Түркістан облысы Полиция департаменті мен облыс прокуратурасының бастамасымен сотты болғандардың қайта қылмысқа баруына тосқауыл қою мақсатында 1000 адамның қатысуымен ауқымды республикалық форум өткізілді.
«Болашаққа мүмкіндік – жаңа өмір» тақырыбындағы іс-шараға облыс әкімі Н.Көшеров, әкімнің орынбасары Б.Тәжібаев, Полиция департаментінің бастығы М.Қабденов, облыс прокуроры М.Тілеубердиев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы М.Төлеубаев, ҚР ҰҚК облыстық департаментінің бастығы Б.Қалмұрзаев, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Е. Балғабаев, облыстық соттың төрағасы А.Сұлтанов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы А.Темірбаева, қоғам қайраткері Б. Смағұл, облыстың бас имамы Е.Төлепов, құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ пробация есебінде тұрғандар мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Өңірде пробациялық есепте тұратындарды қоғамға бейімдеу, оларға әлеуметтік, медициналық, құқықтық көмек көрсету мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл форум осы жұмыстың жалғасы, яғни қылмыс пен құқық бұзушылықсыз қоғамда өмір сүргісі келетін кез келген жан үшін маңызы бар. Жиналғандар өзара пікір алмасты. Өздерінің өмірлік тәжірибелері мен алдын алуға бағытталған шешімдерімен бөлісті.
Форум өмірде аяғын шалыс басып, қателіктерінен сабақ алып, жаңа өмір бастауға қадам басқан жағдайлар мысалында театрландырылған қойылыммен басталды. Сондай-ақ көрермендерге сотты болып, жазасын өтеп шыққандарды дұрыс өмірге баулу мақсатында полициямен атқарылған жұмыстар туралы бейнеролик көрсетілді.
Іс-шарада облыс әкімі Н.Көшеров, облыс прокуроры М.Тілеубердиев және басқа да құрметті қонақтар сөз сөйлеп, теріс әрекет салдарынан өз жазасын алған жандардың болашаққа мүмкіндік алып, жаңа өмір бастауға жауапкершілігін арттыру маңыздылығын атап өтті.
Облыстың бас полицейі Мұрат Қабденов: «Сотты болып, қылмысты атқару жүйесінің мекемесінен шыққан тұлға бірінші кезекте пробациялық есепке алынады. Осы тұста пробация қызметі, полиция, әлеуметтік қызметтер мен үкіметтік емес ұйымдарды белсенді түрде өзара тығыз жұмыс жасауға шақырамын. Яғни қылмыс жасаған адамды қоғамнан тыс қалдырмай, арнайы реабилитациялық бағдарламалар, психологиялық көмек көрсету, кәсіби дағдыларды үйретуіміз қажет»,- деп атап өтті.
Сонымен қатар түрлі құрылым өкілдерін қауіпсіз мемлекет пен үлгілі отбасын қалыптастыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Форум соңында «Абырой» тобы өнер көрсетті. Одан әрі бос жұмыс орындарының жәрмеңкесімен жалғасты.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі
Түркістанда сотты болған азаматтардың қайта қылмыс жасауының алдын алу бойынша форум өтті
