Өңірде 182 мың көп балалы отбасы. Түркістан қаласында облыстық ата-аналар форумы болып өтті, деп хабарлайды JSK.KZ. Бүгін Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасында «Отбасы. Тұлға. Азаматтық қоғам» атты облыстық ата-аналар форумы болып өтті. Форум Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы және «Түркістан облысының ата-аналар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асты. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Дәулетұлы, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Баян Айтбекқызы, «Түркістан қалалық әйелдер алқасы» ҚБ төрайымы Ұлжалғас Әбенқызы қатысты. Сондай-ақ, кездесуде қоғамдағы түрлі отбасылық психолог, отбасы академиясының негізін қалаушылар мен отбасылық дәрігергерлер өздерінің баяндамасын жасады. Форум Түркістан облысында отбасы инистутын нығайтуға, бала тәрбиесіндегі ата – ананың рөлін арттыруға, балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау және алдын — алу бойынша мәліметтермен ата-аналарды, келген қонақтарды хабардар ету мақсатында ұйымдастырылған. «Халқымыз үшін отбасы ұғымы аса маңызды. Расында әрбір отбасы – тұтас қоғамның айнасы. Отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүр сақталған Түркістан өңірі демографиялық өсім бойынша көш бастап келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік және қоғамдық институттар тарапынан отбасылардың әл–ауқатын арттыру бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр. Біз жылдағы дәстүрмен облысымызда кезекті «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын бастадық. Бұл шын мәнінде нағыз халықтық қолдауға ие ұлттық жобаға айналды. Бүгінде кейбір БАҚ елімізде отбасылық құндылықтардың өзгергенін жазып жатады. Дегенмен, шын мәнінде, біздің қоғамда үлгі болатын отбасылар өте көп. Әртүрлі жобалар мен байқаулар бізге осыны көрсетіп келеді. Қуатты мемлекет те, ынтымағы жарасқан қоғам да – ең алдымен бірлігі бекем, берекесі мол отбасынан құралады. Өнегелі отбасылар – ертеңгі ел басқаратын зиялы азаматты да тәрбиелейді, бәсекеге қабілетті қоғамды қалыптастырады»,- дейді Бейсен Дәулетұлы. Айта кетсек, өңірімізде отбасылар саны 400 мыңға жуық, оның ішінде 182 мың көп балалы отбасы. Бүгінгі таңда облыста халық саны 2 млн. 125 мың адамды құрайды. Яғни, 2022 жылғы 1 мамырмен салыстырғанда 31,6 мың адамға немесе 1,5%-ға өсіп отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», деген болатын. Президенттің осы сөзінен халық пен биліктің ортақ мүдде шеңберінде бірлескен іс-қимылының маңыздылығын түсінеміз. Себебі, азаматтық қоғамның белсенді болуы, әлеуметтік-экономикалық дамудың, демократиялық құндылықтардың ел игілігіне айналуының негізі болары анық. Бүгінгі заманның өлшемімен қарағанда азаматтық қоғамы дамымаған елдің, заман талабы мен уақыт сұранысына сай дамуы да қиын сыңайлы. Жалпы, азаматтық қоғамның мықты болуы үшін, ата-ана баласына жастайынан жоғары азаматтық принциптерге сәйкес дұрыс тәрбие бергені жөн деп ойлаймын. Азаматтық қоғам мықты болса – мемлекет әрқашан да мықты. Егер билік мықты болып, азаматтық сезім төмен болса, бұл елдің болашағы бұлыңғыр болатын секілді. Тиісінше қайратты, жігерлі азаматтық қоғам қалыптастыру – азаматтық қауымдастықтың басты миссиясы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақсы айтып жүр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастырып, азаматтық қоғамды дамытуға жол салынбақ. Енді соны әрі қарай дамыта түскен орынды іс болмақ. Себебі, барлық дамыған, демократиялық мемлекеттер мұны әлдеқашан түсінген. Оларда қайратты азаматтық қоғам қалыптасқан. Азаматтық қоғам – демократия дамуының көрсеткіші. Бұл – халықтың қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-рухани және саяси мәдениеті. Осы идея аясында бірлескен, құрылған қоғамдық ұйымдар – азаматтық қоғамның күре тамыры. Азаматтық қоғамның жұмысы кемелденген кезде барлығымыздың өміріміз мазмұнды деңгейге көтеріледі деген ойдамын. Қазіргі таңда елімізде азаматтық қоғам қалыптасу үстінде. Дегенмен соңғы 5-10 жылдың ішінде еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың саны артты, қамтитын бағыттары кеңейді. Азаматтық қоғам институттарына үкіметтік емес ұйымдардан бөлек, саяси партиялар, еріктілер қозғалысы мен қайырымдылық қорлар да жатады. Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан қоғамдық ұйымдардың дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Президент өз Жолдауында ел экономикасын дамытуды күшейту үшін саяси модернизация жасап, сол арқылы осы қоғамдық ұйымдарды және азаматтық секторды көбірек тарту қажеттілігін айтқан болатын. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан да тиісті іс-шаралар, арнайы тұжырымдамалар қабылдануда. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтқан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы да қоғаммен байланыстың маңызды екенін көрсетіп отыр. Бұл формуладан халықпен кері байланыстың маңызды екенін, азаматтармен кері байланыс арқылы олардың сеніміне ие болатынын көреміз. Әрбір мемлекет, оның ішінде атқарушы орган азаматтық қоғамды дамытуға мүдделі. Себебі, азаматтық қоғам – серіктес ретінде саналады. Әсіресе шешім қабылдау кезінде көптеген көзқарасты ұсынады. Ал серіктес ретінде шешімнің әрі қарай жүзеге асуына көмектеседі. Мемлекеттік органның барлығы белгілі бір мәселеге бірдей қарауы мүмкін, ал азаматтық қоғам институттары білім, медицина, әлеуметтік қорғау сияқты әртүрлі саладағы топтар болғандықтан жан-жақты көзқараста болады. Сонымен қатар, олар жергілікті мәселелерді жақсы біледі. Осылайша үкімет пен мемлекетке ақпаратты тез жеткізе алады. Атқарушы орган мұндай топтарды ақпаратты алу, ортақ шешім қабылдауға пайдалана лады. Қорыта айтқанда, әлемде азаматтық қоғамы дамыған елдер, алға қарай қадам басып, дамыған елдер. Себебі, азаматтарының көзқарасы мен пікірлеріне құлақ асатын билігі бар азаматтық қоғам — ең жақсы қоғам. Жалпы теориялық тұрғыдан алғанда, «азаматтық қоғам» дегеніміз…» деп ары қарай жалғастырып кете беруге болады. Бірақ мәселе мынада: біз оны қалай түсінеміз? Әрине, көп ретте сарапшылар мұны екі нәрсеге бөлетіні жасырын емес. Атап айтар болсақ, жеке адамның мүддесі және қоғамның мүддесі. Рас, жеке адамның мүддесінің қандай болатыны түсінікті. Ол әрине өмірлік мақсаттарға жету, мамандық алу, үйлену, бақуатты өмір сүру секілді тұрмыстық жеке мақсат-мүдделерді құрауы мүмкін. Ал қоғамның мүддесі ше? Негізі қоғамның мүддесі жеке мүддеден биік тұруы қажет. Ал қоғам мүддесі деген не? Ол — анығына келгенде, мемлекеттің қалыптасуы. Кез келген адам қоғамда болып жатқан процестерге бей-жай қарамауы тиіс. Ол қандай процестер болуы мүмкін? Біздің өмірден түйген топшылауымызды таразыға салар болсақ, жеке дара адам болып жатқан оқиғаларға қоғамдық-саяси көзқарасын білдіргенімен, соншалықты нәтижеге жете алмауы мүмкін. Сол үшін не істеуі керек? Мұнан шығатын тұжырым: Адамдар топтасып, қоғамдық бірлестіктер, қозғалыстар немесе мүдделері мен көзқарастары бір-біріне жақын партия құруы мүмкін. Мұндай жағдайда, тарихтан көрініп тұрғандай адамдардың жеке мүддесі қоғам мүддесіне ұласады. Ал азаматтар қоғам мүддесі үшін ортақ көзқараспен жұмыс істеген жағдайда мемлекет те дамиды, демократиялық құндылықтар да нығаяды. Жеке тұлға негізі топтасқан азаматтарды соңынан ертуі мүмкін. Бірақ мұның барлығы заң аясында өрбіп, дамып жатса, онда демократиялық құндылықтардың дамығаны. Адамдардың саналы түрде ортақ мақсатқа бірігуі қоғамда азаматтық белсенділіктің артуына себепкер болады. Ал азаматтық белсенділіктің артуы қоғамның, мемлекеттің құқықтық тұрғыда дамуына алып келеді. Жалпы біздің Конституциямызда басты міндет етіп, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құру керектігі тайға таңба басқандай айқын көрсетілген. Бұл мемлекет үшін, жалпы биліктегі мемлекеттік қызметкерлерге қатысты және үлкен жауапкершілігі бар құндылық. Ата Заңымызды Қазақстанда тұратын азаматтардың саяси ой-еркін бостандығы мен құқықтары, бәрі атап көрсетілген. АтаЗаң азаматтардың еркін өмір сүруіне кепілдік беріп отыр. Сондықтан да азаматтық қоғамның қалыптасып, нығаюына ең алдымен азаматтардың өздері себепкер бола алады. Азаматтардың қозғалыс, бірлестік немесе партия құрып өз көзқарасын білдіруі немесе халық пен мемлекет арасындағы қарым қатынас, мұның барлығы азаматтық қоғамның негізгі белгілерінің бірі. Бірақ қалай айтқанда азаматтардың саяси мәдениеті заң шеңберінен асып кетпеуі керек. Сонда ғана біз зайырлы, құқықтық әлеуметтік мемлекет құра аламыз. Конституция атап көрсетілгендей, «ең қымбат қазына — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Ал мемлекет қашан да тұрақты түрде азаматтардың еркін әрі қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз етіп отырады. Сондықтан азаматтық қоғам мен мемлекет бір-бірін толықтырып қатар дамып отырса, елдің іргесі бекиді, тәуелсіздік нығаяды. Үкіметтік емес ұйымдардың белсенді және тәуелсіз қоғамдастықтарын құру тәуелсіздіктің маңызды жетістіктерінің бірі болып табылады. Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының қоғамдастықтары 1990-шы жылдардың аяғынан бастап ауыр әлеуметтік-экономикалық ахуал жағдайында қарқынды дами бастады. Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы үкіметтік емес сектордың қалыптасуы мен дамуы туралы JSK.KZ порталына саяси ғылымдар кандидаты, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Б.Р. Шериязданов айтып берді. Қоғамдық қатынастардың өзгеріп отыратын жағдайларына, ішкі саяси жағдайдың өзгеруіне жауап ретінде мемлекет тиісті құқықтық және институционалдық базаны қалыптастыруға кіріседі. Азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл мемлекеттік қолдау құралдарын жетілдіру, азаматтық сектордың орнықтылығы үшін жағдайлар жасау арқылы жүзеге асырылады. Азаматтық қоғам, кез-келген институт сияқты, ең алдымен оның қызметін қамтамасыз ету үшін заңнамалық реттеуді қажет етеді. Осы жылдар ішінде Қазақстан Республикасының азаматтық қоғам саласындағы негізгі заңдары қабылданды, олар – Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Саяси партиялар туралы», «Кәсіптік одақтар туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мен сыйлықақылар туралы», «Қоғамдық кеңестер туралы», «Бейбіт жиналыстар туралы» Заңдары. Елімізде азаматтық қоғамның қалыптасуы Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрініс тапты. Ол азаматтық қоғам институттарын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған заңнамалық және өзге де құқықтық актілерді жетілдіру, одан әрі әзірлеу және қабылдау үшін негіз болды. Жоғарыда аталған құжаттар ең жақсы тәжірибелерді жүзеге асыруға және бүгінгі күні қолдау көрсетілетін дәстүрлерді енгізуге мүмкіндік берді. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстанның азаматтық қоғамы тұрақтылық пен институционалдық дәстүрлерді сақтауда мемлекеттің сенімді серіктесі болған бірнеше ұйымнан тұтас институтқа дейінгі жолдан өтті. Азаматтық қоғамды қалыптастыру Елбасы Н. Назарбаев негізін қалаған және Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев тұрақты түрде дамытып келе жатқан мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі болып табылады. Азаматтық сектор дегеннің не екенін анықтау маңызды. Ұлттық заңнамада «азаматтық сектор» деген анықтама жоқ. Әдетте бұл ұғым «үкіметтік емес сектор», «үшінші сектор», «ҮЕҰ-сектор» және т. б. сияқты анықтамалардың синонимі ретінде пайдаланылады. «Неге үшінші сектор?»,- деген сұрақ туындайды. Себебі мәні жағынан басқа екеуімен тең -мемлекеттік және коммерциялық. Ол сонымен қатар азаматтық, себебі азаматтық қоғам институттары мен үкіметтік емес ұйымдарды қамтиды. Азаматтық қоғамды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасында азаматтық қоғам адамға азаматтық құқықтарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін және қоғам мүшелерінің әр түрлі қажеттіліктері мен мүдделерін білдіретін мемлекеттік емес қоғамдық қатынастар мен институттар жүйесі ретінде түсініледі. Азаматтық қоғам-бұл өздерінің рухани және материалдық қажеттіліктері мен мүдделерін қанағаттандыру үшін бірлестіктерге, қауымдастықтарға, одақтарға, корпорацияларға еркін және ерікті түрде біріккен жеке тұлғалардың экономикалық, әлеуметтік, мәдени, рухани-адамгершілік және басқа да қатынастарының жиынтығы. Дүниежүзілік банктің анықтамасы бойынша: «Азаматтық қоғам қауымдық топтардың, үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіподақтардың, байырғы халық топтарының, қайырымдылық және діни ұйымдардың, кәсіби қауымдастықтар мен қорлардың кең тобына жатады». Тиісінше, азаматтық қоғам кез-келген мемлекеттің табысты дамуының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Соңғы 30 жылда үкіметтік емес ұйымдар желісі 100 ҮЕҰ-дан 22 мыңға дейін өсті. Елде ҮЕҰ-ның жаңа және айтарлықтай күшті бастамалары пайда болды, олардың көпшілігі қоғам үшін қызметтердің кең спектрін іске асыра отырып, табысты жұмыс істеуде. Іс жүзінде азаматтық қоғам институттары жыл сайын мемлекет пен қоғам өмірінің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларында өз қолданысын табуда. Кез-келген қазіргі заманғы мемлекет қоғамның ішіндегі бар проблемаларды шешуге тиімді ықпал ете алатын сенімді серіктестерге мұқтаж. Олардың болмауы қоғамның кез-келген прогрессивті дамуын жоққа шығаратыны белгілі. Азаматтық қоғам ұйымдарының қызметі үшін құқықтық негіздер құрылып, жетілдірілуде. Президент Жарлығымен ұзақ мерзімді перспективада азаматтық секторды дамытудың негізгі бағыттарын айқындайтын жаңа стратегиялық құжат – Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2020-2030 жылдарға арналған Тұжырымдамасы бекітілді. Құжат азаматтық қоғам мен билік органдарының өзара іс-қимылы саласындағы негізгі міндеттер мен басымдықтарды айқындайды. Тұжырымдамада азаматтық сектор қызметін трансформациялау бойынша жаңа тәсілдер көзделген. Тұжырымдамаға енгізілген шаралар кешенін іске асыру 2030 жылға дейін айқындалған. Тұжырымдама екі кезеңде: бірінші кезең 2020-2025 жылдарда және екінші кезең 2026-2030 жылдарда іске асырылатын болады. Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы 6 бөлімнен тұрады, 5 негізгі бағыт айқындалған. 1) азаматтық қоғамды және оның институттарын, оның ішінде қоғамдық-саяси саланы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау; 2) азаматтық белсенділікті қолдау және дамыту; 3) шешімдер қабылдау және мемлекеттік істерді басқару процесіне азаматтар мен азаматтық қоғам институттарының қатысу деңгейін арттыру; 4) азаматтық қоғам институттарының әлеуетін нығайту; 5) Қазақстандағы БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын имплементациялауға азаматтық қоғамды тарту.
Jsk ақпарат орталығы