• 23 ноября, 2024 12:20 пп

Түркістан: Соңғы 3 айда мемлекеттік сатып алу саласына жүргізілген мониторинг нәтижесімен 103 млн. теңге үнемделді

Автор:admin

Апр 8, 2022

 

Бұл туралы «Ашық есік күні» шарасында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет осы жылдың 3 айында «Бірыңғай сатып алу терезесі» веб-порталының ақпаратын талдау арқылы мемлекеттік сатып алулар жүйесіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілген кезекті мониторинг нәтижесімен 103 075 054 теңге үнемделгенін жеткізіп, мемлекет қаражатын тиімсіз мақсатта жұмсауға ниеттенген мекемелерді атап өтті.

Ол өз сөзінде Сауран аудандық ішкі саясат бөлімі аса қымбат бағамен принтердің 5 данасын 44 642 855 теңгеге (1 данасын 8 928 571 теңгеге) сатып алуды және Түркістан облыстық әкімдігінің істер басқармасы әжетхана тазалағыш құралының 150 данасын 7 657 950 теңгеге (1 данасын 51 053 теңгеден) сатып алуды жоспарлағанын мәлімдеді.

Бұдан бөлек, Ордабасы аудандық тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі инспекциясының «Темирлан благоустройство» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 1 аялдаманы жасап орнату үшін 17 857 140 теңгеге сатып алуды көздегенін баяндады.

Сондай-ақ, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің «Резерв» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны ҚР Президентінің тапсырмасымен 180 күн мерзімге мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті бағалар белгіленгеніне қарамастан, 493 тонна жаздық дизель отынының 1 литрін — 276 теңгеге (жаздық дизель отыны литріне — 230 теңге) бағалап, дизель отынын жалпы сомасы 25 470 395 теңгеге сатып алуды жоспарлағанын жеткізді.

Айта кету қажет, Департамент тарапынан жолданған ұсыныс хаттан соң, асыра жоспарланған баға медиандық баға тұрғысынан қайта қаралып, 103 млн. теңге үнемделді.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы мемлекеттік сатып алулар жүйесіне жүргізілген мониторинг нәтижесімен 522 039 999 теңге үнемделген болатын.

Jsk ақпарат

Автор: admin