• 24 ноября, 2024 6:27 дп

ТҮРКІСТАН: 30-ҒА ЖУЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Автор:admin

Сен 8, 2023

Түркістанда облыс әкімдігі жанындағы өңірлік инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан және енді қолға алынатын жобалар талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды әрбір инвестордың пікірін тыңдап, жобаға қатысты мәселелер бар-жоқтығын сұрады. Әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін, бірақ, инвесторлар да өз жобаларын созбалаңға салмай уақтылы аяқтауы тиіс екенін жеткізді.
– Облыс әкімдігі, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қандай көмек керек болса, ол қолдау көрсетіледі. Ең бастысы, жұмыс жоспарға сай жүргізіліп, өндіріс орындары ашылуы тиіс. Әрбір жоба бойынша жауапты инвестормен жол картасы жасалады. Біздің тараптан және олардың тарапынан атқарылатын жұмыстардың орындалу мерзімі көрсетіледі. Егер жол картасындағы жоспардан кешіксе және жерді алып, пайдаланбайтын болса, басқа инвесторлармен келіссөз жүреді. Әр жобаның басшысымен жүзбе-жүз кездесіп, талқылап, қолдау көрсетуге дайынбыз. Жеңілдетілген несиелер бойынша да жауапты қаржы ұйымдарымен жұмыс жүргізіледі. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдіктері жер, инфрақұрылым мәселелері бойынша инвесторлармен тұрақты байланыста болыңыздар. Өңірде жаңа жұмыс орындарын көбейту – басты міндет, – деді дархан Сатыбалды.
Мақтаарал ауданында мақта кластерін дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Өзбекстандық «Global Textile» компаниясның директоры Музаффар Разаков кластерді дамытуға қажетті, ал, «Каз-Травертин» ЖШС-нің өкілі Бәйдібек ауданында травертин және қыш өнідірісі жобаларын жүзеге асыруға қажетті жер керек екенін айтты. Облыс әкімінің тапсырмасымен бұл мәселелер жақын арада шешілетін болды. Ал Шардара ауданында салынып жатқан жүгеріні терең өңдеу зауыты биыл күзде жүгері қабылдай бастайды. Бұл туралы жоба жетекшісі Шухрат Курбанов мәлімдеді.
Сайрам ауданында халықаралық талапқа сай «Gen Group Kazakhstan» жылыжайы жұмыс істеп жатыр. Мұнда көкөніспен қатар банан өсірілмек. 30 адам жұмыспен қамтылған. Сарыағаш ауданындағы «Бес Қара» ЖШС-нің мал бордақылау алаңы мен мал сою бекетінің де құрылысы жоспарға сай жүруде. Инвестштаб отырысында Түлкібас және Сауран аудандарында құс фабрикасын салу жобалары да талқыланды.
Созақ ауданында 250 адамды жұмыспен қамтитын күкірт қышқыл өндіру зауыты салынады. Оның жүзеге асу барысы сараланды. Сонымен қатар Ордабасы, Түлкібас, Төлеби, Шардара аудандары мен Кентау, Түркістан қаласында жүзеге асатын жобалар, салынатын зауыттар мен өндіріс орындарына қатысты инфрақұрылымдық түйткілдер де тарқатылды. Жалпы отызға жуық жоба қаралып, облыс әкімі тарапынан тиісті тапсырмалар берілді. Олардың арасында тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт, киім фабрикасы, қарқынды бау, сусындар шығару, бу-газ станциясы, көкөністі терең өңдеу және өзге де инвестжобалар бар. Ал бір инвестор Түркістанда заманауи аквопарк ашқысы келетінін жеткізді. Әрбір жоба бақылауға алынып, елге тиімділеріне тиісті қолдау көрсетіледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Автор: admin