• 19 сентября, 2024 11:48 пп

Төтеншеліктердің құрметі

Автор:admin

Сен 11, 2024

Отбасы – бақыт мекені. Оның құрметіне 2013 жылы елімізде бекітілген Отбасы күні жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде тойланып келеді. Атаулы күнді биыл қазақстандықтар 8 қыркүйекте атап өтпек. Бүгінде азаматтық қорғау органында династиясын құрап отырған отбасылар баршылық, солардың бірі — мамандыққа адалдық танытып, қоғам тыныштығы жолында күннің ыстық-суығына қарамастан еңбек етіп, қашан да темірдей тәртіпке бағынатын төтеншеліктер жанұясы туралы айтқымыз келеді. Отбасылық мереке аясында сіздерге династия жолымен жүрген азаматтық қорғау қызметіндегі  Ережеповтар әулетін әңгіме етпекпіз. Полковник Ережепов Уалихан Мелдебекович 1953 жылы 26 қыркүйекте Алғабас (қазіргі Бәйдібек) ауданының Шалдар совхозында туылған. 1971 жылы Москваның Азаматтық қорғаныс әскери училищесіне түсіп, оны 1974 жылы бітірген соң, Түркістан әскери округында 1984 жылға дейін әскери бөлімде әр түрлі қызметтер атқарған. 1981-1986 жылдары Калининградта жоғарғы әскери инженерлік училищесінде әскери инженерлік академияның филиалында оқып, бітірген. 1984 жылы Шымкент облысының азаматтық қорғаныс штабына қызметке ауыстырылған. 1992 жылы Шымкент облысының азаматтық қорғаныс штабының бастығы лауазымына тағайындалған. 1994 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, 2005 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы лауазымына тағайындалып, 2014 жылы сол қызметінен зейнеткерлікке шыққан. 22 жыл үзбей Оңтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар саласын басқарып келген. Ол II дәрежелі «Айбын» орденінің иегері және 30 дан астам ҚР және РФ медальдарымен марапатталған, «Еңбек ардагері»; Шымкент қаласының құрметті азаматы; Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы, ҚР Қарулы Күштерінің құрметті ардагері, Төтенше жағдайлар министрлігінің құрметті ардагері, ҚСРО азаматтық қорғанысының үздігі, Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері. Ұзақ жылдар қызмет барысында көптеген жас мамандарды тәрбиелеп өсірді. Қазіргі уақытта оның шәкірттері Төтенше жағдайлар министрлігінде  басшы қызметтерін атқарса, бірнеше шәкірті Республикамыздың облыстарында төтенше жағдайлар департаменттерін басқарып отыр. Бүгінде оның жолын қызы Эльмира Уалиханқызы жалғастырып келеді. Эльмира Уалиханқызы кішкентайынан әкесінен үлгі алып өскенін айтады: «Біз әкеміздің еңбексүйгіштігін көріп өстік. Анамыз да жұмыста. Уақыт тауып біздің тәрбиемізбен айналысты. Ата-анамыз үйде болған кештерде барлығымыз отбасымызбен бірге отырып, ақ дастархан басына жиналамыз. Сонда әкем дастархан басында балаларына барынша ақылын айтуға тырысатын. Адал болуды, біреудің ала жібін аттамауды, білімді болуға, еңбек етуге үйретіп отыратын. Қазір ойлап отырсам, әкеміз өз жұмысына берілгені соңшалық отбасына арнаған уақытын тек ізгілікті сөздерге, ізгілікті істерге арнаған. Сондықтан бірінші кезекте балаларына өзі үлгі болуды мақсат тұтты. Үйде әкеміз ешкімді жамандамайтын, сын пікірлер, бос сөз айтпайтын. Ашуланғанын да көргеніміз жоқ. Балалық шағымыз түсіністік пен жылулық орнаған ортада өткені үшін ата-анамызға алғысымыз шексіз», — дейді қызы Эльмира. Ережепова Эльмира Уалиханқызы 1975 жылы Шымкент облысы, Алғабас ауданында дүниеге келген. 2000 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, 2011 жылы ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтын бітірген, «Өрт қауіпсіздігі» мамандығын алды. Қазіргі таңда Эльмира Уәлиханқызы Ережепова Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы лауазымында қызмет атқарады. Әке жолын қуып азаматтық қорғау полковнигі шенін де алған. Қызметінде ұқыпты, ұжымында беделі жоғары. Оның тұла бойында тұнып тұрған жақсы қасиеттің бәрі әкесінен дарыған.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin