• 24 ноября, 2024 3:48 пп

Теңге тиыннан… Қаржылық сауаттылығымыз қандай деңгейде?

Автор:admin

Апр 19, 2024

Халық арасындағы көпшілік пікірге сүйенсек, халықтың 90 пайызы қолыма ақша тұрмайды, ақша жинай алмаймын, үйге ана дүние керек, балама мына киім керек деген сылтаулармен ақша жинаудан бас тартады. Ғаламторға жүгінсеңіз, ақша жинаудың сан мың түрлі тəсілі бар. Өзге тілдерде контент те көп, əдіс те көп. Бірақ, біздің қаржылық жағдайымыз кейбір триллионерлермен салыстыруға келмейтіндіктен, əр отбасы өзінің мүмкіндігіне сай жоспар жасауы керек. Десек те еске ұстайтын бес əдетті айта кетейік! Біріншіден, ақшаны үнемдеп, оны жинақтауды күнделікті көлік жүргізіп, тамақ пісіретініңіздей саналы түрде қабылдауыңыз қажет. Егер психологиялық түрде дайын болмасаңыз өзіңізді де, өзгені де моральді тұрғыда қажытасыз. Екіншіден, тамақ алуға тамақтанып шығыңыз. Мүмкін, күлкілі шығар, бірақ, дəлелденген дүние. Қарныңыз аш кезде алынған айран-иогурт, тағы басқа тез мерзімі өтетін тамақтардың тоңазытқышта тұрып, желінбей қалуы əбден мүмкін. Үшіншіден, қомақты ақша жұмсайтын кезде ол дүниенің өзіңізге 5 түрлі қажеттілігін анықтаңыз. Өте қажет дүние ме, əлде жай «жұрттан кем болмау» синдромы ма? Егер, тауарлық несиемен бөліп алсаңыз, сол төлем жасайтын уақыт аралығында ол сізге үзбей қызмет көрсете ме? Жаздың жартысында ғана қолданылатын салқындатқыштың немесе қыста санаулы уақыт киетін құндыз тонның ақысын жыл бойы төлеуге дайынсыз ба? Осылардың бəрін ой елегінен өткізіп саралап алыңыз. Төртіншіден, күнделікті пайдасыз əдеттерден бас тартыңыз. Мысалы, темекі, шемішке, шырын, сағыз жəне басқасын 200-300 теңге ғой деп мəн бермеуіңіз мүмкін. Бірақ, есептеп көрейік. 300 теңгелік шемішке немесе шырынды күн сайын сатып алсаңыз, 300 теңгеден 365 күнде-109 500 теңге, оны 10 жылға көбейтсеңіз-1 095 000 теңге. Осылайша, миллиондарды өз қолыңызбен қоқысқа тастағаныңызды түсінесіз. Бесіншіден, жинағыңызды жүйелі басқарыңыз. Қаржылай сауатты, өз саласының білгірлерімен ғана кеңесіп жинағыңызды көбейтіңіз. Тек, жүз мыңды əп-сəтте екі жүз мың етіп беретін ертегіші-алаяқтардан аулақ болыңыз. Жоғарыда айтқанымыздай, барлық жинақ пен жарату ісіне отбасы мүшелері бір кісідей жиылып, бір мақсатқа қарай жүрсе алынбайтын қамал жоқ екені белгілі.

 

Jsk ақпараттық орталығы

Автор: admin