• 24 ноября, 2024 2:06 дп

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ ЖАҢА ӨҢІРЛЕРДІҢ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРДІ

Автор:admin

Дек 23, 2023

Мемлекеттің дамуы – өңірлердің гүлденуі мен өркендеуіне тікелей байланысты. Ал, өңірлерде саяси және экономикалық ахуалды жетілдіріп отыру – уақыт талабы. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі оның аумақтық құрылымы бірнеше рет өзгерді. Бірде облыс саны көбейсе, бірде азайып отырды. Атап айтқанда, егемендік алған 1991 жылы елімізде 19 облыс болса, 1997 жылы 14 облысқа қысқарды. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды. Осылайша, жаңа бағытқа бет бұрған Жаңа Қазақстан жас облыстармен толықты.

Жаңа облыстарды құру тек экономикалық қана емес, әлеуметтік, мәдени және рухани тұрғыдан да маңызды шешім. Өйткені бұл аймақтардың ішкі инфрақұрылымы әбден тозып, халықтың да тұрмыс-тіршілігі төмендеп кеткен. Мемлекет басшысының 2019 жылғы Жолдауындағы тапсырмасы негізінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба қолға алынған еді. Жоба өңірлердегі инфрақұрылым, халықтың тұрмыс деңгейін, білім, денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған. Содан болар Президент Қ.Тоқаев 2022 жылдың көктеміндегі «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында өңірлерді жетілдіруге ерекше мән беріп, осыдан 25 жыл бұрын облыс мәртебесінен айырылған өңірлерге осы атауын қайтарып беруді ұсынды.

Жаңа құрылған Абай облысының құрамына 8 аудан мен 2 қала енді. Шығыс Қазақстан облысынан бөлініп шыққан бұл өңірдің аумағы 185,5 мың шаршы метр. Орталығы – Семей қаласы. Қазір облыста 638,3 мың адам тұрады. Мұндай аумақтық бөлініс жаңа құрылған облысқа инвестицияның келуіне, өнеркәсіп пен орта бизнеске жағдай жасайды. Қазір аймақта республикалық бюджеттен тікелей қаржыландыру жүзеге асып жатыр. Облысты ұлттың ұлы тұлғасына ерекше құрмет белгісі ретінде Абай деп аталуында да ерекше мән жатыр. Өйткені Семей мен Абай бір-бірінен ешқашан ажырамайтын ұғым.

Мемлекет басшысы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құруды ұсынған еді. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды. Өйткені кең байтақ қазақ даласының жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымызда алар орны ерекше. Ежелден ел тағдырын шешетін ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте жоғары. Жалпы, өңірдің өндірістік қуатын, логистикалық әлеуетін ұтымды пайдалануға жол ашылды. Жаңа өңір құрылғаннан бүгінге дейін облыс экономикасына 247 млрд теңге инвестиция тартылыпты. Өңірге құйылатын қаржы алдағы уақытта да өспесе, кемімесі анық.

Жаңадан құрылған тағы бір облыс – Жетісу. Бұл өңір Алматы облысын екіге бөлу арқылы құрылған болатын. Өйткені халық санының көптігі, одан кейін облыс орталығы мен аудан-ауылдар арасының қашық болуы өңірдегі азаматтар үшін проблемаға айналған еді. Халықтың жұмысын жеңілдетіп әрі аймақтың дамуына жаңа әр беру үшін Жетісу облысы маңызды шешім болды.

Жаңа облыстар құрылу арқылы көпшіліктің көкейіндегі мәселенің көбін шешіп отыр. Облыс мәртебесінен айырылып, өңірлерде тұрғындар саны азайып кеткен сәтте олқылықтың орны толды. Сөйтіп, еліміздегі облыстар саны 17-ге жетті. Бүгінге келіп, өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартып, ішкі инфрақұрылым мен өндірісті дамытып, жалпы аймақтың әлеуетін арттыру жұмыстары қарқын алып отыр.

Рысбаева Сәуле Жақсыбайқызы,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының доценті, саяси ғылымдар кандидаты

Автор: admin