• 19 марта, 2025 6:18 пп

ТҮРКІСТАН: САУРАНДА «ЭТНО FEST» ҰЛТТЫҚ КИІМ ШЕРУІНЕ 500-ГЕ ЖУЫҚ АДАМ ҚАТЫСТЫ

Автор:admin

Мар 19, 2025

✔️18 – наурыз күні Сауран ауданында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «ЭТНО FEST» ұлттық киім шеруі ұйымдастырылды. Шеру аудан орталығы – Қос мұнарадан Сауран ауданы әкімдігі алаңына дейін жалғасты. Бұл шараның басты мақсаты – ұлттық киімді ұлықтап, жас ұрпаққа насихаттау, сондай-ақ, ата-баба мұрасын сақтау мен дәріптеу.
✔️Шеруге зиялы қауым өкілдері, ақ жаулықты әжелер, ақсақалдар, Сауран ауданы әкімдігіне қарасты қызметкерлер, қоғам белсенділері мен мәдениет саласының өкілдері белсене қатысты. Ақсақалдар бата беріп, ұлттық домбыраның күмбірлеген әуенімен ән шырқалып, жиналған көпшілік қазақы киім үлгілерін паш етіп, мерекелік рухты сезіндірді.
✔️Қатысушылар сәні мен салтанаты жарасқан ұлттық шапан, камзол, сәукеле мен тақия киіп, қазақ халқының бай мәдени мұрасын жаңғыртты. Ұлттық нақыштағы киім үлгілері шерудің айрықша сәнін келтірді. Шеру соңында аудан әкімінің кеңесшісі Мұхаммеджан Ергешбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық дәстүрді дәріптеудің маңыздылығын атап өтті. Ол өз сөзінде қазақ халқының киім үлгілері – тек сәнді киім ғана емес, ғасырлар бойы сақталып келе жатқан тарих пен мәдениеттің айнасы екенін айтты.
✔️Шара барысында ақжаулықты әжелер қауымына ұлттық нақыштағы оюланған шапандар тарту етілді. Бұл ерекше сыйлық – Сауран ауданының тігін шеберлерінің қолынан шыққан ұлттық брендтің көрінісі болды. Ұлттық нақыштағы шапандарды табыстау арқылы ұлттық өнер мен қолөнерді дамытуға қолдау көрсетілді.
✔️Бұл бастама аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен жүзеге асырылды. Қонақтар мен қатысушылар осындай ұлттық құндылықтарды дәріптейтін шаралардың маңыздылығын ерекше атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Сауранда өткен «ЭТНО FEST» шеруі – тек ұлттық киімді насихаттау ғана емес, қазақ халқының салт-дәстүріне, мәдениетіне деген құрметтің белгісі болды. Мұндай игі шаралар жас ұрпаққа рухани тәрбие беруде, ұлттық сананы қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Автор: admin