• 3 декабря, 2024 5:26 пп

Түркістан: Елімізде парақорлықпен сотталғандарды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды

Автор:admin

Дек 25, 2020

 

Ағымдағы жылғы 19 желтоқсан күні Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Бүгін, аталған Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайында баспасөз брифингі өтті.
Брифинг спикері Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ғабит Жүндібаев болды.

Баспасөз жиынында Ғабит Өмірәліұлы Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер ішінде «құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және пара алушы делдалдардың сыбайлас жемқорлығы үшін жауапкершілік қатаңдатылғаны, шетелдік банктерде шоттарды иелену бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеу енгізілгенін» — атап өтті.

Басқарма басшысы өз сөзінде «мемлекеттік қызметшілерге, Парламент депутаттары мен судьяларға шетелдік банктерден шоттар ашуға және иеленуге тыйым салынды. Мемлекеттік қызметшілерді лауазымға тағайындау кезінде оларға шетелдегі шоттарын жабуға 6 ай берілетін болады. Жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілерге келсек, оларға да Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан шетелдік банктердегі шоттарын жабуға 6 ай берілетінін» — мәлімдеді.

Егер мемлекеттік қызметші шетелдік банктегі шотты жапқысы келмесе және мемлекеттік қызметтен кетуге ниет білдірсе, онда ол өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш беруге құқылы екенін түсіндіріп өтті.

Спикер баспасөз жиынын «сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасап сотталған тұлғаларға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану алынып тасталғанын және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жемқорларды ұстау шарттары өзгертілгенін» айтып қорытындылады.

Автор: admin