ТҮРКІСТАН: АРНАЙЫ МОНИТОРИНГ ТОП МҮШЕЛЕРІ ТЕСТІЛЕУ БАРЫСЫНДА БІРҚАТАР ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫ АНЫҚТАДЫ

Қоғам Құқық

 

Ағымдағы жылдың 21 маусым – 1 шілде аралығында Түркістан облысы бойынша 15 ауданда Ұлттық бірыңғай тестілеу болып өтті.

Облыс бойынша орта білім беру ұйымдарының бітірушілерінен тестілеуге жалпы саны — 18394, соның ішінде қазақ тілінде – 17070, орыс тілінде – 1320, ағылшын тілінде — 4 талапкер  өтініш берген болатын.

Алайда, өтініш берген 420 оқушы түрлі себептермен, атап айтсақ 344 оқушы өз өтінішімен, 67 оқушы денсаулығына, 9 оқушы әскерге кеткеніне байланысты тестілеуге келмеген.

Ұлттық тестілеу барысында тәртіптік заңбұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын болдырмау мақсатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті тарапынан жалпы саны 45 адамды құрайтын Департамент қызметкерлері мен Департамент жанынан құрылған облыстық, аудандық Арнайы мониторингтік топ мүшелері және «Түркістан-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері бақылаушы ретінде қатысып, тестілеудің әділ және адал өтуін қамтамасыз етті. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде ҰБТ-ға кіргізілген жалпы саны 17858 талапкердің 116 түлегі тиым салынған заттарды, соның ішінде ұялы телефон, көмекші жазба қағаздар, сымсыз құлаққаптарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуге кіргізілмей, ал 157 оқушы ҰБТ ережесін бұзғандығы үшін аудиториядан шығарылып, тестілеу нәтижелері жойылды.

Жіті жүргізілген мониторингтік жұмыстар барысында бақылаушы мамандар бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады.

Атап айтсақ, 28 маусым күні Арыс қаласы, №825 ҰБТ өткізу пунктінде тестілеу уақытында дәрігерлік пунктке және әжетханаға барған талапкерлерден
34 ұялы телефон және 1 рация анықталған.

Кешенді мониторинг жұмыстары барысында белгілі болғандай, облыс бойынша анықталған смартфондардың басым көпшілігі аудиторияларда, дәрігерлік пунктте, әжетханада, дәлізде ілініп тұрған стендтерде және талапкерлердің аяқ киімінің астынан анықталған.

Арнайы жасақталған бақылаушы мамандар тестілеу барысында смартфонмен қатар, рация, Wi-Fi роутер, флешка салынған өшіргіштерді анықтаған.

Атап өтсек, Агенттіктің Түркістан облыстық Департаментінің жанынан қүрылған Арнайы мониторингтік топ мүшелері алдағы уақытта да өңірдегі сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуда және оған жол бермеуде жүйелі жұмыстарды әріқарай да жүргізетін болады.