• 23 ноября, 2024 4:17 дп

Түркістандағы құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар жұмыстар атқарылуы керек екенін айтты! 

Автор:admin

Июл 18, 2023

Ұлттық нышандарды жаңарту

Бірінші кезекте, мемлекеттік нышандарды жетілдіруді тапсырып, олардан бірегей ұлттық кодымыз айқын көрініп тұруы тиіс екенін айтты

«Мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажет. Қазір кез келген елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол. Сондықтан, оның танымалдығын арттыра түсу керек. Ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандартты сақтау өте маңызды. Нышандарымыз бірегей ұлттық кодымызды нақты әрі айқын көрсетуі керек», деді Президент.

Мемлекет басшысы алдымен аймақтардың және қалалардың таңбасының мазмұны мен пішіні әркелкілігіне қатысты қоғамда көп сын айталатынын, сол үшін оларды бірыңғай үлгіге келтіру керектігін айтты. Сонымен бірге мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасауды тапсырды.

Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу

Екінш кезекте Президент ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды.

«Дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән береді. Бұл істе ел тарихының көп томдық жинағы басты рөл атқарады. Қазақстан тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көп томдық жинағы әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ.Өкінішке қарай, стратегиялық маңызы бар осы мәселе тәуелсіздік жылдарында толық шешімін таппады. Сондықтан, мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда осыған арнайы тоқталдым. Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы бастама көтердім. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің бір топ ғалымдары жұмыла кірісті», деді ол.

Нәтижесінде ежелгі заманнан бүгінге дейінгі аралықты қамтитын жеті томдық жинақ әзірленген. Жиналған материалға енді стилистикалық және ғылыми редакция жасалуы керектігін айтқан президент, жинақты бірыңғай үлгіде безендіруді және еңбекте осыған дейін жіберілген тұжырымдамалық қателіктер мен кемшіліктер қайталанбауын, оған соңғы кезде ашылған тарихи жаңалықтарды түгел енгізуді тапсырды.

Сондай-ақ, төл тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімін әзірлеуді тапсырды. Бұл орайда ономастика саласын тәртіпке келтіру маңыздылығына тоқталып өтті.

«Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды», деді Мемлекет басшысы.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу

Президент ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселесін қозғады.

«Шын мәнінде, қазақтың мәдениеті сан түрлі саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек. Мысалы, өзіміз іргесінде отырған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бай тарихымыздың символы саналады. Оның ұлт руханиятындағы орны ерекше екенін білесіздер. Осы кесенеге ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсыныс енгізілген. Мен мұны қолдаймын», деген Президент, Қожа Ахмет Ясауидің 930 жылдығына орай «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін қарастыруға болатынын айтты.

Ұрпақ тәрбиесі

Мемлекет басшысы ұрпақ тәрбиесінің маңызды екенін айтты. Ол адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы қажеттігін айтқан ол, ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасатынын атап өтті.

«Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз», деді құрылтайда.

Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев, баланың тәрбиесіне бірінші кезекте ата-аналары жауапты екенін, одан кейінгі тәрбие балабақша мен мектепке жүктелетінін айтты. Балаға адамгершілік қасиеттермен қатар патриоттыққа тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды.

«Жас ұрпақтың, әсіресе, қазіргі құбылмалы заманда сыни тұрғыдан ойлай білуі маңызды. Балаларымыздың танымы кең болуына жағдай жасауымыз қажет.Мектепте оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін дәрістер оқытылуға тиіс. Жастар ақпаратты қорыта білуді, уақытын дұрыс пайдалануды, қаржы сауаттылығын мектеп қабырғасынан біле бастауы қажет», деді ол.

Ақпарат саясатының тиімділігін арттыру

Қасым-Жомарт Тоқаев ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамытуға баса назар аударған жөн деп санайды. Бұл орайда, идеололгиялық маңызды құрал – кітап екенін айтып, «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырды. Ол үшін қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалып, сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болады.

«Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ, бұл мәселемен шұғылдану керек. Басқа жол жоқ», дей келе президент, тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу – көкейінде жүрген арманның бірі екенін айтты.

Мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметі сапалы жүргізілуге тиіс екенін айтты. Сонымен бірге шекаралас аймақтарды дамыту маңыздылығына тоқталған ол:

«Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту. Жер – басты байлығымыз. Туыңды тігер тоқымдай жерің болмаса, өз мемлекетің де болмайды. Бабаларымыз бізге ұлан-ғайыр аумақты мирас етті. Оны шашау шығармай сақтап, көркейту – біздің қасиетті борышымыз. Осы орайда, «Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл – жалған ақпарат», деді.

Шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кеткенін, бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер ықпал еткенін айтты. Сол үшін Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы шешім қабылданған.

Сонымен бірге мемлекет басшысы соңғы кадрлық ауыс-түйіске қатысты пікір білдірді. Ол қоғамда мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты біраз сын-пікірлер бар екенін, олардың басым көпшілігі орынды екенін айтты. «Соңғы кездері мен бірқатар кадрлық өзгерістер жасадым. Бұл ретте, ешқандай науқаншылдыққа, мемлекеттік қызметшілерді, жоғары лауазымды тұлғаларды жаппай қызметтен босатуға жол берілген жоқ. Ең алдымен, олардың іскерлік қабілеті мен тәжірибесі ескерілді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағы­нан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құ­рылым Ұлттық кеңестің қызметін  жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады», деген еді Президент Қ.Тоқаев. Ұлттық құрылтайдың құрамында еліміздегі барлық аймақтың өкілдері енді. Сонымен қатар оған Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы еңбеккерлері, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кірді. Осылайша, сан түрлі қоғамдық пікір иелерін түгел қамтитын өкілді құрылым қалыптасты. Кез келген мемлекет өмір сүру тарихында дамудың түрлі кезеңдерін бастан өткереді. Бұл өзгермейтін аксиома. Сондықтан уақыт өте бұған дейінгі құрылымдар ауысып, орнына жаңасы келетіні басы ашық мәселе. Бұған көз жеткізу үшін қазақ халқының өткеніне көз жүгіртсек жеткілікті. Жалпы, Құ­рылтай шақыру – ертеден келе жат­қан ата дәстүріміз. Адалдықты ту етіп ұстаған бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиындарда талқылап, оң шешімін тауып отырған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар аз емес. Мәселен, Талас өзенінің жағасында өткен осындай ауқымды құрылтайдан кейін Алтын Орда қағанаты дербес мемлекет болып жарияланды. Қалмақтың үздіксіз шапқыншылығынан қорғану үшін үш жүздің басы Қарақұм мен Ордабасыда жиналды. Сөйтіп, халқымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік алған алғашқы жылдары Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өтті. Іргелі жиында сырттағы қандастарымыз Атамекенге шақырылды. Ұлы көш тәуелсіз Қазақстанға бет алды. Қазіргі батыс дәріптейтін демократиялық құндылық осылайша көне заманнан бері дала философиясында көрініс тапты. Ал демократия – керемет өмір туралы жалпы­лама ұғым, түсінік емес. Бұл күнделікті тынымсыз еңбекті талап ететін өркениетті өмір салты екені түсінікті.  Әлбетте, Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны түсінікті. Бұл – қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру бір адамның, не топтың қолындағы шаруа емес. Бүкіл ел болып жұмылғанда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз. Осыны ескерсек, Ұлттық құрылтай шақыру бастамасы халық пен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты жетілдіретіні түсінікті. Сөйтіп, мемлекеттікті нығайту мақсатында құрылған Ұлттық құрылтайдың тұңғыш жиыны исі қазақтың қастерлі мекені Ұлытауда, Жошы хан кесенесі іргесінде өтті. Бір жағы­нан мұның символдық мәні бар екенін айта кеткен жөн. Мем­ле­кетігіміздің тарихы Алтын Ордадан бастау алып, Қазақ хандығы дәуірінде қалыптасып, Алаш Орда кезеңінде жалғасып, тәуелсіз Қазақстан тұсында қайта жаңғырды. Ендігі жиын түгел түркінің темірқазығы Түркістанда өтпек. Ұлытау да, Түркістан да халқымыз үшін киелі мекен. Мемлекетімізді қа­лып­тастыруда үлкен рөл атқарған қасиетті жер. Ұлттық құрылтайдың тағы бір маңызды құндылығы – мемлекет мүддесін бәрінен биік қою. Ұлы­таудағы жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайта жаңғыр­тып, оған мем­лекеттік мәртебесін беруді ұсын­ды. «Мен Республика күніне ұлт­тық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуел­сіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын», деді Мемлекет басшысы. Пайымдауымызша, бұл қадам тәуелсіздік идеясымен мемлекеттік құндылықтарды берік орнықтыра түсуге бағытталған. Дана халқымыз «Отан – ана» дейді. Осы орайда түріктердің мына сөзі ойға оралады. «Devlet baba’dır» (Мемлекет – әке) дейді Анадолыдағы ағайын. Мұның себебін былай түсіндіреді. Түркі халқының түсінігінде әке – отбасының басқарушысы һәм қорғаушысы. Сондықтан түріктер мемлекетті әкемен теңестіреді. Өйткені мемлекет халықтың әлауқатын арттырып, қорғанышы болатын институт. Ал «Отан – ана!». Оны қорғау – әр азаматтың міндеті. Осылайша, екі ұғымға ерекше назар аударады. Мемлекет пен Отанды бірге қарастырып, біреуінен қорғаныш тапса, екіншісін қорғау идеясына басымдық береді. Рас, елімізде әлі шешімін таппаған түйткілдер жетерлік. Олардың шешімін табу елдегі әрбір азаматтың да, мемлекеттік саясатты жүргізіп отырғандардың да қажырлы еңбегін талап етеді. Мемлекет пен халық мүддесін бәрінен биік қойғанда ғана мақсатымызға жетеміз. Нағыз мемлекетшіл адам қара басының қамын емес, халқының игілігін ойлауы керек. Ендеше, ұлтымызға ұйытқы болған Ұлттық құрылтай осы тұрғыдан да маңызға ие. Жоғарыда Ұлттық құрылтай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына құрылғанын айттық. Бүгінге дейін Ұлттық кеңес атқар­ған шаруа шаш етектен. Үш жылдың ішінде көптеген бастама көтерілді. Ұсыныстардың біразы заңдық тұрғыда бекітілді. Мәселен, бейбіт жиындарды өткізу тәртібі өзгерді, сайлау кезін­де партиялық тізімдерге әйелдер мен жастардың 30 пайыздық квотасы енгізілді. Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге ратификацияланған Екінші факультативтік хаттамаға қол қойды. Яғни өлім жазасына тыйым салынды. Сөйтіп, «тоғызыншы территория» мұндай жазадан бас тартқан елдер қатарына қосылды. Бұл қа­дамды Amnesty International секіл­ді ұйымдардың жоғары бағалағаны есімізде. Балаларға қатысты жыныстық қылмыстар үшін жаза күшейтілді, саяси партияларды тіркеу межесі төмендетілді. Сайлау бюллетеніне «Бәріне қарсымын» бағаны енгізілді. Саяси партиялардың мәжіліске өту шегі төмендетілді, ауыл әкім­дерін тікелей сайлау қолға алынды. Шетелдіктерге жерді сатуға және жалға беруге ты­йым салынды. Міне, үш жылдың ішінде атқарылған жұмыстардың алғашқы легі осындай. Ресми мәліметке сенсек, Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесінде айтылған мәселелер бо­йынша 100-ден астам нормативтік-құқықтық акті қабылданды. Саясаттанушы Самат Нұртаза Ұлттық құрылтайдың келешегінен зор үміт күтеді. Оның айтуынша, бұл платформа жергілікті халықтың мәселесін Президентке тікелей жеткізуге мүмкіндік береді. Ал саясаттанушы Бауыржан Серікбай Ұлттық құрылтай Қазақстанның ұзақ мерзімді даму перспективаларын анықтайтынына сенімді. «Құрылтайда халыққа танымал, беделді тұлғалар өз ой-пікірін айтып қана қоймай, шешу жолдарын тауып, ортақ байламға келіп, Үкіметке ұсынады. Сол арқылы халқымыздың мәселелерін шешу жолдарын ұсы­натын, түпкілікті шешімін табатын, қоғамдық ой-пікір ашық айтылатын және оларды нақты іске асыратын те­тік­тердің бірі болады деп есеп­теймін», дейді саясаттанушы. Қысқасы, дала философиясына негізделген Ұлттық құрылтай «тоғызыншы территорияның» дамуына соны серпін береді десек қателеспейміз. Ең бастысы, алда ауқымды шаруа күтіп тұр. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің түсіндіруінше, Ұлттық құрылтай қоғамның бірігуін нығайту және кеңейтуге идеялар мен қадамдар іздеу әрі әзірлеу үшін диалог платформасына айналу мақсатында құрылды. Ұлттық құрылтай – Президент жанындағы негізгі консультативтік-кеңесші орган. Мемлекет басшысы бұл ұйымды құру туралы бастаманы өткен жылғы Жолдауында көтерген болатын. Ұлттық құрылтайдың құрамына елімізге белгілі қоғам қайраткерлері және сарапшылармен қатар, өңірлердегі азаматтық қоғамның белсенді өкілдері мүше боп кірді. Қазіргі уақытта Ұлттық құрылтай Мемлекет басшысының қоғам белсенділерімен және сарапшылармен арадағы тікелей диалогын орнатып, оны дамытып отыр. Мәселен, 22 ақпанда Президент Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиевпен кездесті. Кездесуде сараптамалық құрылымдардың жұмысы мен қолданбалы зерттеулер жүргізуге қатысты мәселелер талқыланды. Бұған дейін Президент Ұлттық құрылтайдың Т. Әубәкіров, С. Ақылбаев, Ә. Бәйменов, Р. Баталов, Б. Ізмұхамбетов, Ж. Күлекеев, С. Худяков, И. Салжанов, Д. Тұрлыханов секілді басқа да мүшелерімен дәл осындай кездесулер өткізген болатын. Жаңадан қоғамдық институттың құрамында кімдер бар? Композитор, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов; Қазақстанның халық жазушысы, ақын Мұхтар Шаханов; қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров; журналист әрі қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам; көрнекті ғалым-математик, академик Асқар Жұмаділдаев; экономист және қоғам қайраткері Жақсыбек Күлекеев; мемлекет қайраткері, саясаткер Әлихан Бәйменов; журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бәпи; мемлекет және қоғам қайраткері, Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай Сабильянов; әлем чемпионы, Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыханов; ғалым-биотехнолог, «QazVac» вакцинасын әзірлеуші Күнсұлу Закария; қоғам қайраткері, дінтанушы Қайрат Жолдыбай; тілші-ғалым Анар Фазылжанова; эколог Азамат Әміртаев. Сондай-ақ Қазақстанға танымал өзге де тұлғалар кірді. Ұлттық құрылтайдың құрамында жалпы 117 қатысушы бар. Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер. Құрылтай жұмысы қалай ұйымдастырылады? Құрамында 117 адам бар құрылтайға барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайдың басты мақсаты ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарды талқылау екенін жеткізді. «Біз көпті көрген ел ағаларының ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Белсенді азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесін ескереміз. Жаңаша ойлайтын жастардың тың идеяларын қолдаймыз», – деді Президент. Жаңа технологиялар арқылы халық ауқымды реформаларға қатысады. Нақтыласақ, Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірленіп, сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады. «Құрылтайға қанша адам кірсе де, қоғамды толық қамти алмайды деген пікір айтылып жүр. Бірақ, Құрылтай мүшелерін көбейте берсек, одан пайда болмайды. Бұдан жұмыстың берекесі қашып, ұйымдастыру ісі қиындап кетуі мүмкін. Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет», – деді Мемлекет басшысы. 25 қазан – Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару ұсынылды. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы еді. «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді Тоқаев. Жиында Президент әлемде еңбекті бәсекелестік деңгейіне көтерген мемлекеттерге тоқталды. «Бұл елдер еңбектің арқасында сапалы өнімдерімен жер жүзін мойындатып отыр. Бұл халықтар өз ұрпағын жас кезінен тынбай жұмыс істеуге баулиды. Солардың тәжірибесін өзімізге бейімдеп, бала тәрбиесіне енгізу жайын қарастырған жөн. Халқымыз «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтпаған. Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Маңдайтермен тапқан әр тиын – нағыз ардың ісі, Абай айтқан «толық адамның» еңбегі екенін жастардың санасына тоқуымыз қажет», – деді ол. Кадр саясаты және мемлекет қызметкерлері Тоқаев қоғамда қызу талқыланып жатқан кадр саясаты мәселесіне де тоқталды. «Әділетті Қазақстанды құру кадрлардың орнын ауыстыра беру деген сөз емес. Өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашанда бағалы. Мемлекеттік қызметшілерге қандай да бір кланның мүшесі ретінде қарауға болмайды. Әрине, олардың құрамын жаңартып отырған дұрыс. Бірақ, мұны терең ойланып, байыппен жасау қажет. Кадрларды жаппай жұмыстан шығару жақсылыққа апармайды. Әлеуметтік желіде «ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл – орынды сұрақ. Бірақ, негізінен, кадрларды біртіндеп ауыстыру керек», – деді Президент.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin