• 22 ноября, 2024 8:44 пп

«ТҮРКІСТАН — АДАЛДЫҚ АЛАҢЫНЫҢ» ЖЕТЕКШІСІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Автор:admin

Апр 15, 2021

Бүгін Мақтаарал ауданында арнайы жұмыс сапарымен болған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған “Түркістан — Адалдық Алаңы” жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлзия Қарсыбай Атакент кентінің тұрғындарын қабылдап, алаңдатқан мәселелер бойынша қоғамдық қабылдау өткізді.

Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, Атакент кентінің әкімі Сламхан Азимов, аудандық мәслихат депутаты, “Мақтаарал Адалдық Алаңы” жобалық кеңсесінің жетекшісі Сүндет Кенжебаев пен Мақтаарал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Полатов қатысты.

Гүлзия Нұрғалиқызының қабылдауында болған кент тұрғындары бірінші кезекте кенттегі жер асты суының төмендеуінде негізгі рөл атқаратын тік дренаждарды қалпына келтіру, мемлекеттік меншікке өткізу, аудандағы ескі темір жолды іске қосу, кенттегі арық-атыздар мен су қашыртқыларын, ауыз судың бағасын төмендету мен ескі құбырларды ауыстыру, ауыз суды жеткізіп беруші мекемелердің жұмысын қатаң бақылауға алу сынды мәселелерді ортаға салды.

Сонымен қатар, Атакент емханасындағы рентгенге түсудің ақылы түрде, яғни 3200 теңгеден жүргізіліп жатқандығы, аудандағы авто мектепті тәмамдаған 500-ге тарта азаматтың жүргізуші куәлігін ала алмай жүргендігі, үй кезегінде тұрған азаматтардың үй алудағы заңдылығы бойынша да мәселелер қозғалды.

Қоғамдық қабылдауда тұрғындар тарапынан ортаға салынған түйткілді мәселелер бойынша Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы бастаған жауапты мамандар мен жобалық кеңсе жетекшісі жауап беріп, мәселелердің шешілу жолдарын қарастырды.

Айта кетсек, облыстық деңгейде қосымша зерттеп-зерделеуді қажет ететін мәселелер бойынша алдағы уақытта тиісті басқармалармен жұмыстар жүргізіліп, нәтижелері жазбаша түрде берілетін болады.

Автор: admin