• 23 ноября, 2024 7:56 дп

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТЕСТІЛЕУДІҢ ӘДІЛ ӨТУІН БАҚЫЛАУШЫ МАМАНДАР ЖІТІ ҚАДАҒАЛАУДА

Автор:admin

Июн 26, 2020

 

Ағымдағы жылдың 21 маусым күні ел аумағында жас түлектердің он бір жылдық білімін сарапқа салатын —   Ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңі басталып кеткен болатын.

Бүгінгі күні білім бәсекесі Түркістан облысында да қарқын алып, 25 маусымға дейінгі мәліметке сәйкес, облысқа қарасты барлық қала/аудандар бойынша өтініш берген 18,5 мың жас түлектің 5 270-і тестілеуді тапсырып шыққандығы белгілі болып отыр.

Бүгінде ұлттық тестілеу барысында  тәртіптік заңбұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын болдырмау мақсатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің қызметкерлері мен облыстық/аудандық Арнайы мониторингтік топ мүшелері бақылаушы маман ретінде қатысып, тестілеудің әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз етуде.

Осыған орай, бүгінгі күнге дейін Түркістан облысына қарасты қала/аудандарда ұлттық бірыңғай тестілеудің ережесі мен талаптарын бұзған 106 талапкер тыйым салынған құралдарды, соның ішінде ұялы телефон, көмекші жазба қағаздар және сымсыз құлаққаптарды пайдаланбақ болғандығы үшін тестілеуден шеттетілген.

Айта кетсек, ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күні еліміз бойынша ең жоғары баллды жинаған талапкер Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданының түлегі Абзал Әбдіманап екендігі белгілі болған еді. Әзірге  облыс аумағы бойынша тіркелген ең жоғары балл 138 болып отыр.

Сондай-ақ, талапкерлер тестілеуге кірмес бұрын дезинфекциялаудың 5 кезеңінен өтіп, аудитория ішінде сақтық шаралары қатаң сақталуда.

Биыл ата-аналарға ҰБТ өткізу пунктеріне келуіне рұқсат берілмегендіктен, оларға тестілеудің өту барысын көру мүмкіндігі онлайн-трансляция арқылы қолжетімді болып отыр. Онлайн көрсетілімді ent-online.kz, ent1-online.kz, edu.mail.kz сайттарына кіру арқылы көруге болады.

Атап кетейік, бітіруші жас түлектердің жоғары оқу орнына түсуіне ықпал ететін ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңі 5 шілдеге дейін жалғасатын болады.

Осы аралықта талапкерлер мен олардың ата-аналарына ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде туындайын заңсыз іс-әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескерте келе, Сіздерді адалдық пен әділдікті серік етуге шақырамыз!

Автор: admin