Бұлай айтуыма не себеп? Жақында @Koza4kov_bot арнасында бір видео пайда болды. Ол бейнетүсірілімде тауықтардың халал белгісімен елге кіргенін көруге болады. Бірақ бұл шекарадағы фураның құжаты қандай болған? Құжатында азық-түлік, яғни жеміс-жидек болып шыққан дейді, жоғарыда аталып өткен телеграм арна. Қазақстан 12 жылдан бері тауық өнімдерін аспан асты елінен импорттамайтынға ұқсайды.
Олай болса тауық еті біздің елде неғып жүр?! Жалпы контрабандистердің арманы не? Менің ойымша жеңіл әрі тез сатылатын бұл өнім, кәсіпкерлерге тиімді екені сөзсіз. Жалған құжат жасап оны арзан бағамен алып, қымбатқа сататын делдалдардың да жоқ емес екені бесенеден белгілі. Құрметті салаға жауапты басшылар! Шекарадан қандай заттар өтіп жатыр, оны кімдер өткізіп жатыр? Осыған мән берсеңіздер. Үйткені арзанның сорпасы татымайтыны түсінікті. Бұл тауық еттері ертең дүкендердің сөрелерінен табылып, мейрамханаларда тағам жасалып, халқымыз жаппай уланып жатса, сұрауы кімнен?! Мемлекетіміз тегіннен-тегін бұл өнімдердің елге кіруіне тыйым салмаған болар! Яғни стандарттарға сәйкес болмаған есепті, бұл өнімдердің мемлекетімізге импортталуына шектеу қойған жоқ па? Бұл қандай пысықайлардың істеп жатқан дүниесі? Назар аударып, шекарадағы өнімдердің қалай өтіп жатқанын назарға алсаңыздар!
Біздің заңнамаға сәйкес шекара, кедендік, фитосанитарлық және ветеринарлық қызметтер шекарадағы тәртіпке жауап береді. Ал өнімдердің сапасына жауап бермейтіні белгілі! Ауылшаруашылығы министрлігі, инспекция сіздер қайда қарап отырсыздар? Жалпы тексеру, мониторинг жұмыстары жүйелі жүргізілеме? Естеріңізге сала өтейін өткен жылдың соңында Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің отырысында бұл тақырыпты табиғат қорғау заңнамасының сақталуын қадағалау тобы басқармасының аға прокуроры Бауыржан Мұқашевта көтерген болатын. Ол шекаралық бақылау мәселесі өзекті болып қала беретінін сол кезде растаған еді. Мысалы үшін айтайық өткен жылдың тамыз айында ғана Шымкенттегі қадағалау органының тексеруі нәтижесінде Қытайдан шыққан 37 тонна тауық еті табылған. Ол өнімдер шекарадан қалай өткен сонда? Кейінірек бұл өнімдер құқық қорғау органдары тарапынан жойылған еді. Жалпы тақырып аясында
Шымкент қаласына ойыссақ, мегаполис прокуратурасының мәліметінше, 2023 жылы елге 9 мың тоннаға жуық тыйым салынған өнім әкелінген, оның үштен бірінен астамы Шымкентте болған. Шымкент қаласының салаға жауапты органдарының арқасында, бұл қылмыстың беті ашылып отыр. Демек шекарадан өтетін өнімдердің құжаты мен нақтылай өнімі бір-біріне сәйкес келмейді деген сөз. Бұл мәселеде кім жауапты?! Сертификаты жоқ, нақтылайтын құжаты жоқ өнімдер қалай өтті?! Құрметті құқық қорғау органдары! Мәселеге назар аударып, шекараға көз салсаңыздар! Бармақ басты көз қысты болмасын! Бұл ұлттың қауіпсіздігі! Контрабандистердің арзан тауығы, біздің елге не үшін қажет?! Қылмыскерлерді тауып, тиісті жазаларын беріп, салаға жауапты тұлғалардың іс-әрекеттерін бақылауға алуларыңызды сұраймын!
“Jsk.kz” ақпараттық агенттігінің директоры-бас редакторы Сағындық Жанысбаев
