – Аяулым. Солтүстікке орнығып, берекелі тіршілік кешіп жатқан отбасы. Өзі мектепке химия-биология пәнінен мұғалім болып орналасты. Ол мұғалім тапшы өңірде кадр тапшылығының орнын толтырған мамандардың бірі. Жолдасы да музыка және еңбек пәнінен сабақ береді. Бұл отбасы бүгінде мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, жеке шаруашылықтарын да тәп-тәуір жүргізіп отыр. Баспаналары да бар. Істің көзін тапқан деп осындай жандарды айтса жарасады: Аяулым Серікбаева отағасы екеуі мемлекеттен қайтарымсыз грант есебінде алған қаражатқа 4 жылқы, 20 бас қой, 15 шақты сиыр сатып алыпты. Бүгінде малдарын бордақылап, етке өткізіп тұрады. Бұл да болса көпбалалы отбасыға берекелі кіріс көзі болып, балалары да аузы аққа тиіп, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Көпбалалы отбасы мұнымен тоқтап қалмақ емес, олардың келешекке құрған жоспарлары көп-ақ. «Жасыратыны жоқ, алғашқыда туған жерімізді сағынып, кері қайтқымыз келді. Жылы өңірге үйренген жандармыз. Бұл жақта суық. Содан ба, табиғатын да, климатын да тосырқадық. Оңтүстікте күн жылынып, жер әлем жасылға боялып жатқанда мұнда әлі от жағып, үй жылытып жатамыз. Бірақ уақыт өте келе оған да үйрендік. Салқын ауа райына да көндігіп кеттік. Қазір, шүкір, ісіміз алға басып келеді. Тұрақты жұмысымыз бар, айналысатын шаруаларымыз да жеткілікті. Еңбек еткен адамға адал нан мен несібе табылады ғой, соған қуаныштымыз. Балаларымыз мектепке орналасты, сыныптастарына бауыр басып та қалды. Сөйтіп алғашқыдай емес, елге қайтқымыз келмей қалды. Бізде патриоттық рух та бар. «Бұл да қазақтың жері, иесіз қалдырмауымыз керек деген», – дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып. Нұржамал Солтүстікке қоныс аудару тиімді жоба екенін айтады. Ол әсіресе баспаналы болып, кәсіп бастағысы келетін көпбалалы отбасылар үшін бұл үлкен мүмкіндік екеніне сенімді. «Мәселен, өз әулетімізден мысал келтірейін, екі отбасы бір шаңырақта отыр. Тұрақты жұмыстары жоқ, баспаналары да жоқ. Олармен салыстырғанда біздің жолымыз болды, мемлекет қолдауымен көшімізді түзеп, кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. Сондықтан екіойлы, жүрексініп отырған отбасылар болса, еш ойланбастан мүмкіндікті пайдалануға кеңес берер едім», — дейді. Айта кетейік, 5 жыл ішінде – 2017-2021 жылдараралығындаТүркістан облысының 1700 отбасы Қазақстанның Солтүстігі мен Шығысына қоныс аударған. «2017 жылдан бастап 2020 жылдың сәуіріне дейін 35 АЕК қолдаукөрсетілсе көшіп келуге, 2021 жылғы 1 сәуірден бастап әр адамның басына 70 АЕКқолдау көрсетіліп жатыр. Бұл дегеніміз 204 190 теңге. Яғни, бір үйде 5 адамболатын болса, ол кісілер миллионнан астам қаражат алады көшіп келуге», — дейдімамандар бұл туралы. «Еңбек» бағдарламасы аясында көші-қон Солтүстікке көшуге бел буған отбасы бір жыл бойы баспанамен тегін қамтылады. Қала берді оларға берілетін қолдау құны да көтерілген. Айта кетейік, қоныс аударуға ниетті отбасының бір мүшесі мамандық иесі болуы міндетті. Әсіресе педагогикалық мамандық иелері үшін үлкен мүмкіндік – Солтүстік облыстарда қазақ тілі мен әдебиеті, физика, химия және дене шынықтыру мұғалімдерінің ауадай қажет екен. Яғни оларда жұмысқа орналасу жөнінен қиындық болмайды деген сөз. Сонымен бірге, Солтүстік өңірдің ауылды елдімекендеріне көшіп барған Оңтүстік азаматтарына жер телімдері конкурссыз берілуі мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, Оңтүстіктен Солтүстікке көшкен азаматтардың бизнес-идеясы болса, олар «Бизнес-Бастау» жобасы арқылы оқытылады.Егер «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жас кәсіпкер туралы оң пікір білдірсе,оған 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант беру мүмкіндіктеріқарастырылуда. Үлкен мүмкіндік! Нұржамал Тамбетова айтқандай, қазақтың жері байтақ қана емес, баршамызға ортақ. Құнарлы жерді игеріп, мамандық бойынша жұмысқа орналасып, ыңғайлы баспана алып, тиімді кәсіп жүргізу үшін бұдан басқа қандай қолдау қажет?! Ендеше, тәуекел ет, Оңтүстіктегі ағайын! 2017 жылдан бастап Қазақстанда халық тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардан жұмыс күші тапшы солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы жүзеге асырылды. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушыларға қандай көмек көрсетілетінін анықтады. Биыл сәуірде Премьер-министрдің экс-орынбасары Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен солтүстікке қоныс аударушыларға жаңа жоба әзірленгенін айтты. Ал еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың сөзінше, бастапқыда бұл шаралар нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көзделген болатын. «Биылдан бастап олар «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылып жатыр. Ерікті түрде қоныс аудару екі мәселені шешуге мүмкіндік береді: өз өңірлерінде жұмысқа орналаса алмаған қазақстандықтарды жұмыспен қамтамасыз ету және жұмыс берушілерді қажет еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету», — деді еңбек министрі Тамара Дүйсенова. Еске салайық, өңіраралық ерікті қоныс аударуға жұмыс іздеп жүрген адамдар, жұмыссыздар және олардың отбасы мүшелері қатысады. «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасымен Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары, сондай-ақ, Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалалары қоныс аударушылардың шығу өңірлері болып айқындалды. Ұлттық жоба шеңберінде ерікті түрде қоныс аударуға қатысушылар үшін субсидиялар түрінде мынадай мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады: отбасының әрбір мүшесіне көшуге 70 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем (2022 жылы — 222,6 мың теңге); тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындарын жабу үшін төлем 1 жыл ішінде ай сайын төленеді. Төлем мөлшері қалаға қоныс аударғандар үшін бір адам үшін 20 АЕК — тен (61,3 мың теңге), отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп адам болса 30 АЕК-ке (91,9 мың теңге) дейін, ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін — бір адам үшін 15 АЕК-тен (45,9 мың теңге) бастап, отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп болса 21 АЕК-ке дейін (64,3 мың теңге). Ерікті қоныс аударушыларға жұмыс орындары және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа да шаралары ұсынылады. «Серпін бағдарламасы» — халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру. Сондай-ақ, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге көмек көрсетіледі. Өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа орналасқан және тұрғын үймен қамтамасыз етілген әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Мемлекет жұмыс берушілерге қоныс аударушылар үшін ауылдық жерлерде жаңа тұрғын үй салуға жұмсалған шығынның 50 пайызына дейін субсидиялайды. Айта кетейік, бұл жобаны іске асыру үшін 2022 жылы 7,2 миллиард теңге қарастырылған. Бүгінде оңтүстіктен солтүстікке 8,1 мың адам қоныс аударған. Мемлекеттік маңызы зор, аса өзекті мәселелердің бірі – көші-қон. Елімізде көші-қон саясатына ежелден баса мән беріліп келеді. Себебі, жер аумағы кең мемлекетте халықтың жайлы қоныстануы – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың кепілі. Әрбір азаматтың орнықты жұмысы, баспанасы бар болса, бұл халық өсіміне де оң әсер ететіні анық. Еліміздегі демографиялық ахуалды, жұмыссыздық мәселесін ескере келе мемлекет қандай әрекеттер жасады, қандай бағдарламалар қабылданды, нәтиже бар ма? Міне, осы өзекті тақырыпты қозғап көрейік. Ұлан-байтақ даласы мен сәулетті қалалары бар қазақ жерінің облыстары бір-бірінен шалғай орналасқан. Сондықтан да болар, әр өңірдегі халық өсімі де, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы да әр-алуан. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі соңғы он жылдықта ішкі миграцияны терең зерттеп, жұмыс күші артық, халық өсімі қарқынды оңтүстік өңірлерден халықты солтүстікке көшіруді қолға алған болатын. Яғни, Алматы облысы, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау аймақтары тұрғындарының біраз бөлігін Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарына көшіруге шешім қабылданды. Солтүстікке қоныс аударуға негізінен 18-35 жас аралығындағы жұмыссыз азаматтар келіседі. Себебі, осы жастағы азаматтардың көпшілігі белгілі бір салада білімін жетілдіргісі келеді, енді бірі жоғары біліміне сай маман болуды көздейді, енді бірі жеке кәсібін ашуды көздейді. Халық өте тығыз орналасқан Алматы, Астана, Шымкент секілді қалалар мен Оңтүстік өңірлерде қалаған жұмысына орналасу немесе жеке кәсібін дөңгелетіп әкету екінің біріне бұйыра бермейді. Керісінше, жұмыс күші тапшы солтүстік аймақтарға білікті мамандар ауадай қажет. Сонымен қатар, солтүстік өңірлердегі ауылдық жерлерде бала саны аз балабақшалар мен мектептер де жетерлік. Осының бәрін ескере келе Қазақстанда 2013 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы қабылданған болатын. Осы бағдарламада жұмыс күші тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті отбасыларды көшіру туралы барынша анық жазылған. Еліміздегі әр облыс осы бағдарламаға сәйкес жоспар құрып, халық арасында насихат жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылар саны жылдан жылға арта түсті. Аталған бағдарламаны жасауды тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында ең алғаш рет қозғап, еліміздегі жұмыс күші тапшы өңірлерге халқы тығыз орналсқан өңірлердің азаматтарын ұтымдылықпен тарту қажеттігін алға тартқан еді. Халық тығыз орналасқан өңірлерден азаматтарды солтүстікке көшіру үшін ең алдымен оларды жұмыспен қамтамасыз ету қажет екені айдан анық. Ауылдық жерге көшкі келетін жандарға жер беру, кәсібін ашуға қолдау көрсету оларды ынталандыра түседі. Халықты біркелкі жайғастырып, оларға жағдай жасау, халықтың өз еркімен қоныс аударуы, сөйте тұра еңбек ресурсын тиімді ету көші-қонды дұрыс реттеуге байланысты болады. Сонда ғана Оңтүстіктен Солтүстікке көшкен әрбір азамат түрлі салада қызмет етіп, мемлекеттің көркеюіне үлес қосады. Статистикалық мәлеметтерге сәйкес, Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы жергілікті тұрғындар саны 17 пайыз, ал оңтүстікте 38 пайызды құрайды екен. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы солтүстік өңірге 19 мың адам қоныс аударған. Осы уақытқа дейінгі аралықта оларға барлығы 5,4 мың қызметтік пәтер мен жатақханадан бөлме беріліп, еңбекке алаңсыз араласып кетулеріне жағдай жсалады. Жалпы мемлекеттен солтүстік өңірге қоныс аударушыларға жан-жақты қолдау көрсетіліп, әрбір отбасының жұмысқа қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға айрықша мән беріліп келеді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2018 жылы аймақтық квота бойынша 6766 қазақстандық оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған. 2019 жылы солтүстікке 700 отбасын көшіру, 2018-2022 жылдары барлығы 59 мың жанұяны солтүстікке көшіру жоспарланған. Қазақстан Республикасының «Көші-қон туралы» заңына сәйкес Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарынан қоны аударуға ниетті азаматтарды Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстандыру қарастырылған. Өйткені жоғарыда аталған оңтүстік өңірлерде соңғы 10 жылда халық санының жыл сайынғы өсімі – 2 пайызды құрап отыр. Халықтың тығыз орналасуы – бір шаршы шақырымға 6,4 адамнан келеді. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында еңбек ресурстарының тұтастығы үшін Үкімет белгілеген аймақтарға өз еркімен қоныс аударған тұлғаларға мемлекеттік қолдау көрсетіп келеді. Солтүстікке көш түзегендерге түрлі жеңілдіктер мен қаржылай жәрдемақы беріледі. Жаңа қонысқа көшушілер тұрғылықты орнына жетіп, мекен-жайына тіркелген соң, олардың жол шығынын жергілікті атқару органдары, жұмыспен қамту орталығы қайтарып береді. Өз өңірлеріне көшіп келген азаматтарды қоныстандыру, жұмыс беру, еңбекке араласуына мемлекеттік қолдау беру, көші-қонына субсидия төлеу, баспана мәселесіне көмек көрсетуге жергілікті атқамінерлер мүдделі. Оңтүстік өңірлерден солтүстікке көшуге ниетті адамдарды ынталандыру үшін қоныс ауаударғандардың шығындары 35 АЕК көлемінде өтеледі. Жұмыс күші тапшы аймаққа қоныстанған әр отбасының әрбір мүшесіне 88,3 мың теңге көлемінде қаржы беріледі. Олардың бір жыл бойы жалдап тұратын тұрғын үй шығыны субсидияланады. Бағдарламаға қатысушыларға және оның әрбір отбасы мүшесіне республикалық бюджеттен бір реттік жәрдемақы төленеді. Қалалық жерге қоныс аударғандарға 48 100 теңге төленсе, отбасы мүшелерінің саны екеу-ден төртеуге дейін болса – 60 125 теңге, ал 5 немесе одан да көп болса 72 150 теңге төлеу қарастырылған. Ауылдық жерге қоныс аударғандарға бір жыл бойында ай сайын 36 075 теңге беріліп отырады. Отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 43 290 теңге, 5 не одан да көп болса – 50 505 теңге материалдық көмек көрсетіледі. Қоныс аударушылар арасында бірден баспана сатып алғысы келетіндер де бар. Олар мемлекеттен өздеріне бір жыл бойы берілуі тиіс қаражаттың бір жылдық ақысын бірден алып, үй сатып алуына болады. Ол үшін негізігі талап бойынша отбасындағы кемінде бір адам жұмыспен қамтылуы керек. Жұмысқа орналасу үшін көшіп келуші азамат өзі қоныс тепкен ауыл-аймақтағы жұмыспен қамту бөлімдеріне мамандығы бойынша жұмыс тауып беруін сұрап, өтініш жазғаны жөн. Жергілікті атқарушы билік өзіне артылған міндет бойынша, еңбек жасындағы бір азаматты жұмыспен қамтуы керек. Егер азаматтың ешқандай мамандығы болмаса, оларға орта кәсіби білім беріледі, бұл тегін жүзеге асырылады. Қоныс аударушылардың балалары балабақшаға және мектепке кезексіз қабылданады. Мал және егін шаруашылығы бойынша өз кәсібін ашқысы келетіндерге жер телімі Үкімет тарапынан тегін беріледі. Қолында бизнес жоспары бар азаматтарға 6 пайыздық төмен мөлшерлемемен несие беріліп, «Бизнес бастау» бойынша тегін курстардан өтуге жіберіледі. Айта кетерлік тағы бір ұтымды бағдарлама – «Серпін». Бұл бағдарлама бойынша оңтүстіктен келген жастарға солтүстік өңірлердің жоғары оқу орындарынан грант алу мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінге дейін бағдарлама аясында 5 627 жас солтүстіктегі оқу орындарында білім алған. «Серпін» бағдарламасымен оңтүстіктен солтүстікке көшкендерге 79 мың теңге беріледі. Жоғарыда аталған бағдарламаларға соңғы бір жылда Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде тіркеуде тұрған азаматтар ғана қатыса алады. Бағдарламаға жыл он екі ай қатысуға болады. Отбасын құрмаған жалғыз адам солтүстікке қоныс аударғысы келсе, оған қойлатын талап – белгілі бір мамандық бойынша жоғары білімі болуы. Ал жанұлы адамдар үшін ең болмағанда отбасындағы бір адамның дипломы болуы шарт. Бағдарлама бойынша емес, өз еріктерімен немесе отбасылық жағдайларына байланысты солтүстік өңірлерге көшіп жатқан адамдарға мемлекет тарапынан да, жергілікті биліктен де көмек қарастырылмаған. Егер көшіп барған адам қандай да бір себеппен солтүстікке үйренісе алмаса, өзінің келген жағына кері қайтамын дегендер болса, келісімшарттарының мерзімі (6 ай немесе 1 жыл) аяқталса, жауапкершілікке тартылмайды. Ал бағдарлама бойынша құжаттарын рәсімдегендер келісімшарттың мерзімі бітпейінше, кері қайта алмайды. Келісімшартты бұзғандар жол шығындары мен мемлекеттен алған барлық қаражатты қайтарып беруі керек. Қорыта келгенде айтарымыз, жоғарыда аталған бағдарламалар жұмыссыз жүрген адамдардың бәрін оңтүстіктен солтүстікке көшіруді мақсат етпейді. Негізгі бағыт оңтүстіктегі бос жұмыс күшін мамандықтарына сәйкес солтүстіктегі бос орындарға орналастыру. Мысалы, солтүстік өңірлерге мұғалімдер (орыс және орыс әдебиеті пәні мұғалімі, ағылшын тілі мұғалімі, математика, химия, физика мұғалімі, бастауыш сыныптың мұғалімдері), дәрігерлер (акушер, акушер-гинеколог, маммограф, маммолог, дәрігер-невропатолог, дәрігер-офтальмолог, тіс дәрігері, балалар дәрігері, терапевт, хирург, құлақ-мұрын, тамақ дәрігері, мейірбике), электрші, тракторшы, механизатор, нан пісіруші, құрылысшы, агроном, сатушы, мал дәрігері, көлік жүргізушісі, еден жуушы жетіспейді. Міне, бағдарлама аясында соңғы 4-5 жылда бос тұрған жұмыс орындары осындай мамандармен толықты. Ең маңыздысы, қоныс аударушылар халық аз шоғырланған Солтүстік, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының ауыл-аймақтарын сақтап қалуға өз үлестерін қосуда. Оңтүстіктен солтүстікке көш әлі де жалғаса бермек… Еліміз үшін маңызды мәселелердің бірі – Көші-қон мен демография. Бұл өзекті мәселе дербес мемлекет болғалы ел басшыларын да, халықты да толғандырып келеді. Қазақстанның жер аумағы кең болғанымен, халқымыз ат төбеліндей ғана. Ресми статистикалық деректерге үйенсек, соңғы 10 жылдықта елімізде қалаға көшкендер саны артып кеткен. Сондай-ақ еліміздің солтүстігінде жұмыс күші азайған. Керісінше, оңтүстікте халық саны артып, жұмыс жетіспейді, балабақша, мектеп тапшылығы сезіледі. Міне, осы орайда кейінгі жылдары халықты жаппай жұмыспен қамту мақсатында көші-қон бағдарларамасы әзірленген еді. Осы бағдарламаларға негізделген жұмыстар енді жеміс бере бастады. Қазақстанда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде білікті мамандарды оңтүстіктен солтүстікке көшіру мәселесі ұтымды шешімдердің бірі болды. Соңғы жылдары елімізде ішкі еңбек миграциясына ерекше көңіл бөлініп отырғанын байқаймыз. Басы артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге, ауылдардан қалаларға халықты ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсетудің нәтижесінде солтүстік өңірлерде алға жылжу бар. Осы бағдарламаның шеңберінде атқарылған игі іс-шаралардың бір – еліміздің Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген делегацияның қатысуымен оңтүстік өңірлерде жұмыссыздарға арналған «Өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің» ұйымдастырылуы. Жәрменкелерде халқы тығыз орналасқан Оңтүстік өңірінде о баста республикамыздың 4 облысы жергілікті тұрғындарға жұмыс орындарын ұсынды, берілетін жеңілдіктер жайлы халыққа түсіндірді. Осындай насихат жұмыстарынан кейін Ел ішіндегі көшіп-қонушылар саны 19% өскен. Ресми сандарды сөйлетіп көрсек, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметі бойынша Қазақстанда халық саны 2019 жылдың тамыз айындағы көрсеткіші бойынша, 8 млн 529 мыңға жеткен. Жыл басынан бері халық саны 0,72 пайызға артып отыр. Қазір елімізде қала тұрғындарының жалпы саны – 11 млн -ға жуықтады, яғни Қазақстан халқының 58,3%-ын қалалықтар құрайды. Ауылдарда 8 млн-ға жуық адам тұрады, олар республика халқының 41,7%-ын құрайды. 2019 жылдың басынан бері Қазақстанға келушілердің саны 10,8%-ға қысқарса, кеткендер саны 19,8% өскен. Ел ішіндегі көшіп-қонушылар саны 19% өскен. Өңіраралық көші-қонның оң сальдосы Маңғыстау облысында (515 адам) және Шымкент (4 144), Нұр-Сұлтан (10 936) және Алматы (11 540) қалаларында байқалады. Көшіп-қонушылардың жартысынан көбі Павлодарға (31%), Шығыс Қазақстанға (27%), Солтүстік Қазақстанға (22%), Қостанай облысына (16%) қоныстанған. Олардың басым бөлігі Түркістан облысынан (36%), Алматыдан (28%), Жамбылдан (15%), Қызылордадан (13,5%), Маңғыстау облысынан (2,7%) көшкен. Қоныс аударушылардың 48 % немесе 3 665-і жұмыс жасындағы жандар. Олардың ішінде 2020 адам немесе 70% жұмыспен қамтылды. Бұдан басқа, 180 адам кәсіпкерлік қызметпен шұғылданады. Негізі халықтың қолайлы өңірге қоныс аударуға ұмтылуы қалыпты жағдай. Осы орайда халықты тұрақты табыс көзі бар жұмысқа орналастырып, баспанамен қамтамасыз ету, бағдарламаға қатысушылар арасында кәсіпкерлікпен айналысуға ынталы қолдау білдіру, жеңілдіктер жасау да қалыпты жағдайға айналуы заңды. Айта кету керек, мемлекет тарапынан ерікті бағдарламаға қатысушыларға 35 айлық көрсеткіш бойынша, яғни отбасының әр мүшесіне 88 мың теңге төленеді. Бағдарламаға қатысушының отбасына 12 ай бойы тұрғын үйді жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарын өтеуге 37875-75750 теңге аралығында материалдық көмек беріледі. Қажет болған жайғайда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымына және қысқа мерзімді кәсіптік курстарға тегін оқытады. Балабақша, мектеп, аурухана мәселелерін де жергілікті билік өзі шешіп береді. Үй салып, жеке шаруашылық ашамын дейтін тұрғындарға ауылдық жерлерден тегін жер телімі беріледі. Яғни, тұрмысын жақсартам, еңбек етем деген адамға бұл таптырмас мүмкіндік.  Еліміздің оңтүстігінде этникалық өзбектердің көп тұратыны белгілі. Қазақстанда жүргізіліп отырған еліміздегі жұмыс күші артық өңірлерден халықты жұмыс күші жетіспейтін аймақтарға көшіру бағдарламасына орай өзбектерге де солтүстік аймақтарға қоныс аудару ұсынылды. Яғни, тұрғынардары тығыз орналасқан Түркістан облысында тұратын өзбек диаспорасы өкілдерінің ерікті түрде Солтүстік өңірлерге қоныс аударып, жұмыс істеуіне, кәсіппен айналысуына мүмкіндігі бар. Оңтүстікте «Еңбек» бағдарламасын тұрғындарға кеңінен түсіндіру жұмыстарымен Аманат партиясы Түркістан облыстық филиалы айналысуда. Бағдарламаның артықшылықтарын айтып, халықты хабарлар ету үшін партия өкілдері облыстың бірнеше аудандарында тұрғындармен кездесулер ұйымдастырды. Түркістан облыстық филиалы Сайрам ауданын аралап, насихат жұмыстарын жүргізген болатын. Ақпараттық-насихаттық топ құрамында Түркістан облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев,Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ғ.Рысбеков, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары М.Оразалиев, аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Әбдіқадыров және облыстық мәслихат депутаттары Ж.Ағабеков, Б.Нышанқұлов тағы басқалар болды. Ауданға арнайы келген партия мүшелері мұндағы өзбек диаспорасын «Еңбек» бағдарламасына белсенді қатысуға шақырды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде оңтүстік өңірден 52 отбасы солтүстікке көшуге ынталы екендерін айтты. Айта кетейік, еліміздің оңтүстігінде тұрғындар саны көбейіп, керісінше солтүстік аймақтарда халықтың өсуі тежеліп, көшіп кетушілер саны артып, мамандар жетіспей, өңірлер арасында теңсіздік алшақтай бастағандықтан Елбасы бастамасымен 2015 жылдан бері «Еңбек нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» жүзеге асырылып келеді. Түркістан облысы басшылығы келтірген деректерге сүйенсек, бағдарлма бойынша соңғы 4 жылда облыстан солтүстікке 881 отбасы немесе 3377 адам қоныс аударып, оларға мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек көрсетілген. Түркістан облысы Сайрам ауданындағы халық саны тығыз орналасқан елдімекендердің бірі – Қарабұлақ. Мұнда 60 мыңнан астам халық тұрады. Жалпы өңірде 400 мыңдай өзбек ағайын бар. Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Дәулетұлы шаруаға пысық өзбек ағайындар солтүстік өңірлерге қоныс аударса, өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосар еді деп санайды. Әрі қоныс аударушы өзі де жұмыспен қамтылып, баспаналы болып, кәсіппен айналысар еді дейді ол. Жиында сондай-ақ Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ғ.Рысбеков «Оңтүстіктен Солтүстікке көшіру» бағдарламасының маңызы туралы баяндама жасады. Солтүстікке қоныс аударған жерлестеріміздің тыныс-тіршілігімен жақында ғана танысып қайтқан насихаттық топ мүшелері ауыл тұрғындарына мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдаулар мен мүмкіндіктер туралы кеңінен түсіндіріп, олардың сұрақтарына жауап берді.

Jsk  ақпарат

Автор: admin