• 3 декабря, 2024 5:41 пп

ТҮРКІСТАН: «АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ 35 ЖЫЛДЫҒЫНДА АҒА БУЫНҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Автор:admin

Ноя 30, 2022

Түркістанда «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің 35 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті. Алдымен қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың өмірінен сыр шертетін «Алаш рухты азамат» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Кітапта ұлтын сүйген перзенттің болмысын ашатын дүниелер, естеліктер енгізілген. Іс-шара аясында қоғам қайраткері мен ардагерлерге арналған көрме ұйымдастырылды. Өңір ардагерлерін құттықтауға облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы келіп, құрметін көрсетті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында аға буынға қолдау көрсету мәселесін үнемі назарда ұстап келеді. Түркістан облысында 180 мыңға жуық зейнет жасындағы қарттарымыз бар. Олар қоғамды дамыту жолында үлес қоса білді. Өздеріңіз білетіндей, Түркістан облысын құру жөніндегі жарлықтың шыққанына 4 жылдан аса уақыт болды. Осы уақыт көлемінде өңірімізде ауқымды жобалар қолға алынды. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бірақ жылдар бойы кезең-кезеңімен жалғасатын ең маңызды жұмыс бар. Ол – руханият. Бүгінгі таңда облыстық ардагерлер ұйымы осы мақсатта жемісті еңбек етіп жүр. Біз әрқашан қарттарымызды құрметтеп, ардагерлерімізді ардақтау арқылы жарқын болашаққа бет аламыз. Бүгінгі мерекелік жиынды пайдаланып, еліміздің дамуына қосқан үлестеріңіз бен үлгі-өнегелеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Облыс руханиятының жандануы жолындағы барлық бастамаларыңызға сәттілік, дендеріңізге саулық тілеймін! – деген облыс басшысы өңірдің дамуына үлес қосып жүрген ардагерлердің бірқатарын марапаттады.
Мерекелік жиында еңбегімен дараланған ақсақалдар мен ел аналарына облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев пен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловтың да алғыс хаттары тапсырылды. Жеңісбек Мәуленқұлов Ардагерлер кеңесінің атқарған жұмыстарына тоқталып, елді бірлікке, жастарды отансүйгіштікке шақыру бағытындағы тірліктерді баяндады.
Игі іс-шара мерекелік концертпен жалғасын тапты.
1987 жылы Алматыдағы құрылтай аясында Қазақстанның ардагерлер ұйымы құрылған болатын. Биыл еліміздегі ең үлкен әрі аса маңызды қоғамдық бірлестіктің құрылғанына 35 жыл толып отыр. Ұйымның негізгі мақсаты – ардагерлердің құқықтарын қорғау, лайықты әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын қамтамасыз етуге ықпал жасау, оларға мәдени, медициналық және басқа да көмек түрлерін жақсартуға жәрдемдесу, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Автор: admin