• 11 ноября, 2024 12:03 дп

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨРТКЕ ҚАРСЫ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Автор:admin

Июн 18, 2024

Түркістан облысында орман және дала өрттерімен күрес және олардың алдын алу барысы қатаң бақылауда. Бүгін аталған мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берілді.

– Өрт пен су тасқынына қарсы күрес облысымыз үшін өте өзекті. Сондықтан аудан, қала әкімдері мен тиісті басқармаларға қауіпсіздік шараларын жауапкершілікпен атқаруды тапсырамын. Жолдың жиектерін жыртып, өртке қарсы минералды жолақтар салу жұмысын шұғыл аяқтаңыздар. Екіншіден, өрт қауіпсіздігіне қажетті техника алу, бекеттер салуға қатысты ұсыныстарыңызды беріңіздер. Зерделеп, маңызына қарай қаржы бөлуге тырысамыз, – деді Дархан Сатыбалды.

Аппараттың апталық мәжілісінде Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Бекболат Төреқұловтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, биыл өңірде орташа ауа температурасы 40 градусты құрап, өте ыстық болмақ. Сондықтан өрт қаупі өте жоғары. Дайын болу керек.

Түркістан облысы аумағында өрт қауіпті кезең басталғалы 478 гектарды құрайтын 1 орман өрті, 187 гектарды құрайтын 64 дала алқаптарының жану жағдайлары тіркелген. Алдын алу жұмыстарының іс-шаралар жоспары бекітіліп, биылғы 10 сәуірде комиссия отырысымен тиісті мекемелер мен ұйымдарға тапсырмалар берілді. Жоспардың орындалу барысы ойдағыдай. Дегенмен бірқатар мекемелер мен ұйымдардың орындау көрсеткіштері ақсап тұрғаны байқалуда. Мәселен, Кентау қаласы мен Бәйдібек, Ордабасы, Сайрам, Созақ, Төлеби, Келес, Отырар аудандарының әкімдіктері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат департаментке түспеген. Сондай-ақ өрттің алдын алу үшін минералды жолақ жырту жұмыстары әлі күнге дейін кейбір аудандарда толық жүргізілмеген.

«ҚазАвтоЖолдың» Түркістан филиалы арқылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 361 шақырымына жолақ жырту жоспарланған. Бүгінде тек 128 шақырымына ғана жүргізген. Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы  облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында тиісті жұмысты жандандыру керек. Бәйдібек, Қазығұрт, Созақ, Сарыағаш аудандарында минералды жолақ жырту жұмыстары өте нашар.

Өңірдегі орман қоры аумақтарында 9647 шақырым жолақ салу жоспарланып, толық орындалған. Орман қоры аумағына рейд жалғасып, бүгінгі күнге 151 тұлға әкімшілік шараға тартылған.

Жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Санжар Бүрлібаевтің айтуынша, дала алқабының жану оқиғалары автокөлік жолдарында жиі тіркелуде. Сонымен бірге егістік алқабында жұмыс істеп жатқан техникалардан шыққан және елді мекендер аумағындағы құрғақ шөптің өрттері де есепке алынған. Тұрғын үйлер мен қоралардан да өрт шыққан. Басым бөлігі – өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталмауынан. Осыған орай, минералды жолақтар жүргізу, қадағалау жұмыстарын одан әрі күшейту қажет.

Облыстық мемлекеттік өрт сөндіру бөлімшелері жоқ елді мекендерде 134 ерікті өрт сөндіру құрылымы бар, адам саны – 7564. Өрт сөндіруге бейімделген техника иелерімен өрт сөндіруге келісімшарттар түзілген.

Түркістан облысы аумағында жалпы 800-ден аса елді мекен орналасқан. Соңғы жинақталған мәліметтерге сәйкес мемлекеттік өрт сөндіру бөлімдері және құрылған маусымдық өрт сөндіру бекеттері 1 527 629 халық тұратын 656 елді мекенді өрттен қорғауда. Өртке қарсы күрес, техникамен, бекетпен қамту жұмыстары жанданады.

Автор: admin