• 15 марта, 2025 10:47 пп

ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН ЖАСТАРЫНЫҢ «ДОСТЫҚ КӨПІРІ» АТТЫ ФОРУМ ӨТТІ

Автор:admin

Мар 15, 2025

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан мен Өзбекстан жастары арасында ынтымақтастықты нығайту мақсатында «Достық көпірі» жастар форумы өтті.
Маңызды басқосуға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, Өзбекстан Республикасы Жастар агенттігінің бөлім басшысы Шахзод Омонов және делегат мүшелері мен әр саланың үздік жастары және жас кәсіпкерлер қатысты.
Форумның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев «Амал күнімен» құттықтай келе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заңға қол қойғанын атап өтті.
– Түркістан жаңа даму белесіне қадам басты. Осы мәртебемізді алғаш болып өздеріңізбен тойлағалы отырмыз. Бүгін, осы қалада бас қосуымыздың негізгі себебі, Қазақстан мен Өзбекстан жастары арасындағы достық байланысты нығайту, жастар саясаты саласындағы тәжірибемен алмасу және жұмысшы мамандықтар, жасанды интеллект саласындағы үздік жобаларды таныстыру. Сондай-ақ екі ел жастары арасындағы ұжымдық көзқарасты қалыптастыру, өңірде қоғамдық жұмысқа белсене араласқан жастарды қолдау. Қазіргі таңда Қазақстан мен Өзбекстанның туризм саласындағы ынтымақтастығы дамып келе жатыр. Екі елді бағзы замандардан достық қатынастар байланыстырады. Біз – тарихымыз ортақ, тіліміз туыс, тату көршілік салтын ұстанған бауырлас елдерміз, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров пен Өзбекстан Республикасы Жастар агенттігінің бөлім басшысы Шахзод Омонов форумның ашылуымен құттықтап, маңыздылығына тоқталды.
Бұл форум – жастар арасындағы ынтымақтастықты арттыруға, өзара тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды дамытуға арналған маңызды алаң.
Форумның ашылу салтанатынан кейін панельдік сессиялар басталды. Бұл сессияларда Қазақстан мен Өзбекстан жастарының кәсіпкерлік, білім, мәдениет және еріктілік салаларындағы ынтымақтастығы, сондай-ақ екі ел жастары үшін жаңа мүмкіндіктері қарастырылды. Форум екі күнге жалғасты.
Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достықтың символы ретінде екі елдің туын әуе шарымен көтеру рәсімі ұйымдастырылды.
Форумға қатысушылар мен қонақтар «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенін аралап, «Ауыл фест» облыстық сайысын тамашалады. Шара концерттік бағдарламаға ұласып, сайыстың жеңімпаздары мен қатысушылары марапатталды.
Форум аясында делегаттар Түркістанның тарихи-мәдени мұрасымен танысып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Арыстан баб кесенесіне арнайы экскурсия жасайды. Бүгін форумның жабылу салтанаты өтеді.

Автор: admin