Өңірге жұмыс сапары аясында премьер-министр кешенді әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, бюджеттің тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлайды. Биыл облысты дамытуға республикалық бюджетте 367 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бюджетті нақтылау кезінде тағы 100 млрд теңге бөлінді. «Бұл қаражат инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге және өңірдің агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған. Жыл соңына дейін аз уақыт қалды, сондықтан жоспарланған нәтижелерге қол жеткізу үшін бюджет қаражатын мақсатты және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету қажет» Сонымен қатар, Үкімет басшысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сақталуын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Премьер-Министр қазіргі уақытта кесене айналасында қарқынды құрылыс жүріп жатқанын, оған келушілер саны да едәуір артқанын атап өтті. Осыған байланысты әкімдік ЮНЕСКО мен басқа да халықаралық ұйымдардың ұсынымдарын қатаң сақтауы керек. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін бірінші кезекте өңірдің дамуына серпін беретін жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу жөнінде шаралар қабылдау қажет. Мәселен, биыл облыста 33 млрд теңгеге 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұдан бөлек 1,9 трлн теңгеге тағы 74 жоба талқыланып жатыр. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сыбайлас жемқорлардан алынған қаражат енді мектептер мен оларға қосымша құрылыстар салуға бағытталатын болады. Бүгінгі таңда республика бойынша 100 млрд теңге туралы сөз болып отыр. Қаражат бөлу қараша айында басталады»
Jsk ақпарат орталығы