• 12 декабря, 2024 4:54 дп

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: ЖЕТІСАЙДА ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ СЕНБІЛІК ӨТТІ

Автор:admin

Дек 11, 2024

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы қолға алынған. Мәселен бүгін Түркістан облысына қарасты, Жетісай қаласында жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды. Атқарылған жұмыстар барысында республикалық, облыстық маңызы бар автожолдар мен ішкі көшелердің бойы күл-қоқыстардан тазартылды. Сонымен қатар, арық-атыздар қатты тұрмыстық қалдықтардан тазаланды. Нәтижесінде сенбілікке 13 техника мен 1 мыңнан астам адам жұмылдырылып, 10 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Жетісай қаласының ардагерлер қауымдастығының төрағасы Мұңалбек Жұмабаевтың сөзінше, қалада шара экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сонымен қатар, қалада бағдарлама аясында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғасатындығын және апта сайын ұйымдастырылатындығын жеткізді.
Жалпы бағдарлама басталғаннан бері облыстағы сенбіліктер мен тазалық жұмыстарына 300 мыңнан астам тұрғын қатысып, 1 500-ден астам техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 1 милионға жуық ағаш отырғызылып, 3 389 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында сәуір айынан бастап жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижелерінде 2 880 қоқыс үйіндісі анықталып, толық ретке келтірілген. Қазіргі уақытта 6 400-ге жуық шақырым жолға 259 арнайы техника, 655 жұмысшы және 9 мың текше метрден астам құм мен 5 800 тонна инертті материал дайын тұр. Қыс мезгілінде республикалық және облыстық маңызы бар жолдар мен аяқжолдарды қардан тазарту жұмыстарының орындалу барысы қатаң бақылауға алынған.
Еске сала кетейік, экологиялық шаралары барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы бойынша «Үлгілі ауыл» байқауы қолға алынған болатын. Осы орайда, Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылы «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазы атанған болатын. Байқау өңірдегі ауылдардың экономикасын өркендетіп, тұрғындар үшiн қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында қолға алынған. Жалпы өңірдегі «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында іс-шаралардың ұйымдастырудың рейтингі бойынша Түркістан қаласы және Бәйдібек, Жетісай, Мақтаарал, аудандарының көрсеткіштері жоғары болса, Шардара, Отырар аудандары және Арыс, Кентау қалалары орта деңгейдегі көрсеткіштерге қол жеткізді. Ал, Сайрам, Төлеби, Түлкібас, Созақ, Сарыағаш, Сауран, Қазығұрт, Келес, Ордабасы аудандарының көрсеткіштері төмен деңгейде. Қоршаған ортаны қорғау және абаттандыру бойынша тиімді шаралар қолға алынып, өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жұмыстар әлі де жалғасады.

Автор: admin