• 22 апреля, 2025 11:08 пп

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕУРОПАЛЫҚ ИММУНДАУ АПТАЛЫҒЫ ӨТЕДІ

Автор:admin

Апр 22, 2025

Түркістан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының ұйымдастыруымен 27-сәуір мен 3-мамыр күндері аралығында еуропалық иммундау апталығы өтеді. Қазіргі таңда 2005 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының ұсынысы бойынша қолға алынған шараға дайындық жұмыстары күшейтілген. Бұл жайында Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Инфекциялық және паразиттік ауруларды бақылау бөлімінің басшысы Азамат Тілес БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Апталық жыл сайын сәуірдің соныңда тұрғындарды иммундаудың маңыздылығы жөнінде хабардар ету мақсатында өткізіледі. Бұл науқан халықтың жұқпалы аурулардың екпе профилактикасына оң көзқарасын қалыптастыруға, адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатын сақтау, өмір сүру ұзақтығын арттыру үшін иммундаудың маңыздылығын насихаттауға бағытталған. Иммундау — жыл сайын миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалады»- деді Азамат Файзуллаұлы.

Ағымдағы жылдың 3 айында ұлттық егу күнтізбесі аясында облыс бойынша халықты профилактикалық егумен қамту жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен, екпеден бас тартушылар саны азаймай, қауіпті инфекциялардан эпидемиологиялық ахуалдың асқынуы байқалып отыр. Бұл жайында Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас иммунологы Жадыра Ерсұлтанова мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірдегі есепке алынған егуден бас тартушылар саны 864 адамды құрап отыр.

Айта кетейік, жоспарлы егулер жыл бойы емханалар мен мектептердегі медициналық кабинеттерде тегін жүргізіледі. Вакцинация үшін егілушілердің немесе ата-аналардың жазбаша келісімі болуы міндетті және дәрігердің тексеруінен кейін рәсімделуі керек. Вакцинациядан кейін егілушілер 30 минут медициналық ұйымда бақылауда болады.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Автор: admin