• 23 ноября, 2024 3:00 дп

ТҮРКІСТАН: АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ӨКІЛДЕРІ АДАЛДЫҚҚА ШАҚЫРАДЫ

Автор:admin

Июл 7, 2023

Бүгін облыстық, аудандық, қалалық деңгейдегі арнайы мониторингтік топмүшелерінің қатысуымен кезекті отырыс өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты — қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға кеңінен тарту, азаматтық бақылауды жүзеге асыру, мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық мониторинг жүргізу. Кездесу барысында Департамент басшысы Ғалым Тұрсынбаев бұқаралық ақпарат құралдарында немесе әлеуметтік желілерде тұрғындардың тарапынан көтерілген мәселелерге жедел түрде әрекет етіп, тиісті мемлекеттік органдарға хабарлап отыруды ұсынды. Сондай-ақ, арнайы мониторингтік топ мүшелеріне өз қызметінде қоғамдық бастамалық қызметтерді, жариялық және ашықтықтықты қамтамасыз етуге де көңіл бөлу керектігін айтты. Өз кезегінде Ғалым Сұлтанұлы басқа облыстарда жасақталған топ мүшелерімен жүргізіліп жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті. Қоғамдық бақылау картасына келіп түскен арыз-шағымдардың бірқатарын атап өтіп, әсіресе жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысын алу тәртібін бақылау және мектептерде заңсыз ақшалардың жиналуына тосқауыл қоюда белсенділік танытуға шақырды. Жиын соңында топ мүшелері өзара пікір алмасып, тәжірибе енгізу үшін бірқатар ұсыныстар енгізді. Азаматтық қоғам институттарының дамуы үшін мемлекет бұл процестің жасампаздық сипатта өрбуіне, азаматтардың саяси белсенділік танытуына қажетті жағдайлар жасап, қолдауы қажет. Бұл тұрғыда Қазақстан Президентінің Ел халқына жолдауындағы тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасында үкіметтік емес ұйымдарға қолдау жасаудың мемлекеттік тұжырымдамасы жасалған. Қазақстандағы азаматтық қоғамның қалыптасуы қоғам өмірін демократияландыру мен құқықтық мемлекет қалыптасуының алғышарты екенін ескерсек, оны мемлекеттік саясат деңгейіне көтеретін уақыт келген сияқты. Яғни үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетудің мемлекеттік тұжырымдамасы жасалып қана қоймай, Президент жанындағы Демократия және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық коммисияның өкілеттілігін кеңейтіп, азаматтық қоғамды қалыптастыру мен оның институттарын шынайы дамыту мемлекеттік саясаттың бір бұтағына айналуы тиіс. Мұндай кешенді іс-шаралар тәуелсіз Қазақстан Республикасының Ата Заңда көрсетілген мұратқа сай құқықтық мемлекет жолында дамуына игі ықпалын тигізері хақ. Қазақстанның саяси жүйесінің демократизациялануы, өркениетті нарықтық экономика мен құқықтық мемлекетті құру үшін азаматтық қоғамның маңызы зор.Бүгінгі күні Қазақстанда азаматтық қоғамның құрылуы үшін керекті институттық негіз жасалған. Осының нәтижесінде құқықтық негізде көптеген ерікті ассоциациялар және ІІІ-ші сектор ұйымдары жұмыс істейді. Бірақ азаматтық қоғамның нәтижелі жұмыс істеуі үшін алдын ала институциялық жағдайлар жасау жеткіліксіз болып отыр. Азаматтық қоғамның Қазақстанда жетілмеу себептері оның мәдени-әлеуметтік жағдайлардың толық дамуымен байланысты. Қазақстанда азаматтық қоғамның дамуы үшін әлеуметтік эволюция қажет. Әрине бұл азаматтық қоғамның мәдени-әлеуметтік дамуын қол құсырып күтіп отыруын қажет етпейді. Мәдени-әлеуметтік даму уақытқа ғана байланысты емес, ол мемлекеттің, қоғамның және оның институттарының белсенді күш салуына байланысты. Азаматтық қоғамда азаматтардың халықаралық дәрежеде танылған ережелерге сай құқықтары мен бостандықтары сақталып, заң үстемдік етеді. Азаматық қоғам материалдық, қоғамдық, саяси және мәдени тұрғыда жоғары дәрежеде дамыған кезде құқықтық мемлекетке айналады. Құқықтық мемлекет-конституциялық басқару тәртібі қамтамасыз етілген, шын мәнісіндегі билік бөлінісі мен олардың тиімді қарым-қатынасы мен өзара бақылауы жүзеге асырылған, саясат пен билік құрылымына әлеуметтік бақылау орнатылған, дамыған құқықтық жүйе мен тиімді сот билігі қалыптасқан мемлекеттік құрылым. Құқықтық мемлекеттің негізінде демократиялық жолмен қабылданған заң алдында барлық қоғам мүшелерінің тең саңылауы, заңның халықтың еркін білдіруі және жеке адамның құқықтары мен бостандықтарының қамтамасыз етілуі танылады. Бұл мемлекетте пікір алуандылығы кең өріс алады. Қазақстан Республикасы өзінің саяси жүйенің келешегін құқықтық мемлекеттің қалыптасып дамуымен байланыстырады. Азаматтық қоғам бір мезетте өздігінен қалыптасатын қоғам емес. Батыс елдерінің тарихына үңілер болсақ, азаматтық қоғам екі жолмен қалыптасқан: мемлекеттің қа­ты­суымен және қатысуынсыз. Мемле­кеттің қатысуымен заңдар жарияланып, демократиялық жүйе дамиды. Мемлекеттің қатысуынсыз қоғамдық-саяси қозғалыстар мен бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық қоғам қалыптастыру ісіне жұмыла кіріседі. Азаматтық қоғамда жеке тұлғалар өзін-өзі таныту мүмкіндігіне ие болып, «адам – қоғам – мемлекет» үштігінің пропорционалды түрде даму үрдісін жылдамдата түседі. Мұндай үрдіс елдің экономикалық-саяси дамуы мен халықтың әл-ауқатының, мәдениеті мен сана-сезім деңгейінің артуымен бірге орнайтын құбылыс. «Адам – қоғам – мемлекет» үштігінің дамуы азаматтардың өз жүріс-тұрысын жеке мүдделеріне негіздеп, әрбір әрекетіне жауапкершілікпен қарау санасын кемелдендіре түседі. Азаматтық қоғамның қалыптасып дамуының алғышарттарына жеке тұлғалардың меншік иесіне айналуы, аза­маттардың тең құқықтылығының орнауы, жеке тұлғалардың құқықтары мен бос­тан­­дықтарының қамтамасыз етілуі жатады. Ал азаматтық қоғамның дамуы барысында экономика саласындағы мемлекеттік емес кәсіпорындар мен бірлестіктер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен ұжымдық шаруашылықтар ерікті түрде бірігу мен бәсекелестік жолына аяқ басып, еркін нарықтық қатынастарға кіреді, сондай-ақ, әлеуметтік салада отбасылар, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар, мемлекеттік емес БАҚ-тар мен өзін-өзі басқару органдары қоғам мүддесін өркениетті жолмен ашық түрде білдіре бастайды. Сонымен қатар, саяси салада партиялар мен қоғамдық-саяси ұйымдар демократиялық қағидаттар мен ұлт дәстүрі үшін күреске кіріседі, ал рухани салада шығармашылық топ өкілдері мен басқа да азаматтық бірлестіктер мемлекеттен және өзге де саяси құрылымдардан тәуелсіз түрде ой еркіндігін, ар-ождан мен сөз бостандығын пайдалана бастайды. Азаматтық қоғамды қалыптастыратын да, сақтап, қорғайтын да ұлт болып табылады. Ұлт қана ұлттық дәстүрдің сақталуын талап ету еркіне ие күш. Сондықтан «ұлт» ұғымын дұрыс түсінгеніміз жөн. Ғылыми әдебиеттерге сүйенер болсақ, заманауи «ұлт» сөзін түрлі мағынада қол­данатын ғалымдардың екі тобы кездеседі. Ғалымдардың бірінші тобы бір мемлекет азаматтарының жиынтығын «ұлт» деп атайды. Мұндай көзқарасқа негізделген сая­си бағыт «мемлекеттік немесе азаматтық ұлтжандылық» деп аталады. Ғалымдардың екінші тобы болса, «ұлт» ұғымын шығу-тегі, мекенжайы, діні, шекарасы мен құндылықтары ортақ адамдардың саяси және мәдени қауымдастығы ретінде қарастырады. Тарихта мұндай саяси идеология «этникалық немесе этностық ұлт­шыл­дық» деп аталады. Қазақ халқының этностық ұлтшылдығы 1991 жылы Қазақстан Республикасын құрды. Қазақстан халқының азаматтық ұлт­шыл­дығы көпвекторлы саясат аясында көп­эт­ностық және көпконфессиялы Орталық Азия аймағын келісім мен бейбітшілік алаңына айналдырды. Бүгінде әлем көз тіккен Қазақстан жаһандық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты дамы­туда өзіндік орны бар мемлекет. Қазақ­стан­дықтардың азаматтық ұлтшылдығы бодандық пен сепаратизмнің кез келген түріне, оның ішінде ұлт қауіпсіздігіне қауіп төндіруді көздейтін деструктивті ағымдарға үзілді-кесілді қарсы. Өздеріңізге белгілі, алда тұрған мақсаттарға жету үшін 2015 жылы мемлекеттің болашағына негізделген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жарияланған болатын. Ұлт жоспарының негізгі мақсаты қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалап, жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап бере отырып, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруін қамтамасыз ету деп белгіленді. Ұлт жоспары отандық және шетелдік сарапшылардан тұратын, бес жұмыс тобынан жасақталған Ұлттық комиссия тарапынан кезең-кезеңімен орындалып келеді. Онда көрсетілген нақты қадамдардың жүзеге асырылуы қазақстандықтардың біртектілігін нығайтып, азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру үшін жағдай туғызатынына сенім білдірілуде. Бүгінгі таңда Ұлт жоспары аясында қа­зақстандықтар «кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «индустрияландыру жəне экономикалық өсім», «біртектілік пен бірлікті қамтамасыз ету», «есеп беретін мемлекет қалыптастыру» жо­лында табанды еңбек етіп келеді. Қазіргі буын өкілдерінің қолына Ұлт жос­парын жүзеге асыруға атсалысумен қатар, айтарлықтай дамыған Қазақстанды қалыптастырып, жаңарған елімізді жаңа буын өкілдеріне табыстау мүмкіндігі тиіп отыр. Аталған үрдіске қоғамның барлық мүшелері «адам – қоғам – мемлекет» пішімі шеңберінде жұмылдырылған жағдайда Ұлт жоспары өз мақсатына жетіп, азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру жолы кеңейе түспек. Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекетте ең бірінші орында азамат, оның құқықтары мен бостандықтары, заңдық тұрғыда қорғалынуы тұрса — құқықтық демократиялық мемлекетте ең жоғарғы заңдық күші бар-Конституция зор маңызға ие болады. Осыған сәйкес Қазақстан Республикасы 1995 жылы Конституциясы демократиялық қоғам құру мен әрбір жеке адамның автономиясының заң жүзіндегі кепілдіктерін қамтамасыз етуге қажетті құқықтық жағдайлардың негізін қалады. Олардың қатарында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының конституциялық негізде бекітілуі, билік тармақтарының бөлінуі, тәуелсіз конституциялық бақылаудың, заңның үстем болуы, идеологиялық және саяси әр алуандылықтың өрістелуі және т.б. конституцияда бекітілген азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекетті дамытудың ұстанымдары бар. Қазақстан қоғамында азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекетті орнықтырудың басты алғышарттары мен ұстанымдарын негіздеп, оны қамтамасыз етуде қоғамдық саяси өмірге демократиялық нысанды енгізу бірден бір дұрыс бағыт болып табылады. Азаматтық мемлекет пен құқықтық мемлекетті қалыптастыру күрделі, ұзақ та қайшылықты процесс.Олар қоғамдық-саяси күйдегі заң орындарының жарлығына сәйкес пайда болмайды. Бұл құрылымдар белгілі бір тарихи кезең аралығында саяси жүйенің табиғи деңгейде жоғары дәрежеде дамуына байланысты негізделген.

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin