• 19 марта, 2025 5:29 пп

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КОНГО-ҚЫРЫМ ГЕМОРОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗБАСЫНА ҚАРСЫ ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Автор:admin

Мар 19, 2025

 

Түркістан облысында өткен жылы кене шағып медициналық ұйымдарға 1 416 адам қаралған. Оның ішінде Конго-Қырым геморогиялық қызбасы диагнозымен 11 науқас тіркелген. Бұл туралы Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов брифингте мәлімдеді.

«Қауіпті ошақтарда эпидемияға қарсы және жұқтыру көзін анықтау мақсатында эпидемиологиялық, зоопаразитологиялық тексеру жұмыстары толық жүргізіліп, қоражайлар мен ауылшаруашылық малдарынан барлығы 3 468 кене жиналды. Зерттеу қорытындысы бойынша 16 сынамадан Конго-Қырым геморогиялық қызбасы ауруының қоздырғышы анықталды. 2024 жылы облыстық зоопаразитологиялық топ құрамдарымен 781 елді мекенде барлау жұмыстары жүргізіліп, барлығы 62 918 дана кене жиналып, зерттеу қорытындысы бойынша 136 сынамадан аталған ауру қоздырғышы анықталды»-деді спикер.

Сонымен қатар, брифинг барысында Түркістан облысы бойынша дезинфекция орталығы филиалы директоры міндетін атқарушы Сәуле Сапарова Конго-Қырым геморогиялық қызбасы ауруының алдын-алу шараларының қалай жүріп жатқандығы туралы баяндады.

«Облыс бойынша елді-мекендердің санитариялық қорғаныш аймақтарында залалсыздандыру жұмыстары осы жылдың 26 наурызынан бастау жоспарланған. Дезинсекциялық іс-шаралар қажетті деген 124 елді мекенде жүргізіледі. Тағы бір айта кететін жайт, ауа-райының өзгеруіне байланысты залалсыздандыру жұмыстарының уақыты өзгеруі мүмкін»- деді сала басшысы.

Одан бөлек, баспасөз мәслихатында Түркістан облысы Ветеринария басқарма басшысының орынбасары Қайырбек Мейірманов аталған ауруды залалсыздандыру жұмыстарына бағытталған дәрілік заттар және мамандар жайлы ақпарат берді.

«Облыстық ветеринария басқармасы тарапынан «Энзоотиялық» аурулардың алдын алу мақсатында биыл аудан-қала орталықтарындағы сақтау қоймаларына 63,3 тонна «Дизицип» сұйықтығы және 491,1 тонна «Дуэт» ұнтағы жеткізілуде. Іс-шараларды атқаруға арнайы киімдермен қамтылған 1 558 маман жұмылдырылып отыр. Сонымен қатар, қажетті техникамен қамтамасыз етілген. Аталған шара екі кезеңде атқарылып, жыл бойына 3,2 млн бас ірі мал, 10,5 млн бас уақ мал, 30,1 млн шаршы метр буферлік аймақ және 78,3 млн шаршы метр үйіргелік қора-жайлар залалсыздандырылатын болады»-деді сала маманы.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Автор: admin