• 31 октября, 2024 1:34 дп

Тіл қызметінің ерекше бір саласы – ономастика. Ономастика атаулардың шығу, қалыптасу жайын тексереді.

Автор:admin

Авг 11, 2022

Топонимика географиялық атауларды зерттесе, антропонимика кісінің аты-жөнін, тегін, лақап, бүркеншік есімдерін қарастырады. Ономастиканы зерттейтін ғылым ономосиология деп аталады. Ономастика грек сөзі «ономия» (грек тілінде «onoma» есім, ат) onomastika – ат қою өнері, яғни атауларды зерттейтін ғылыми сала. Ономастиканы (кісі аттарын, жер-су, ру-тайпа аттары т.б.) зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздері мен тілмен сабақтастықта қарастырылатын ұлттық этномәдени, әлеуметтік сипатын анықтаудың қажеттілігін В.В.Радлов, В.В.Бартольд, А.Н.Самойлович, С.Е.Малов, Н.К.Дмитриев, А.Н.Кононов, Н.А.Баскаков, Қ.Жұбанов, І.К.Кеңесбаев, С.Аманжолов, Ә.Қайдар, Т.Жанұзақов, Ә.Абдрахманов, Е.Жанпейісов, Қ.Рысбергенова, Г.Мадиева т.б. ғалымдар өздерінің еңбектерінде жан-жақты көрсетті. Ономастика өз ішінде бірнеше салаға бөлінеді: топонимика (жер, су, қала атауларын зерттейтін ғылым), антропонимика (адам аттарын зерттейтін ғылым), этнонимика (ру, ел, халық аттарын зерттейтін ғылым), зоонимика (хайуандар аттары), гидронимия (теңіз, өзен, су, көл атауларын зерттейді) т.б.

Этностың ұлттық таным әлемін өз бойына сіңірген қазақ тіліндегі жалқы есімдерді жаңа ғылыми парадигмаға сәйкес зерттеу қазақ ономастикасының алдына мақсат етіп қояды, бұл ономастикада бұрын сонды болмаған метатілдік теориялық негіздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әлемді тіл арқылы танудағы жалқы есімдердің орны мен маңызын ескерсек, ономастикалық тілдік бірліктердің ментальді-когнитивтік сипаттарын айқындау қазақ тіл білімінің қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Қазақ ономастикасының алғашқы даму кезеңінде қазақ тіліндегі жалқы есімдер тілдік тұрғыдан зерттеліп, қазақ онимдерінің этимологиясы, лексика-семантикалық топтары, мағынасы, топонимикалық жүйелердің регионалдық ерекшеліктері айқындалды. Қазақ ономастикасы тарихындағы екінші кезеңде жалқы есімдердің этнолингвистикалық, лингвомәдени сипаттары, көркем мәтіндердегі қызметі, кумулятивтік қызметтері зерделене бастады. Бүгінгі таңда қарқындап дамып келе жатқан когнитивтік лингвистика тұрғысынан қазақ онимиясын бағамдай келсек, жалқы есімдердің тек тілдік сипаттарын қарастыру жеткіліксіз болып көрінеді. Жалқы есімдердің бойындағы рухани және материалдық мәдениетті ұлттың танымдық тәжірибесімен сабақтастыра отырып, ментальді-когнитивтік түрде таңбаланғанын қарастырумен ерекшеленеді.

Jsk ақпарат

Автор: admin